Мешіттер орысша да уағыз айтуға көшті

Жезқазған қаласының мешітіндегі уағыз. 23 қазан 2013 жыл.

ҚМДБ екітілді уағыз жүйесінің толық іске қосылмағанын, бұл саясатты негізінен орыстілді қалаларда енгізуге күш салатынын ескертеді. Кейбір қазақтілді тыңдаушыларға бұл таңсық көрінді.

Алматы тұрғыны Жасұлан Қуанышбеков қаладағы мешіттердің бірінде аптасына бір рет болатын орыс тіліндегі уағызға барып жүр. Оның айтуынша, мешітте орысша уағыздар өткен жылдың қараша айынан айтыла бастаған.

– Сәрсенбі күні бір сағат орысша уағыз айтылады. Кейде адам аз келеді, кейде көп келеді, әрқалай. Мен үшін орысша айтқаны түсініктірек. Өз басым бұл бастаманы қолдаймын. Себебі өзге дін өкілдері уағыздарын орысша да, қазақша да жүргізе береді емес пе? Ал біз неге енгізбейміз? - дейді ол.

2014 жылдың мамыр айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) орысша уағыз айтатын екі топтың жасақталғанын мәлімдеп, олардың аймақтарда уағыз айтуға кірісетінін хабарлаған еді.

«ОРЫС ТІЛІ ТЕК ҚҰРАЛ»

ҚМДБ өкілдері мұндай қадамға баруына «өзге жат ағымдарға орыстілді қазақ жастарының көптеп тартылуы» және орыс тіліндегі уағыздарға «сұраныстың көбеюі» себеп болғанын мәлімдеген. ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде орыстілді уағызшылар тобы аймақтарды аралауға кірісіп кеткен.

Орыс тіліндегі Құран. Сурет мeshit.kz сайтынан алынды.

«Бұл мешіттерді орыстандыру саясаты емес. Біз орыс тілін уағыздарымызды халыққа жеткізудің құралы ретінде пайдаланып отырмыз. Өзге жат ағымдарға кеткен қазақ жастарының көбі – орысша тәрбиеленгендер. Осыларды өзіміздің дәстүрге бағыттау үшін, дәстүрлі исламға (ҚМБД мен дін істері комитетінің түсіндіруіндегі Қазақстанның ресми исламы – ред.) шақыру мақсатында ғана орыс тілін пайдаланып жатырмыз» деді аты-жөнін атамаған басқарманың баспасөз өкілі Азаттық тілшісіне.

ҚМДБ екі тілді уағыз саясатын Қазақстанның барлық мешіттерінде емес, негізінен орыстілді тұрғындар көбірек шоғырланған солтүстік аймақтарда ұстанбақ. Ең басында қазақша уағызға берілген уақыттың соңғы бес-он минутында ғана орысша уағыз айтылады.

ИМАМДАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

ҚМДБ-ның екі тілде уағыз айту бастамасына қатысты мешіт өкілдерінің өз ішінде әртүрлі көзқарас туды. Жезқазған қаласындағы орталық мешіттің наиб имамы Айтжан Аққошқаров мешітте орысша уағыздар өте сирек – «тек Қарағанды жақтан адамдар келген кезде айтылатынын» жеткізеді. Оның сөзінше, «мешітте орысша уағыздар айтыла бастаса, жамағат ренжиді».

Орталық мешіттің екінші қабатынан уағыз тыңдап отырған жігіт. Алматы, 15 тамыз 2012 жыл.

– Орыс тілінде тыңдайтындар бар ғой. Бірақ ақсақалдар «қазақша айт» деп ренжиді. Екі-үш жыл бұрын әр бейсенбі сайын орысша айтылатын. Қазір тұрақты түрде айтылып жүрген жоқ, - дейді ол.

Мешіт қызметкері сөз арасында мұндай бастаманың «аса пайдалы бола қоятынына» да сенімсіздік танытты.

– Орысша айт, қазақша айт – олар («дәстүрлі емес ағымдарға өтіп кеткен» тұрғындар – ред.) бәрібір тыңдамайды ғой. Олар өздері бір жерде жиналады. [Орталық мешіттегі] имамның уағызын тыңдамайды, - дейді ол.

Ал Алматы қаласындағы Таугүл мешітінің есімін атамаған қызметкері керісінше, «егер орысша үгіт-насихат айтылса, жастарды радикалдық діни ағымдарға кетуден сақтап қаламыз» деп ойлайды.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ РЕАКЦИЯСЫ

Өткен жұма күні Астана қаласындағы «Нұр-Астана» мешітінде уағыздың орысша айтылуы әлеуметтік желіде қызу пікірталастың өрбуіне негіз болды. Уағыздың қос тілде айтылуын қолдаушылар осындай жолмен «радикалданудан сақтануға болатынын» уәж етеді. Оған қарсылар – қазақ тіліне деген сұраныс діни институттарда азайып кетеді деп қауіптенеді.

Қадір түні орталық мешітке келген жамағат уағыз тыңдап отыр. Алматы, 15 тамыз 2012 жыл.

Facebook қолданушысы Fazylbek Absattaruly «әркімнің көңіліне қарап, соның тілінде сөйлеуді доғару керек» деп санайды.

«Қазақстанның азаматтары қазақша түсінбейді деген қате түсінік. Мейлі ол қай ұлттың өкілі болса да, мектепте қазақ тілі пәнін оқыды ғой. Сөйлей алмаса да бәрі түсінеді...» деп жазады ол.

Ал Nurlan Qabdilhaq есімді қолданушы:

«Мүмкін, Астанада ол (орысша уағыз – ред.) өзекті проблема емес шығар. Бірақ солтүстікте мешітке жұма намазға барсаң, имамды тыңдап отырған адамдар аз болады. Себебі, көбінесе қазақ тілін түсінбейтін мұсылмандар жиналған (ішінде орыстар да көп). Осындай адамдарды радикалдық ағымдардан сақтайық десек, уағызды екі тілде өткізу керек» деп жазды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мұсылмандар арасында орысша да уағыз айтуға шақырған ҚМДБ-ның оппоненті саналатын Қазақстан мұсылмандары одағы ұйымының жетекшісі Мұрат Телібеков Азаттыққа халықтың басқа діни ағымдарға ілесуінің басты себебі уағыздың қай тілде айтылатынына байланысты емес деген пікір айтқан.

Қазақстан мұсылмандары одағы ұйымының жетекшісі Мұрат Телібеков.

– Халқымыздың басқа дінге бет бұруының басты себебі – ресми имамдарымыздың қызметтерін нашар атқаруынан деп есептеймін, - деген Мұрат Телібеков.

ҚМДБ өкілі екітілді уағыз жүйесінің толық жүзеге аспағанын ескертті, ал нақты қанша мешітте орыс тілінде уағыз жүргізілетіні туралы Азаттыққа нақты дерек бере алмады.

Жергілікті діни ұйымның қостілді қоғамның сұранысына жауап беруге талаптануы бір бұл емес. 2010 жылы Қазақстанның православ шіркеуі дәстүрлі түрде орысша айтылып келген уағыздарын қазақша да жүргізіп, брошюралар дайындау туралы жоспарлары барын мәлімдеген. Ол кезде ҚМДБ православ шіркеуінің бұл бастамасына сақтықпен қарап, оны «дәстүрлі ислам дінін ұстанатын қазақтар үшін қауіпті құбылыс» деп сипаттаған еді.