Ата текті айқындайтын жалғаудың дауы

Қазақстан азаматтығын алғаны үшін квотадан құр қалған Жұмагүл Қыстаубаеваның жеке куәлікте жазылған аты-жөні. 18 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда аты-жөніндегі «-ов» («-ова»), «-ев» («-ева») жалғауын алып тастағысы келетін азаматтар кедергі көп екенін айтады. Бірақ текті қазақша жазудың қазіргі үлгісі де жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейді.

Аймақтық «Отырар» арнасының хабарлауынша, Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбай жақында қол астындағы шенеуніктерге «тегіміздегі «-ов» («-ев») жалғауларын алып тастайық» деген ұсыныс айтқан.

Шымкент қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметінің өкілі Сапаркүл Бекмырзақызының айтуынша, «бұл ұсынысты әкімшілік қызметкерлерінің барлығы қолдағанмен, әзірше ешкім тегін өзгерте қойған жоқ».

«БӨТЕЙ–БУТЕЕВ–БУТЕ»

«Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының төрағасы Марат Бөтеев «-ев» жалғауынан арылғысы келетінін, бірақ әлі өзгерте алмай жүргенін айтады.

Марат Бөтеевтің айтуынша, ол наурыз айында Алматы қаласы Әуезов ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына барған кезде ондағы қызметкерлер «барлық құжаттарды ауыстыруыңызға тура келеді» деп, әуелі тегін ауыстырмауға үгіттеген. Ниетінен қайтпайтынына көзі жеткеннен кейін көші-қон полициясына жіберіпті.

Ал көші-қон полициясы қызметкерлері өтініш берушіге екі түрлі нұсқа ұсынған:

130 жасында қайтыс болған Сахан Досованың Совет кезіндегі паспорты. Қарағанды, 27 наурыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

біріншісі – «Нәукенұлы Марат», екіншісі – «Буте Марат Нәукенұлы».

Марат Бөтеев «алғашқы ұсынысты іске асыруға ұзақ уақыт кететіндіктен келіспегенін, ал екінші нұсқаға қатты ашуланғанын» айтады.

– «Сендер мені мазақ қылып тұрсыңдар ма? Қалай мен «Буте» боламын? «Буте» деген фамилия бола ма?» дедім. Олар «егер Бутейев» деп «й» арқылы жазылып тұрса, ол кезде «Бөтей» болуыңыз мүмкін еді» дейді. Мен «Бөкеевтің» де түбірі Бөкей ғой. Менің атам Бөтей деген кісі болған» десем, «Жоқ, сіз Буте боласыз. Мына жерде сөйтіп жазылып тұр» дейді. Сөйтіп, құжатымның бәрін алып кетіп қалдым, – дейді Марат Бөтеев.

Марат Бөтеев «қызметкерлер қазақтың дәстүрлі тегіне оралу туралы президент жарлығын дұрыс түсінбей отыр» деп ренжиді.

«ҚАЛАҒАНЫН ЖАЗА БЕРСІН»

Тарихшы Бейбіт Қойшыбаев бұған дейін тегіндегі «-ев» жалғауын «ұрпағы» сөзімен алмастырмақ болған екен. Бірақ халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары

Тарихшы Бейбіт Қойшыбаев.

мұның арнайы жарлыққа қайшы келетінін айтып, өтінішін қабылдамаған.

Оның айтуынша, мамандар екі нұсқа ұсынған – «Бейбіт Қойшыбай» немесе «Бейбіт Қойшыбайұлы».

– Мен өзімді қалай «Бейбіт Қойшыбай» деп қоямын? Менің атым қайсы, фамилиям қайсы – белгісіз. Ал «Қойшыбайұлымын» деп өзімді қалай атаймын? Ол менің атам ғой. Мен «Қойшыбай ұрпағы» дегім келеді. «Мен Қойшыбайдың ұрпағымын, солай деп жазып бер» десем, көнбейді. Олай дәлелдеп көрдім, былай деп дәлелдеп көрдім – көнбеді. Сонан кейін бұрынғы нұсқасын сол күйінше қалдырдым, – дейді Бейбіт Қойшыбаев.

Тарихшы Бейбіт Қойшыбаев «текті қазақыландыру» үрдісінде қандай да бір шектеудің болғанына қарсы. Оның айтуынша, «ұрпағы» бола ма, «тегі» бола ма – ол әр адамның өз еркі болуы тиіс. Ал қайсысы қолайлы екенін уақыт көрсетеді.

Оның айтуынша, қазіргі үлгілер адамның тегін дәл көрсетуге аса ыңғайлы емес.

– Соны біркелкі қылудың қажеті жоқ. Қалағанын жаза берсін. Демократия деген сол емес пе? Біртіндеп бәрібір бір ізге түседі. Осыны неге қабылдамайды? Адам ата тегінің кімнен басталатынын өзі белгілегені дұрыс, – дейді Бейбіт Қойшыбаев.

«ҰЛТ ТҰТАСТЫҒЫ»

Ал саясаткер Дос Көшім бұл пікірмен келіспейді. Оның ойынша, аты-жөннің әртүрлі

Саясаткер Дос Көшім. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.

формада болуы «жақсылық әкелмейді». Саясаткердің сөзіне қарағанда, тектің бірыңғай жазылуы – ұлт тұтастығының көрінісі.

– Грузиндердің біреуінде «-швили» болса, біреуінде «-дзе». Біреуінде «-и» бар – Кипяни деген сияқты. Себебі олардың өздері жеке-жеке ұлттардан құралған: свандар, мегриліктер, кахетиялықтар деген сияқты. Бұлардың әрқайсысы жеке ұлт есебінде сақталады. Олардың бөлек-бөлек болуының себебі сонда. Ал қазақ ондай емес қой. Сондықтан бізде бір ғана ата тегіміздің формасы болғаны дұрыс деп ойлаймын, – дейді Дос Көшім.

«-ОВ» ПЕН «-ЕВ»-ТЕН БАСҚАСЫНА ТИІСЕ АЛМАЙМЫЗ»

Алматы қаласындағы халықты құжаттандыру және тіркеу бөлімі өкілінің (есімін айтудан бас тартты) сөзіне қарағанда, қазіргі ереже бойынша «-ов» және «-ев» жалғауларынан арылғысы келетін азаматтар екі түрлі нұсқа таңдай алады. Бірі – тегінің түбірін қалдыру, екіншісі – «-ұлы», «-қызы» деген сөзді жалғау.

– Өткен жылы қарашаның 28-і күні ішкі істер министрлігінің 631-бұйрығы шықты. Негізінде сөздің өзіне – «-ов», «-ев»-тен басқасына тиісе алмаймыз, – дейді қызметкер.

Оның айтуынша, тегін ауыстырғысы келетін адамдар көбейіп келеді – аптасына төрт-бес адам сондай өтініш айтады.