Мұрат Телібеков пен Гүлбахрам Жүністің дауы

Өзін Қазақстан мұсылмандары одағы басшысы атайтын белсенді Мұрат Телібеков.

Алматыда бір топ азаматтық белсенді «ұлтаралық араздық қоздырғаны» үшін белсенді Мұрат Телібековті жауапқа тартуды сұрайды. Дау шығуына бар-жоғы белгісіз кітап түрткі болған.

Бір топ азаматтық белсенді прокуратурадан интернетте жарияланған «Көшеден соққан жел» («Ветер с улицы») диссиденттік кітабындағы үзінділерде «қазақ халқы мен оның дініне тіл тигізгені» үшін өзін Қазақстан мұсылмандары одағы басшысы атайтын Мұрат Телібековті жазалауды сұрайды. Алматы прокуратурасына арызды «ұлттық-патриоттық қозғалыстың» бір топ белсендісі және «Желтоқсан-86» қозғалысы жетекшісі Гүлбахрам Жүніс жолдаған.

Дау Мұрат Телібеков «кезінде, 1990 жылдардың басында кітабымды баспадан сол күйі шығара алмадым, ал ал оның интернеттегі нұсқасына қатысым жоқ» деп мәлімдеген кезде қыза түсті. «Әділ сөз» құқық қорғау ұйымы мен қазақстандық ПЕН-клуб Телібековке араша түсті.

БАСТЫ КЕЙІПКЕРЛЕР

Мұрат Телібеков жұртқа Қазақстан мұсылмандары одағы ұйымы атынан жасаған оқыс мәлімдемелерімен танылған. Бұдан ертеректе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Мұрат Телібековтің өзін Қазақстан мұсылмандары басшысы деп атауға және өмірде жоқ осы ұйым атынан сөйлеуге құқығы жоқ» деген мәлімдеме таратқан.

Биыл көктемде Телібеков өз кандидатурасын президент сайлауына ұсынуға тырысқан. Наурыздың 16-сы күні Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жанындағы лингвистикалық комиссия президенттікке кандидат ретінде тіркелуден үміткер Мұрат Телібековтен қазақ тілінен емтихан қабылдаудан бас тартқан. ОСК Телібеков «жалпы емтихан тапсыру ережелерін орындаудан бас тартты» деп мәлімдеген. Өйткені ол емтиханды бірінші тапсырма (таңдаған билетте көрсетілген тақырып бойынша шығарма жазу) емес, әуелі үшінші, ауызша тапсырмадан бастауды талап еткен.

«Желтоқсан-86» қозғалысы жетекшісі Гүлбахрам Жүніс.

Гүлбахрам Жүніс және «Желтоқсан-86» ұйымының кейбір өкілдері де өткір мәлімдемелерімен танылған және олар 2010 жылы қазан айында Алматыдағы ұлттық баспасөз клубында жанжал шығарған. Ол кезде олар ұлты орыс болғандықтан, кандидатурасын алдағы Қазақстан президенті сайлауына ұсынбасын деген талаппен оппозициялық саясаткер Владимир Козловқа жұмыртқа мен су құйылған бөтелкелер лақтырған.

Егер прокуратура «ұлтшыл патриоттардың» шағымына қатысты іс қозғаса, Мұрат Телібеков пен Гүлбахрам Жүністің тартысы сотқа дейін жетуі мүмкін. Шілдеде бұл іс бойынша Телібеков куәгерден күдікті мәртебесіне ауыстырылған.

«БАР-ЖОҒЫ БЕЛГІСІЗ КІТАП»

Алматы прокуратурасына шағымдану бастамасын көтергендердің бірі, «Желтоқсан-86» қозғалысы жетекшісі Гүлбахрам Жүністің Азаттыққа айтуынша,Телібековтің мақалалары мен оның «Көшеден соққан жел» («Ветер с улицы») кітабындағы қазақ халқы мен оның дінін қорлайтын сөздер белсенділердің ашуына тиген.

- Оның айтуынша, бізде тіл де, дін де, ұлт да болмаған, болашағымыз жоқ халықпыз. Ол тіпті балағат сөздерді қолданған, - дейді Гүлбахрам Жүніс.

Гүлбахрам Жүніс «белсенділердің арызға Мұрат Телібековтің кітабынан үзінділер тіркегенін, оларды шүбәланушыларға да көрсетуге әзір екенін» айтады. Оның пікірінше, өз ұлтыңды, халқыңның мәдениеті мен дінін бұлай менсінбеуге болмайды. Белсенді «мұны Телібековтің өзіне талай айтып, ескерткенбіз» дейді.

Мұрат Телібеков «кітабым сол күйі шықпағандықтан, интернетте әлгі кітаптан үзінділер деп жарияланған мәтіндерге қатысым жоқ» деген уәжбен «дауласуға негіз жоқ» деп мәлімдеді.

Алматыдағы баспасөз жиынында Мұрат Телібеков «жұрт авторы мен деп жүрген мәтін 2014 жылы Zona.kz сайтындағы блог пен файлалмастырғышта жарияланған» деп хабарлады. Бұл жазба өзі 20 жыл бұрын жариялағысы келген кітаптағы мәтін бе, жоқ па - Телібеков білмейді. Өйткені мәтіннің түпнұсқасын көрмегенін және оны интернетте кім жариялағанын білмейтінін айтады.

- «Мен жазды» деп маған таңып жүрген сөздерді айтқан жоқпын. Тергеушіге «кешіріңіз, бірақ 20 жыл бұрын дуалға да жаман сөздер жазғанмын, олай болса, оларды да қайта жаңғыртып, қазақ халқы ғана емес, бүкіл адамзатты қорлады деп айыптаңдар» деп ұдайы айтып келемін, - дейді Телібеков.

Мұрат Телібековтің адвокаты Серік Сәрсенов.

Мұрат Телібековтің адвокаты Серік Сәрсенов Телібековті күдікті ретінде тану туралы қаулыны заңсыз әрі негізсіз деп санайды. Ол дәйектерін Алматы қаласы прокуратурасына жолдаған шағымында көрсеткен.

- Меніңше, тергеушілердің қолында 2014 жылы әлгі ақпаратты сайтқа Телібеков орналастырғанын көрсететін дәлелдер жоқ. Біз клиентті қорғау құқығы аясында «ондай дәлелдерің болса, көрсетіңдер» деген талаппен өтініш бергенбіз. Егер көрсетсе, тиісті уәж келтіріп, қарсы дәлелдерімізді жинар едік. Бірақ бізге көрсетпей отыр, - дейді Серік Сәрсенов.

Прокуратура өкілі Гүлнәр Бердібекованың Азаттыққа хабарлауынша, Мұрат Телібековтің өкілдері жазған шағымдарына жуырда жауап алады.

Егер іс сотқа жетсе, Мұрат Телібеков екі жылдан жеті жылға дейін сотталуы немесе осы мерзімге еркіндігі шектелуі мүмкін. Телібеков «қудалаудың түпкі себебі - белсенді қоғамдық қызметіме байланысты болуы мүмкін» деп санайды.