1992 жыл. Әлі есімде, сол жылы біздің ауылда көктем өте кеш шықты. Мамырдың ортасынан бастап көк енді қылтиып, көктемнің лебі білінгендей болды. Бұрындары ол уақытта көк әлдеқашан қаулап, елдің алды жайлауға қамдана бастайтын еді. Оның бірде-бірі жоқ. Тым-тырыс. Өйткені содан бір жыл бұрын тыныш отырған жұрт ала тайдай бүлініп, Қазақстанға қоныс аудара бастаған еді. Әкемнің қос інісі алғашқы көшпен сол тұстағы Семей облысының Шұбартау ауданына көшіп кеткен. Солардың артынан жүкті буып-түйген біздердің дайындалғанымызға жарты жылдан асып кеткен. Орта мектепте тәп-тәуір оқып жүрген сабақ та жайына қалды. Сондағы айтатын бір-ақ сөз – «Қазақстанға кетем». Балаң көңіл Қазақстанды өзгеше елестетіп, өзгеше суреттейтін. Қайдан білейін, өзім өскен ауылдан айырмашылығы жоқ екенін. Таңның атысынан кештің батысына дейін Күрең қайқының белінен шыққан шаңға телміре қарап отырамыз. Қораның үстіне шығып дүрбі саламыз. Сондағы күтетініміз – Қазақстаннан жүк тиеуге келетін «Камаздар».
Шұбартаудан арнайы шыққан көліктер біздің ауылға шілденің басында бірақ жетті. Бұл кезде үй-жай мен азын-аулақ малды түгелге жуық сатып жібергенбіз. Қолда тек он шақты лақты ешкі мен бір бұзаулы сиыр ғана қалған болатын. Көлік келген күні кешке әлгі малдарды жездеміздің үйіне апарып тастадық. Таң ата жүкті тиеп, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен жылап қоштасып шыққанша түс болды. Мектепте ит пен мысықтай аңдысып жүретін «Қоғамтану» пәнінің мұғалімі келіп, «Қазақстанға кетем, кетем» деп күш бермеуші едің. Айтқаныңа жеттің. Енді бір сөз, ол жақта сені «қазақ» деп емес, «моңғол» деп атайды. Сол сөзге шыдай аласың ба?» деді. Намыс жіберсін бе, «шыдаймын» деп салдым. Бетіме қарап үнсіз күлді де «Қайда жүрсең де аман жүр» деп маңдайымнан сүйді. Тас жүрегім бүлк етпеді. Бірақ мына бір сурет көз алдымнан әлі кетпейді. Жүк тиеген көлік жездеміздің үйінің іргесінен өтті. Сонда..., кешегі апарып тастаған ешкінің төлдері мен бұзау қаз-қатар тізіліп жолдың бойында тұр екен. Бәлкім, өзгелерге өтірік секілді көрінетін шығар, бірақ маған бейнебір қоштасуға келіп тұрғандай сезілді. Теріс қарап көзімнің жасын сығып-сығып алдым. Тас жүрегім жібіп, өкпе –бауырым езіліп кеткендей болды.
«Қоғамтану» пәнінің мұғалімі келіп, «Қазақстанға кетем, кетем» деп күш бермеуші едің. Айтқаныңа жеттің. Енді бір сөз, ол жақта сені «қазақ» деп емес, «моңғол» деп атайды. Сол сөзге шыдай аласың ба?» деді. Намыс жіберсін бе, «шыдаймын» деп салдым.
Біз көшіп келген Байқошқар шағын ғана ауыл екен. Таңғы алты да арып-ашып жеткен біздерді бір тамақтандырып алды да жайлауға апарып тастады. Сол жерден қолыма бишік алып, қой соңында кеттім. Жергілікті жұрт «Сұлушоқы» деп ат қойып, ерекше әспеттейтін төбенің айналасында қой жайып жүріп «Ей, Нұртай, «Қазақстанға кетем, кетем» деп өзеурегенде көремін дегенің осы ма еді?» деймін іштей өзіме сауал тастап. Бірақ бұл өкініштің сұрағы емес болатын. Алайда «Болашақта әдебиетші боламын» деп мектеп қабырғасында қазақтың өлі-тірі жазушыларын түгел тауысып, кітап кеміріп жүрген адам үшін ақ таяқтың ауыр соққы болғаны рас. Сол таяқтан құтқарған «Қайта құруға» мың қайтара рахмет айтамын осы күні. 1994 жылы колхоз-совхоздар тарап, бағып отырған малымыздың бәрі «бартерге» кетіп қалды да, бағатын қой жоқ, амалсыз Алматыға оқу іздеп кеттім.
Құжаттарымды КазГУ-ге өткізіп, емтиханға кірейін деп тұрсам, ата-ананың барлығы «оқуға бала әкеліп тұрсыз ба?» деп сұрай береді. Шамасы, үстімдегі созылып кеткен футболка мен аяқтағы резина сүйретпе, тізесі шығып кеткен көнетоз джинс көздеріне тым оғаш көрінген-ау. Оның үстіне шаш құрғыр да өсіп кеткен еді. Екі жыл далада жүргендіктен, бетім де желқақты болып кетсе керек. Қош, сонымен екі жыл қой соңында жүрсек те, орта мектепте тиіп-қашып жүріп алған іліміміз кәдеге жарап, студент атандық. О баста жасасқан «бес жылдық еңбек келісім шарты» күшін жойып, Қазақстанның азаматы атандық. Содан бері де 24 жыл өтіпті. Рахмет саған, «№711» қаулы.