«Нұр Отанның» алдында өзін-өзі өртеген әйелдің ұлы түрмеде 10 жыл отырады

«Нұр Отан» партиясының кеңсесі. Астана, 16 қазан 2011 жыл.

Жоғарғы сот түрмеде отырған Жанат Мұхаметжановқа шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Жанаттың анасы Сәуле Өтепбергенова биыл маусым айында Астанадағы «Нұр Отан» партиясының кеңсесі алдында өзін-өзі өртеген еді.

19 жастағы Жанат Мұхаметжанов 2011 жылы мамыр айында Қазақстан қылмыстық кодексінің 259-бабы 3-тармағы бойынша («заңсыз түрде және көп мөлшерде есірткі, психотроптық затты өңдеп, дайындаған, сақтаған, сатқан») қылмысты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Анасының қазасынан кейін, арада алты ай өткенде, 28 қараша күні жоғарғы сот бұл үкімді өз күшінде қалдыру туралы шешім қабылдады.

Сотталған жігітің анасы Сәуле Өтепбергенова 20 маусым күні «Нұр Отан» партиясының Астанадағы офисі алдында өзін-өзі өртеп, денесінің 95 пайызы күйіп, келесі күні ауыр жағдайда ауруханада көз жұмған.

«НҰР ОТАНДАҒЫ» ӨРТ

Сәуле Өтепбергенова сот шешімімен келіспей, осындай қадамға барған. Ол ұлы Жанаттың ондай ауыр қылмысқа бармайтынына сенімді екенін мәлімдеп, ұлын 10 жылға бас еркіндігінен айыру «әділетсіздік, оны заңсыз айыптап, қылмысты етіп отыр» деген болатын.

Осы оқыс оқиға кезінде «Нұр Отан» партиясының өкілдері әйелді мұндай әрекетке итермелеген не екенін білмейтіндерін айтқан. Партияның қоғамдық қабылдауы Сәуле Өтепбергенованың отбасына барып, оларға материалдық көмек көрсететіндерін айтқан.

Қайтыс болған әйелдің қызы Жұлдыз Мұхаметжанова партияның бұл сөзін жоққа шығарады. «Олар үйге келмек түгілі, анамызды жерлеуге қол ұшын беруге жарамады, ешқандай көмек көрсетпеді, тіпті сотқа да келмеді» дейді ол.
Біздің билікке адамдардың қалай күн кешіп, қалай өлетінін білу керек емес. Ал телеарна арқылы «біз көмектесміз, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз» дейді.

– Біздің анамыз жанына батқан әділетсіздікті кімге барып айтарын білмеді. Бар қолынан келгені – «нұротандықтардың» назарын аудару еді. Одан да түк шықпады. Біздің билікке адамдардың қалай күн кешіп, қалай өлетінін білу керек емес. Ал телеарна арқылы «біз көмектесміз, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз» дейді. Шын мәнінде олардың қарасын да көрген жоқпыз. Басымызға түскен ауыртпалықты айтып, халық қалаулыларына шағымданбақшы болып едім, олар кезекті демалыста болып шықты. Одан кейін орындарынан табу қиын болды. Үшінші жолы олар тағы бір себеп тапты, – дейді Жұлдыз Мұхаметжанова.

Ол да бауырына шығарылған үкімнің әділдігіне сенбейді, бүкіл отбасы болып Жанаттың өміріне алаңдайды.

– Мен, тіпті, одан да анам сияқты айрылып қаламын ба деп қорқамын, – деді Жұлдыз Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Жанатқа шығарылған үкім – тым қатаң. «Өйткені Жанат бұрын-соңды бұзықтық жасап, қылмысты болған емес. Бірінші рет осындай жағдайға тап болып отыр. Сот барысында бұл ескерілмеді, 10 жылға бас бостандығынан айыру – бірінші рет сотталған адам үшін тым қатаң» дейді Жұлдыз Мұхаметжанова.

– Әдетте, білетіндердің айтуынша, екінші рет сотталғандардың өзіне 5-7 жылдан артық берілмейді екен, – дейді ол.
Туысының айтуынша, «Жанаттың мұны қайдан алғанын білетін куәгерлер бар. Жанат есірткіні қарызға алған».

Жұлдыз бауырының есірткі пайдаланатынын жоққа шығармайды, «бірақ оған жала жапты» деп есептейді. Оның айтуынша, Жанатты қамауға алғанда бір стакан есірткіні қайдан, кімнен алғанын ешкім сұрамаған. Туысының айтуынша, «Жанаттың мұны қайдан алғанын білетін куәгерлер бар. Жанат есірткіні қарызға алған».

