Әскери доктринаға күрестің «гибрид» тәсілдері ұғымы енгізілді

Қазақстанда өткен халықаралық жаттығулар кезінде қойылған тарихи перформанстың жанында тұрған қазақстандық полицей. Отар, 2 тамыз 2016 жыл.

Жаңа әскери доктринада Қазақстанға қарсы қолданылуы мүмкін «күрестің гибрид тәсілдері» туралы ұғым енгізілді. Бұл өзгеріс Ресей Қырымды аннексияланнан үш жылдан кейін пайда болды, бірақ ол оқиға жайлы қазақстандық доктринада бір сөз жазылмаған.

Қыркүйектің 29-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әскери доктринаны бекіту туралы жарлыққа қол қойды. Алдыңғы әскери доктрина 2011 жылы қазанның 11-і қабылданған болатын. Сарапшылар «гибрид» күрес тәсілдері туралы ережені жаңа доктринадағы өзгерістердің ішіндегі ең маңыздысы санайды.

"ГИБРИД" КҮРЕС ТӘСІЛДЕРІ"

Ауқымды операциялар жүргізілетін дәстүрлі майдандарға мүлде ұқсамайтын соғыс қимылдарының жаңа түрі ретінде «гибрид соғыс» жайлы үш жыл бұрын, яғни Қырым аннексиясы басталған кезде жиі айтыла бастаған. Қырымның стратегиялық нысандарын басып алған санаулы «жасыл адамдар» Ресейдің элиталық арнайы қызметі офицерлері болып шыққан. Қазақстанда топ-шенеуніктер «гибрид соғыс» жайлы ашық айта бермейді.

Қазақстанның қорғаныс министрлігіне қарасты стратегиялық жоспарлау департаменті бастығы полковник Асхат Бюротаев Азаттықпен әңгімесінде «жаңа әскери доктринада "гибрид соғыс" емес, "гибрид" күрес тәсілдері" туралы айтылған» деді. Қазақстанның әскери доктринасында мұндай термин алғаш рет қолданылып отыр.

Доктринада бұл терминге былай деп анықтама беріпті: "гибрид" күрес тәсілдері" - қарсылас мемлекет аумағындағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін әскери күшті (оның ішінде қарсы тараптың аумағындағы арнайы операциялар, жекеменшік әскери және күзет компаниялары күштерін), әскери емес құралдарды кешенді қолдану, бұған қоса, өзге мемлекеттердің, террористік, экстремистік ұйымдар мен сепаратистік қозғалыстардың әлеуетін пайдалану арқылы әскери-саяси және әскери-стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу тәсілдері.

Ал өзге өзгерістерге келсек, полковник Асхат Бюротаев территориялық қорғанысты да ерекше атайды. Мұнда ұлттық гвардияның ерекше маңызы бар. Ол 2014 жылы ішкі істер министрлігі әскерлері негізінде құрылған.

Жаңа әскери доктринада территориялық қорғаныс құрылымдарын территориялық әскерге айналдыру арқылы территориялық қорғанысты жалпы әскери қауіпсіздік жүйесіне біріктіру қарастырылған.

Бұған қоса, полковник Асхат Бюротаевтың айтуынша, жаңа әскери доктринада соғыс қатерлерін сыртқы және ішкі қатерлер деп бөлуден бас тарту ұйғарылған, өйткені қазіргі жағдайда екеуін бөліп қарастыру мүмкін емес көрінеді.

САЯСАТ ЖӘНЕ ӘСКЕРИ ДОКТРИНА

Саясаттанушы Андрей Чеботаревтің Азаттыққа айтуынша, алдыңғы әскери доктринаның бұрынғыларынан айырмасы - онда террорлық қатерлерге қарсы іс-қимылдарға көп көңіл бөлінген болатын. Чеботаревтің сөзінше, Қазақстанда 2011 жылы болған бірнеше қарулы шабуылдан кейін бұл қисынды болған.

