Режиссер мектепте «Кинотану» пәнін оқытуды ұсынады

"Студент" фильмінен алынған скриншот.

Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмі Лиссабон кинофестивалінде жүлде алды. Осыған дейін Канн фестивалінде де көрсетілген бұл туындының режиссері Азаттыққа сұхбат берді.

"Студент" фильмінен алынған скриншот.


«Студент» - 2012 жылғы «Қазақфильмнің» туындысы. Режиссері әрі сценарий авторы - Дәрежан Өмірбаев. Ол қарашаның 20-сына қараған түні Португалиядан келді.

- Былтыр түсірілген фильм. Бірінші осы жылы Канн фестиваліне барды. Одан кейін де бірқатар фестивальдерге барды. «Студенттің» мазмұны Фёдор Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романынан алынған. Соның сюжетін қазіргі Қазақстанның жағдайына келтірдік. Алматының университетінің бірінде оқитын студент қиын жағдайға түсіп, ойына қылмысқа бару келеді. Бір жарым сағаттық туындыны түсіруге 8-9 ай уақыт кетті, - деді режиссер Дәрежан Өмірбаев.

- Фильмнің бюджеті қанша?

- Мен дәл айта алмаймын, оны «Қазақфильм» біледі. «Кіші бюджет» деп те айта алмаймын, бірақ бір миллион долларға жетпейді.

- Лиссабон фестивалінен қандай әсерде қайттыңыз?

- Жақсы әсерде оралдым. Бірақ дәл фестиваль күні жауын жауып, көрермен аз болды. Бұл фестивалдің ерекшелігі - қазылар алқасына киноға қатысы жоқ, алайда өз саласында елеулі еңбек сіңірген адамдарды шақырады екен. Мәселен, қазылар

Кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев.

алқасында Альфред Брендель деген атақты пианист, тағы екі бірдей ғалым, ал актерлерден Фанни Ардан ғана болды. Бұл маған қатты ұнады, себебі «киношниктер» бір-бірін таниды, өзінің қатып қалған шаблондары бар дегендей. Ал мұндағы қазылар көрермен ретінде баға берді.

- «Студент» қандай номинацияда жүлде алды?

- Португалияның атақты киносыншысы Жао Бернард де Коста атындағы арнайы сыйлықты жеңіп алды.

- Өзіңіздің шығармашылығыңыз жайлы айтсаңыз?

- Алғашы «Шілде» фильмімді 1988 жылы түсірдім. Содан бері 6-7 туынды түсіріппін. Қазір Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ беремін. Ал кино түсірген кезде «Қазақфильмдемін».

- Дәрежан мырза, кино саласында біраз тәжірибеңіз бар екен, бүгінгі кинематографияға қатысты не айтар едіңіз?

- Біріншіден, көрерменнің талғамын көтеру керек. Әйтпесе Голливудтың атыс-шабысын көріп өскен көрермен жақсы фильмдерді көрмейді, киноны өнер ретінде қабылдамайды. Меніңше, мұны түзетудің бір ғана жолы бар - мектепте кинотану сабағын енгізу. Бір жылдық бағдарламада кино өнері тарихындағы 100 фильмді көрсетуге болады. Бүгінгі жас кітап алдында емес монитор алдында көп отырады. Сондықтан мұны ескерусіз қалдыруға болмайды. Екіншіден, кино институтын ашу керек. Мәселен, «Студент» қаншама жүлде алып жатыр, бірақ оны бізде оны білмейді.

- Неге?

- «Қазақфильм» экранға шығарып жатқан жоқ. «Неге шығармайсыздар?» десек, «көрермен бармайды мұндай фильмдерге» дейді. Көрермен әбден атыс-шабыс фильмдерге үйренген. Фильм түсіріледі, үкімет ақша бөліп жатыр, бірақ ол көрерменге жетпейді, тек фестивальдерге жіберіледі. Бұл - үлкен проблема. Жақсы фильмдер жоқ емес, бар. Бірақ ондай фильмдер бізге жетпейді. Біздің прокатты жаулап алған - тек атыс-шабысқа құрылған, жеңіл фильмдер. Заман өзгерді, қазір өнер алды - қызыл тіл емес, экран. Соны біз түсінбей жатырмыз.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Қадірлі оқырман, мақаланы автордың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.