Зорлыққа қарсы ұйымнан жанжал шықты

Жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы "НеМолчи.kz" қозғалысының жетекшісі Дина Смаилова.

Кейінгі кезде «НеМолчи.kz» жаңа құрылған құқық қорғау ұйымына қатысты жанжал көбейіп барады. "НеМолчи.kz" қозғалысы зорлық-зомбылық құрбанына айналған әйелдердің құқығын қорғаумен айналыса бастаған еді. Қозғалысты құрған Дина Смайылованы БҰҰ-ның Нью-Йоркте өткен форумына шақырған, бірақ елге оралған ол бұрынғы серіктес әйелдер таққан ауыр айыптарға тап болды.

НЬЮ-ЙОРККЕ САПАРДАН КЕЙІН...

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған батыл қадамға барып, көп жыл бұрын жыныстық зорлыққа душар болғанын жария еткеннен кейін жұртқа танылған "НеМолчи.kz" ("Үндемей қалма") қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смайылованы БҰҰ-ның гендерлік теңдік мәселелеріне арналған жиынында сөз сөйлеу үшін биыл жазда Нью-Йоркке шақырған болатын. Тамыздың 19-ы күні ол "Ғаламдық мақсаттар әлемдік кубогы" шарасы аясында бірнеше елден барған әйел белсенділердің футбол алаңындағы символикалық матчына қатысқан. Бірақ халықаралық деңгейде танылып, елге оралған қазақстандық белсенді бұрынғы үш пікірлес әйелдің айыптауына тап болды. Негізі, кейбір белсенді әйелдер тарапынан Смайылованың атына ертеректе де сындар айтылып жүрген. Қыркүйектің 20-сы Алматыдағы баспасөз жиынында Әлия Сарбалина, Мөлдір Жұмабаева және Қаламқас Досанова үшеуі оған бірнеше айып тақты.

Бұрынғы серіктері Дина Смайылованың қаржылық алаяқтық әрекеттерін байқадық, ол зорлық көрген қыз-келіншектерге көмек көрсету, адвокаттар жалдау, ұйым жетекшісінің Қазақстан бойынша сапарларын ұйымдастыру үшін қажет деген желеумен ақша жинады деп мәлімдейді. Бұған қоса, олар Дина Смайылованы жыныстық зорлыққа душар болып, "НеМолчи.kz" ұйымы көмегіне жүгінген қыз-келіншектерге қатысты құпия мәліметтерді жария етті деп айыптайды. Алматы қаласындағы №1 балалар үйінде баланы зорлауға қатысты істі де еске түсірген Сарбалина, Жұмабаева және Досанова әлгі іс бойынша сотталған Серік Асылбеков деген жас жігітті қорғау кампаниясына Дина Смайылова мен басқа да азаматтардың араласуы мектеп директоры мүддесі үшін жоспарланған болуы мүмкін деп мәлімдейді.

Қазақстандағы балаларға қарсы жыныстық әлімжеттік тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізіп отырған «НеМолчи.kz» қозғалысының мүшелері. Алматы, 14 желтоқсан 2016 жыл.

Дина Смайылова айыптарды терістеуді ұзаққа созбай қыркүйектің 27-сі Facebook әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирде әлгі айыптарды жоққа шығарды. Смайылова қаржылық алаяқтықпен айналысты деген айыпты тас-талқан етеді деп мәлімдеп, жұмсалған ақшаға қатысты кей сандарды келтірді. Оның айтуынша, жеке бас пайдасын көздемеген, қоғамдық қор ретінде тіркелгенге дейін #НеМолчиKZ қозғалысы еріктілерінің қызметін ұйымдастыруға демеушілер берген ақша түгілі, өз ақшасын да жұмсаған.

Біз волонтер ретінде жұмыс істейміз ғой, сондықтан ақшаға қатты зәруміз. Еш жерде жұмыс істемейтін адамда ақша болмайтынын білесіз ғой.