Андрей Чеботарев әскери доктринаға «гибрид»күрес тәсілдері» терминін енгізуді Ресейдің Қырымды аннексиялап алуымен байланыстырмайды. Саясаттанушы Чеботаревтің айтуынша, әскери доктринада керісінше, Қазақстан ұжымдық қауіпсіздік келісім- шарты аясында одақтастық міндеттемелерін орындауға бейіл екені көрсетілген, бұған қоса, Ресеймен әуе шабуылынан қорғанудың ортақ жүйесін нығайту қажеттігі айтылған.

Айтпақшы, Қазақстанның жаңа әскери доктринасында «гибрид» күрес тәсілдері» термині алты рет кездеседі, есесіне Қырым аннексиясы немесе Украинаның оңтүстік-шығысындағы әскери қақтығыс жайлы мүлде айтылмайды. Бірақ, мысалы, «Қарсылас мемлекетке сырттан қолайсыз жағдай тудырып, ішкі жағдайды шайқалтуды көздейтін «гибрид» күрес тәсілдерін қолдану үрдісі байқалады» деп жазылған.

Симферополь (Қырым) әуежайында тұрған ресейлік қарулы жауынгерлер. 28 ақпан 2014 жыл.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев та жаңа әскери доктринада «гибрид» күрес тәсілдері» терминінің пайда болуын Қырым аннексиясымен байланыстырмайды. Оның сөзінше, Қазақстан мен Ресей арасында мығым стратегиялық, оның ішінде әскери қарым-қатынас орнаған, сондықтан Ресейді Қазақтанға төнетін әлдебір қатер көзі ретінде қарастыру қисынсыз.

Бұрынғы сенат депутаты Ғани Қасымов жаңа әскери доктринадағы «гибрид» күрес тәсілдері» терминін Ресейдің Қырымды аннексиялап алуы мен Украинадағы өзге оқиғалармен байланыстыруға үзілді-кесілді қарсы. Оның сөзінше, әлдебір терминдерге алаңдамай, іргелі принциптерге сүйену қажет. Қырымдағы оқиғаларға байланысты ол ең бастысы - «Қазақстан Қырымды Ресейдің бір бөлігі деп таныған жоқ» дейді.

Ғани Қасымовтың айтуынша, Ресей де кіретін «ядролық клубтың» бес мемлекеті Қазақстан территориясындағы ядролық қаруды жою кезінде ел тәуелсіздігіне, оның ішінде, территориясына қол сұқпауға кепілдік берген, қазір Қазақстанға қатысты кепілдіктер «жұмыс істеп тұр». Қасымовтың сөзінше, Қазақстандағы жағдайды Совет Одағы күйрегеннен кейін Қазақстан сияқты ядролық қаруы бар елге айналған, әрі «ядролық клубқа» мүше елдер оның да қауіпсіздігіне, территориялық қауіпсіздігіне кепілдік берген Украинадағы жағдаймен салыстыру дұрыс емес.

- Әзірше Қазақстанға қатысты ешкім ештеңе бұзған жоқ. Осыдан барып еліміздің қорғанысын, өзіміздің қорғаныс стратегиямызды құрып жатырмыз, - дейді Ғани Қасымов.

ӘСКЕРИ ДОКТРИНА ЖӘНЕ РЕСЕЙ ФАКТОРЫ

Бірақ сарапшылар арасында жаңа әскери доктринадағы «гибрид» күрес тәсілдері» терминін Ресейдің Қырымды аннексиялап алуымен байланыстыратындар да бар. Мысалы, алматылық саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа Қырым мен Украинаның оңтүстік-шығысындағы оқиғаларға байланысты Қазақстанда жұрт Ресей жаққа қауіптене қарауы мүмкін. Сәтпаевтың сөзінше, Қырымды аннексиялаған кезін айтпағанда, АҚШ-тағы президент сайлауына киліккен кезде де қолдануы мүмкін деп санап, «гибрид тәсілдерді» өзге елдерден гөрі көп пайдаланады деп кейінгі жылдары Ресейді жиі айыптайды. Оның сөзінше, биыл да Ресейді қоғамдық пікірге ықпал ету үшін Германия мен Франциядағы сайлау кезінде гибрид тәсілдерді қолданды деп айыптауға тырысқан.