Жұлдыздың ойынша. Жанат есірткіні сатуды ойламаған. Ауылдағы Есентай деген жігіт Жанаттан есірткі сұраған, «бұл туралы ешкімге айтпаймын» деген.Бірақ Жанатқа ақша тықпалаған. Екінші рет тағы осындай оқиға болып, Есентай тағы да оны ақша алуға мәжбүрлеген. Және мұның бәрін ұялы телефонға суретке түсіріп алған.

– Осы бойынша біздің үйге полиция келіп, Жанатты тұтқынға алды, – дейді Жұлдыз.

Оның айтуынша, полиция Жанатты алып кеткен соң екінші күні олар дәлізден есірткі салынған қап тауып алған. Үйге есірткінің қайдан келгені белгісіз.

Жанат сотталғанға дейін ағасымен бірге жүкші болып жұмыс істеген. Мектепте жақсы оқығанына қарамастан, отбасының ауыр жағдайына байланысты мектепті тастап кеткен.

Жанат Мұхаметжановтың адвокаты Тұрсынтай Әмірәлинов те сотталған жігітке «тым қатал үкім кесілгенін» айтады. Ол кассациялық шағымда жазаны жеңілдетудің барлық заңды мүмкіндіктерін жазғанын, бірақ сот бәрібір үкімді өзгеріссіз қалдырғанын айтты.

РЕСМИ ЖАУАП

«Нұр Отан» партиясының өкілі Азаттық радиосының тілшісіне берген жауабында Жанат Мұхаметжановқа қатысты істе «қолдан келгеннің бәрін жасағандарын» айтады. Партияның қоғамдық қабылдау бөлімінің қызметкері Жұмажан Жүкенов:

– Сәуле Өтепбергенованың қазасынан кейін Астанадағы аудандық партия әкімшілігінің атынан отбасына көңіл айтып, материалдық көмек те көрсеттік, – дейді.

Жанат Мұхаметжановқа қатысты қылмыстық істі «Нұр Отанның» сұранысы бойынша бас прокуратура қараған.
Біз мұнан артық әрекетке барып, «істі басқаша шешіңіздер» дей алмаймыз, себебі біз – құқықтық мемлекет құрып жатқан елміз. Сондықтан бәріміз заңның орындалын қатаң сақтауымыз керек

– Біздің өтінішіміз бойынша, жәбірленуші жақты бас прокурордың орынбасары қабылдады. Бірақ заңның аты – заң. Заңның орындалуын қадағалау органы ретінде олар Жанатқа қатысты үкімді заңды деп тапты. Біз мұнан артық әрекетке барып, «істі басқаша шешіңіздер» дей алмаймыз, себебі біз – құқықтық мемлекет құрып жатқан елміз. Сондықтан бәріміз заңның орындалын қатаң сақтауымыз керек, – деді ол.

Жұмажан Жүкеновтің айтуынша «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауы Жанатқа байланысты істі қайта қарауды құқық қорғау органдарынан бір емес, бірнеше қайтара сұраған. Бірақ заң орындары бұл үкімнен ешбір заңсыздық таппаған:

– Біз «олар жалдаған қорғаушы адвокат қай жерде заң бұзылғанын атап көрсетсін» деген едік. Бірақ қандай әділтсіздік болғанын ешкім атап көрсете алмады. Жай ғана ашу мен ыза үстінде немесе туысқандық жанашырлықпен: «Ол кінәлі емес, босатыңыздар!» дегенмен, полиция көрсеткен айғақтар сотта дұрыс қаралған, үкім де заң шеңберінде шығарылған.

Қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісі 28 қараша күні болған сот отырысына қатыса алмаған. Бұл күні ол іссапарда жүріпті.

Жоғарғы соттың Азаттыққа берген жауабына қарағанда, Жанат Мұхаметжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша жаңадан іс қозғаудан қадағалау коллегиясы бас тартқан. Өйткені сот ісі көрсеткендей, «Жанат Мұхаметжановтың екі дорбаға салынған, бірі – 5,62 грамм, екіншісі – 5,96 грамм, яғни көп мөлшердегі есірткіні сақтағаны, сатқаны дәлелденген».

Сөйтіп жоғарғы сот 19 жастағы жігітті 10 жылға соттау туралы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.