- Біз волонтер ретінде жұмыс істейміз ғой, сондықтан ақшаға қатты зәруміз. Еш жерде жұмыс істемейтін адамда ақша болмайтынын білесіз ғой. Амалсыздан үйімдегі заттарды саттым. "Таңсәрі" балалар театрын жаптым, әлдебір дүние-мүлкім қалған болатын. Теледидар, синтезатор, гитарамды саттым. Тіпті қызымның ролик конькиіне дейін саттым, - дейді Дина Смайылова Азаттыққа.

Ал адвокат қызметінің ақысын төлеуге келсек, #НеМолчиKZ қозғалысына көмектескен адвокат Айман Омарованың Азаттыққа айтуынша, зорлық- зомбылыққа қатысты істер бойынша ол заңдық көмекті тегін көрсеткен.

ҰҚК-НЕ БЕЛСЕНДІ ЖОЛДАҒАН АРЫЗ

Дина Смайылова жыныстық зорлық көріп, "НеМолчи.kz" ұйымы көмегіне жүгінген әйелдерге қатысты құпия мәліметтерді жария етті деген айыпты да жоққа шығарады. Бұған қоса, ол бұрынғы серіктерінің Алматы қаласы № балалар үйінде балаларды зорлады деп айыпталған Серік Асылбековті қорғаштау кампаниясы балалар үйінің бұрынғы директорының мүддесі үшін жоспарлануы мүмкін деген айыбын да терістейді.

- Бізге бұрын да талай жала жауып, айыптаған. Бұл әрекеттер 10 айдан бері жалғасып келеді, - дейді Дина Смайылова.

Бұдан бөлек, ол өзіне тағылған айыптарды жария түрде терістеуге бұған дейін тырыспағанын, өзін сынаушыларды енді сотқа беруді ойлап жүргенін айтты.

Дина Смайылова былтыр жазда (ол кезде #НеМолчиKZ бейресми қозғалысының жетекшісі болатын) 20 жыл бұрын өзін топ адамның зорлағаны жайлы Facebook желісінде сенсациялық пост жариялағаннан кейін жұртқа бірнеше аптаның ішінде танылған болатын. Мұнан соң одан зорлық көргендер көмек сұрай бастады. Ол кезде оны құқық қорғау ұйымдарының басшылары қызу қолдаған болатын.Олардың ішінде «Милосердие» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының директоры Аружан Саин да болған.

«Милосердие» ерікті қоғамы» қоғамдық қоры директоры Аружан Саин. Алматы, 27 қазан 2016 жыл.

Бірақ жарты жыл өтпей жатып, яғни №1 балалар үйінде тұратын баланы зорлады деген айыппен 15 жылға сотталған әлгі балалар үйінің 19 жастағы түлегі Серік Ақылбековтің қылмыстық ісі қаралып жатқан тұста осы іске қатысты қарама-қайшы позиция ұстанған Дина Смайылова мен Аружан Саинның арасында жанжал шықты. Өзге 10-нан аса құқық қорғау ұйымдары әлгі жанжалда Аружан Саинды жақтады. Жанжал Аружан Саинның #НеМолчиKZ қозғалысының жұмысын тексеруді сұрап, әлеуметтік желіде ҰҚК-ге (Ұлттық қауіпсіздік комитеті – ред.) өтініш жариялауына дейін ушықты.

Аружан Саин жанжалдың қазіргі, жаңа айналымында да Әлия Сарбалина, Мөлдір Жұмабаева мен Қаламқас Досанова үшеуінің сынын құптап, Дина Смаиловаға қарсы шықты.

ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ ТЕКСЕРЕДІ

Азаттық тілшісіне 2017 жылы қыркүйектің 12-сі күні Әлия Сарбалина, Мөлдір Жұмабаева мен Қаламқас Досанова үшеуі Алматының Бостандық ауданы прокуратурасына Дина Смайылованың үстінен ұжымдық арыз түсіргенін анықтаудың сәті түсті.

