Алматылық Роза Ақболатованың ертегілерінде жағымсыз кейіпкер жоқ. Тек жалғыз ғана негізгі жағымды кейіпкер – Нұрсұлтан бар.
«Бұл – менің ертегілерімнің ерекшелігі» дейді автор. Ертегіші «барлығы алты ертегі барын» айтады, біздің көргеніміз – үшеуі.
БІРІНШІ ЕРТЕГІ: «МЕНІҢ ПРЕЗИДЕНТІМ – АҚ ПАТША»
Роза Ақболатованың «Менің президентім – Ақ патша» деп аталатын «қазіргі заман желісіндегі ертегісі» 2010 жылы жарыққа шыққан.
«Мен бүгін сендерге Нұрсұлтан деген бала жайлы ертегі айтып бергім келеді» деп басталған ертегіде Нұрсұлтан «әкесі 1941 жылы сұрапыл соғысқа кеткеннен кейін дүниеге келгендігі» жайлы жазылған.
Алматы облысының маңындағы бір ауылда тұратын жас келіншек «Алладан сүйіктісінің жеңіспен оралуын, өзіне ұл сыйлауын сұрап, дұға
етті». Күндердің күнінде келіншектің «дұғасы қабыл болады». Ертегіде бұл сәт «әлемнің ғажайып салтанатты шеруі болды» деп суреттелген.
«Дәстүр бойынша қазақтар дүниеге есігін ашқан сәбиге есімді ырымдап қойған... «Нұр» – байлық пен сәттілік, «сұлтан» – жылдың керемет айы. Бұл – белгілі сұлтан, бүгінгі таңда оны «Азамат» деп атайды! Үлкен әріппен жазылатын адам!» дейді ертегі.
Кітапта Нұрсұлтанның жастайынан домбыраға жақын болғаны, әнді жақсы көргені жазылады. Автордың баяндауынша, «жыл он екі ай мектепке жаяу барып, сыныпта жақсы оқыған Нұрсұлтан отанына теңдесіз көмекпен келген».
Бас кейіпкердің Теміртаудағы еңбек жолына тоқталған автор ол жылдардың жас Нұрсұлтанға тигізген пайдасына ерекше тоқталған: «Ыстық жалын оның жүрегінде Құрманғазының әуенін ойнатып, жан дүниесін тебірентетін... Домна пешінің ыстық оты мен темірдің балқыған көрінісі жас азаматтың мінезінің қалыптасуына әсер етті»
Ертегіде ер жеткен Нұрсұлтанның «Украинада әскерде болғаны» бір сөйлеммен ғана айтылған. Дәл сондай жалғыз сөйлем «Сарамен кездескендегі вальс кейіннен үйлену тойына жалғасқанын» баяндайды.
ЕКІНШІ ЕРТЕГІ: «ЕЛБАСЫ – НҰРСҰЛТАН»
Қазақ, орыс және ағылшын тілінде 2011 жылы жарыққа шыққан бұл ертегі «Менің президентім – Ақ патшаның» жалғасы.
Екінші ертегіде ержеткен Нұрсұлттаның «жетістіктері» сөз болады. «Нұрсұлтан әскерде жүргенде сол жердің кішкене балалары шаңғы теуіп
ойнайтынын байқап қалады, сондықтан өз ауылының балаларына шаңғы әкеп беріп, оларға шаңғы тебуді үйретуге сөз береді» деп жазады ертегіші.
Ертегідегі бас кейіпкердің жетістіктерінің бірі – өткен жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ саммиті.
«Бұл – біздің жас, демократиялық еліміз үшін үлкен жетістік. Біздің президентіміздің басты жұмысы – бүкіл әлемдегі бейбітшілікпен келісімді сақтау болып табылады. Бұл құндылықты сәбилердің өзі түсінеді» делінген кітапта.
Ертегіде «тарихта қаларлықтай» болып өткен Қысқы Азиадаға да бірнеше бет арналған екен. Бұл шара «дүниежүзілік телеарналарда трансляцияланып, еліміз бен Елбасымыздың даңқын қайтадан көкке көтерді» дейді автор.
«Құрметті қыздар мен ұлдар, біздің қандай бақытты елде тұратынымызды түсінесіңдер ме?» деп сұрайды автор.
Ертегі «Біздің ең басты жеңісіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігін әрдайым жадыларыңда сақтаңдар! Біздің сүйікті Елбасымыз!» деп аяқталады.
ҮШІНШІ ЕРТЕГІ: «ДАРИҒАШТЫҢ АЛТЫН АЛМАЛАРЫ»
Роза Ақболатованың үшінші ертегісінің кейіпкері – Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға. Автор бұл ертегінің 2006 жылы шыққандығын айтады.
Онда атасы мен әжесінің еркесі болған кішкентай Дариға жайлы
баяндалады. Жастайынан табиғатпен етене өскен Дариғаның туған күніне атасы апорт алмасының көшетін сыйлапты.
Дариға алма ағашын күтіп, баптап өсіреді. Алайда бойжеткен Дариға Мәскеуге кетіп қалғанда ағашы солып, жеміс бермей қояды. Біраз жылдардан кейін Дариға келіп, апорт алмасын қайта жайқалтады.
Бұл ертегі тек орыс тілінде ғана басылыпты. Қолымызға тиген үш кітап та әдемі безендірілген, сапасы да жақсы. Тіпті кейбірінің ішінде президент Назарбаевтың мектепте оқып жүрген, мектеп бітірген, жұмыс істеп жүрген кездеріндегі суреттері бар.