- Украинадағы оқиғалар ресми деңгейде Ресейге қарсы әлдебір тұшымды мәлімдемелерге ұласпады... «Гибрид қатерлер» терминін қолданғанда Қазақстан әрине әлемнің өзге елдерінде жиілеп кеткен терроризмді айтады, терроризмді «гибрид қатер» элементтерінің бірі ретінде қабылдайды. Бірақ көрші елдерге ықпал етудің қилы құралдарын және оның ішінде Украинадағы сияқты күш қолдану әдістерін пайдалану арқылы күшейткен Ресейдің сыртқы саясаттағы арынын меңзеуі де мүмкін, - дейді Досым Сәтпаев.

Жаңа әскери доктринада көбінесе «гибрид» күрес тәсілдері» түрлерінің бірі ретінде сипатталатын сепаратистік қозғалыстардан төнуі мүмкін қатерге көбірек мән берілген.

«Батыс-2017» бірлескен Ресей-Беларусь әскери жаттығуларында жүрген Ресейдің «Терминатор-2» танкісі (алдыңғы қатарда). Ленинград облысы, 18 қыркүйек 2017 жыл.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев мұны Ресей факторы мен сепаратизм қатерімен байланыстырады. Оның сөзінше, Украинадағы оқиғалардан кейін сепаратизмге шақырғаны үшін қылмыстық жаза күшейгені анық байқалған, сондықтан ол мұны Қазақстан билігінің ел ішінде болуы ықтимал келешек қатерлерге реакциясы ретінде бағалайды.

Досым Сәтпаев жуырда таныстырылған Қазақстанның көші-қон саясатының 2017-2022 жылдарға арналған әрі ішкі миграцияны елдің оңтүстігінен солтүстік пен солтүстік-батысына жылжытуды көздейтін қарқынды мемлекеттік саясат туралы айтылған жаңа тұжырымдамасына назар аударады.

- Ресми тұрғыдан мұны да еңбек миграциясының мәселелерін шешу ретінде, қазір еңбек ресурстары жетіспей жатқан солтүстік аймақтарды қарқындырақ дамыту мақсатында деп түсіндіреді. Бірақ егер түпкі мақсатына үңілсек, бұл да елдің солтүстігінде қазақ тілді халық санын көбейтуді көздеген превентивтік шара, - дейді Досым Сәтпаев.

Кейінгі жылдары кейбір кейбір ресейлік саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты бірнеше мәлімдеме жасап, Қазақстандағы әлеуметтік желілерде дүрбелең болған.

- Ресми деңгейде бәрі жақсы сияқты көрінеді – екі ел арасындағы әріптестік, өзара әрекеттестік, Еуразия экономикалық одағы, ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, түрлі форумдар жиі өтеді, бірақ Украинадағы оқиғалардан кейін бейресми деңгейде, қоғамдық пікір деңгейінде Ресейге сақтана қарау бар. Ал бұл сақтық қазірдің өзінде биліктің әлдебір әрекеттерінен де, Ресейге қалай қарау керек деген мәселеге қатысты қоғамдық пікір қалыптастырудан да тікелей я жанама түрде көрінеді, - дейді Досым Сәтпаев.

Жаңа әскери доктринада «Қарсылас мемлекеттегі жағдайды шайқалтуды көздейтін, оның ішінде... сепаратистік қозғалыстарды пайдалану арқылы астыртын іс-қимылдар жүргізілген жағдайда Қазақстан қарулы күштері, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар олардың әрекеттерінің жолын кесу үшін арнайы операциялар жүргізетін болады» деп жазылған. Алдыңғы әскери доктринада мұндай норма жоқ болатын.