Аналар индексі: Қазақстан – дамушы сексен елдің сегізіншісі

Жеңіс күніне арналған мерекелік шараны тамашалауға келген әйел баласын емізіп отыр. Ақтау, 9 мамыр 2012 жыл.

Бірқатар елдерде мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Аналар күні қарсаңында Save the Children ұйымы әлемдегі аналардың жағдайы туралы кезекті баяндамасын жариялады.

Save the Children қайырымдылық ұйымы 2012 жылғы баяндамасында 165 елдегі аналардың жағдайын салыстырған.

Ұйым бірқатар көрсеткіштер (денсаулық, білім деңгейі, экономикалық ахуал және тамақтану жайттары) негізінде дайындаған баяндамасында осы елдерді үш категорияға – «Дамыған елдер», «Дамушы елдер» және «Дамымаған елдер» деп бөлген.

НОРВЕГИЯДАН НИГЕРГЕ ДЕЙІН

Әлем бойынша аналарға жақсы жағдай жасалған елдер тізімін дамыған мемлекеттер – Норвегия, Исландия, Швеция бастап келеді.

Бұл тізімдегі аналардың жағдайы ең нашар мемлекет – Нигер. Save the Children ұйымының мәліметінше, Сахел аймағындағы азық-түлік дағдарысына байланысты Нигерде миллионға жуық баланың өміріне қауіп төніп тұр.

Соңғы екі жыл бойы бұл баяндаманың соңында Ауғанстан тұратын. Бұл елде

Баласын тамақтандырып жатқан ана. (Көрнекі сурет)

аналардың жағдайы біршама жақсарып, биыл бір сатыға көтерілген. Ана жағдайы нашар деп бағаланған үшінші мемлекет – Йемен.

Балаға емшек берудің маңыздылығын насихаттап келе жатқан Save the Children ұйымы әлемде 171 миллион бала өмірінің алғашқы айларында нашар тамақтанатындығын хабарлады.

Ұйымның дерегіне қарағанда, бала кезінде асқа жарымаған аналардың сәбилері де көбінесе салмағы кем және әлсіз болады.

«Егер ана кедейшілікке батып, жұмыстан әбден қажыса, оған қоса білімі төмен және денсаулығы нашар болса, онда баласын жеткілікті дәрежеде емізе алмайды – бұдан көп проблема туындайды» дейді баяндама авторлары.

ЕМШЕК СҮТІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Бұл баяндамада дамушы елдер санатында аталған Қазақстан аналардың жағдайына қатысты тізімде осы екінші топтағы 80 мемлекеттің арасында сегізінші орында тұр.

Соңғы жылдары Қазақстанда «ана мен баланың жағдайы жақсарғанын» жуықта Қазақстан премьер-министрі мен денсаулық сақтау министрлігінің сайттары да жазған. Алайда тәуелсіз сарапшылар ана мен бала өлімі жайлы «көлеңкеде қалған көрсеткіштер де бар» деп, ол дерекке күмәнданған.

32 жастағы Шымкент тұрғыны Анар Маратқызы «Қазақстанда қыз-келіншектердің көбі ана сүтінің пайдалы екенін жақсы біледі» дейді. Осыдан екі ай бұрын тұңғышын көрген Анар баласын екі жасқа дейін емізбек болып отырғанын айтады.
Анамыз бәрімізді кем дегенде бір жарым жасқа дейін емізген екен. Содан болса керек, денсаулығымыз жақсы.

– Шешем бала емізудің артықшылығын көп айтатын. Біздің отбасымызда екі ұл, үш қыз бар. Анамыз бәрімізді кем дегенде бір жарым жасқа дейін емізген екен. Содан болса керек, денсаулығымыз жақсы. Ана сүтінің артықшылығын дәрігерлер де айтып жатады. Мен де өз балаларымды көбірек емізбекпін, – дейді ол.

Нәрестелерді алты айға дейін тек қана ана сүтімен тамақтандыруға дағдыландырып, одан соң ғана қосымша тамақ берудің артықшылығы ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы бала өліміне арналған баяндамасында да айтылған.