Бостандық ауданы прокурорының міндетін атқарушы Ербол Құлбаев екі күннен кейін үшеуінің арызын "процессуалдық шешім қабылдау үшін" Алматы қаласы ішкі істер департаментіне (ІІД) жолдаған. Алматы қаласы ІІД-нің тергеу басқармасының бастығы, подполковник Рустам Әбдірахманов әлгі тапсырмаға орай қыркүйектің 25-сі жолдаған хатында прокурорға және ұжымдық арыз авторларына "сотқа дейінгі тергеу амалдарын ұйымдастыру үшін" сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қалалық департаментіне жолданды деп хабарлайды.

Мақалада аты-жөнін көрсетпеуді өтінген ІІД қызметкерінің Азаттыққа түсіндіруінше, әлгі ұжымдық арыз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қалалық департаментіне арызда көрсетілген «қаржылық алаяқтық әрекеттерге» қатысты бөлігін қарау үшін жолданған. Ал ұжымдық арызда қамтылған өзге мәселелер оның сөзінше, Аружан Саинның ертеректе берген арызы негізінде 2017 жылы ақпанның 3-і қозғалған қылмыстық іске тіркелген. Дина Смайылованың айтуынша, ол ертеректе қозғалған әлгі қылмыстық іске куә ретінде тартылған.

"БАЛАЛЫҚ АУРУ"

Елде және одан тысқары жерлерде танылған Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры Евгений Жовтис Қазақстандағы құқық қорғау ұйымдарының жұмысындағы проблемаларды бір кісідей біледі. Евгений Жовтистің айтуынша, ол "НеМолчи.kz" ұйымы төңірегіндегі ғана емес, бүкіл азаматтық қоғамда қазір болып жатқан жайттарға "сәл философиялық көзқараспен" қарайды.

- Азаматтық қоғам жетілмеген, қоғамдық мүдделерді қозғау дағдылары болмаған, қоғамдық мүдделерді бірінші кезекте мемлекет пен оның адам құқығын қорғау туралы түсініктерінен қорғану дағдылары болмаған жерде "балалық ауру" деген болады, - дейді Евгений Жовтис.

Жовтис жеке тұлғаның рөліне назар аударады, өйткені, оның сөзінше, Қазақстанда қарым-қатынастар жүйесі қоғамда да, билікте де тым «жекешелендірілген».

Мұны азаматтық қоғам қалыптасуының бастапқы кезеңдері деп айтуға болады...

- Көп нәрсе басшыға – белгілі бір проблемаға қозғау салған, белгілі бір бастама көтеріп, оны басқарған тұлғаға байланысты болады. Мұндай кезде қақтығыстар, әсіресе жеке адамдар арасындағы қақтығыстар да болып қалады. Мұны азаматтық қоғам қалыптасуының бастапқы кезеңдері деп айтуға болады, ол әуелі титтей азаматтық бастамалардан, жеке, сосын топтық, сосын одан да ауқымдырақ проблемалардан басталып, кейін Батыс немесе Шығыстың демократиялық елдерінде азаматтық қоғам деп аталатын нәрсеге айналады, - дейді Евгений Жовтис.

Бала күтіміне арналған жәрдемақы қысқарғанына байланысты қарсылық акциясына шығып тұрған әйел. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.

Ал Павлодар облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының жетекшісі ретінде елде тұтқындардың құқығын қорғаумен танылған, бірақ кейін ол басқаратын ұйыммен бәсекелесе бастаған «клондардың» пайда болуынан қиындық көрген құқық қорғаушы Елена Семенова «НеМолчи.kz» ұйымы төңірегіндегі қазіргі жанжалдың кесірінен тағы бір сондай ұйым пайда болуы мүмкін деп болжайды.

- Ондай «клондар» әдетте шаруа енді ғана оңалып, нақты бірдеңеге, нақты мақсатқа қол жете бастаған кезде пайда болады, - деп болжайды Елена Семенова.

Ертеректе Қазақстанның азаматтық қозғалысы тарихында әлдебір ықпалды тәуелсіз ұйым атауы ұқсас, бірақ билікшіл позиция ұстанатын ұйым құру түріндегі кедергіге тап болатын мұндай оқиғалар болған. Кезінде кейбір оппозициялық газеттердің де «клондары» шыққан болатын.