Араб басшылары тақтан тайып жатқанда Назарбаев өкілетін ұзартты

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инаугурациясы кезінде. Астана, 8 сәуір 2011 жыл.

Washington Post басылымы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемнің өзге автократтарындай емес, билікте мығым отыруының себептеріне үңіледі.

Қазақстан халқы мұсылман әлемін бір сілкінтіп өткен толқулар өздеріне жетпей тұрып, 20 жыл бойы билікте отырған басшысына тағы бір бес жыл мерзім қосып берді. Қаңтар айында тунистіктер 23 жыл ел тізгінін ұстаған президентін орнынан тайдырған тұста қазақстандықтар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігін 2020 жылға дейін ұзартуды қарастырып жатты деп жазады Washington Post сәуірдің 14-і күнгі санында.

«БАТЫС АЛДЫМЕН ҚАЗАҚСТАНМЕН САНАСУЫ КЕРЕК»

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев: «Меніңше, қазіргі президент Қазақстанды тағы он жыл басқарады. Бұл Батысқа ұнамаса, бұған көндігулеріне тура келеді» деген еді.

Батыс Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуын сынға алып, халықаралық бақылаушылар сайлау додасынан кінәрат тапты. Бірақ өткен аптада АҚШ Мемлекеттік департаментінің адам құқықтары мәселесін қорытқан жылдық есебі ұзын-сонар мәселелерді тізе келе, Қазақстандағы жағдайды тұрақты деп бағалапты. Washington Post мұның себебін АҚШ мұнай компанияларының Қазақстанға миллиардтаған доллар инвестиция салуынан іздейді. Сондай-ақ Қазақстанға сұғына еніп келе жатқан Ресей мен Қытайдың ықпалының артуын қаламайтын АҚШ үкіметінің Астанамен достық пейілде қарым-қатынас жасау ұмтылысы да Батысты Қазақстанның кемшіліктеріне көз жұма қарауға көндіріп отыр дейді басылым.

«Нұрсұлтан Назарбаев биліктен өле-өлгенше кетпейді» дейді тіркелмеген жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана филиалының жетекшісі Серікбай Әлібаев.

«Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды Совет одағы кезінен бері басқарып келеді. Президент үстемдігінің шексіз болғандығынан елде ешқандай саяси бәсеке қалыптаса алмады, бірақ саяси ептілігі арқылы бүкіл халықты өзіне қарата алды» деп жазады басылым.

Ал басылым президентті сайлауда түгелдей өзі тағайындаған әкім-қаралар жеңіске жеткізгенін жазыпты. Елдің оңтүстік-батысындағы шағын, артта қалған Арал қаласының әкімі Нәжмадин Мұсабаев: «Мұнда сайлаушылардың 99 пайызы президентті қолдап дауыс берді. Президент бізге келіп кетті, халық оның өздерінің қамын ойлайтынын біледі» деді аса қуанышты түрде.

Сыбайлас жемқорлық деңгейі өте жоғары болғанмен, мұнай мен газдың қоры Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімін 1994 жылғы 700 АҚШ долларынан 9000 АҚШ долларына дейін арттыруына мүмкіндік берді. Бұған қоса «Форбс» журналындағы әлемнің ең бай адамдарының тізіміне президенттің қызы мен күйеу баласы ілінген.

ШЕКСІЗ БАҚЫЛАУ ӨЗГЕШЕ ОЙЛАУҒА МҰРСАТ БЕРМЕЙДІ

Ал Санкт-Петербургтегі Демократия және адам құқықтары орталығының директоры, саясаттанушы Григорий Голосов режимге еш қауіп төніп тұрмағанын айтады. Ол: «Қазақстанда барлығы – бақылауда. Бақылаудың күштілігі сондай, тіпті жұрттың көбі Назарбаевқа балама адам жайында да ойлай алмайды» дейді.

Сайлауға дейін Назарбаевтың бар екендігі қала көшелері мен елді-мекендерден көріне бастады. «Біз елбасыға дауыс береміз» деген жазулармен көмкеріліп, көкжиектен көтеріліп келе жатқан Назарбаевтың суреті бейнеленген жарнамалары ілінді. Мәскеулік саясаттанушы Алексей Власов жарнамаға байланысты: «Бұл – бүкіл әлемнің проблемасын шешетін адамның бейнесі. Сол себепті халық Назарбаевты қолдайды» деген ой айтады.

Постсоветтік елдерді зерттейтін ақпараттық-талдау орталығының директоры Алексей Власов Нұрсұлтан Назарбаевты мықты, прагматик және тактикалық саясаткер деп санайды. «Назарбаев шешім қабылдайтын кезді біледі, әрі ол қазақтардың тұрақтылықты қалайтынын пайдаланып кетті» деп тұжырымдайды саясаттанушы.

Қазақстан халқы араб елдерін шарпыған төңкерістерге қызғана қарағаннан гөрі көрші мемлекеттер бастан өткерген күйзелістерден айналып өткендігіне рахмет айтуға бейім. Мәселен, Тәжікстан шығыны зор азамат соғысына ұрынса, Қазақстандағыдан анағұрлым қатал Өзбекстанда халық азаматтық тәртіпсіздіктерден зардап шекті.

БАТЫСТЫҢ БАСЫН АУЫРТАТЫНЫ – ӨЗГЕ СЕБЕП

Алексей Власов: «Ресей, Қытай және АҚШ Қазақстанда тұрақтылықтың болуына мүдделі. Сол себепті өткен 10-15 жыл бойы бұл мемлекеттер Назарбаевқа еш қарсы шықпады. Әрі олар елде сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі шектеліп, оппозицияға қысым көрсетіліп отырса да, Нұрсұлтан Назарбаевты әрдайым заңды президент ретінде танып келеді» дейді. Бұл саяси ойыннан шеттетіліп қалған оппозицияның салын суға кетіріп отыр дегенді айтады басылым.

Тіркелмеген жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана филиалының жетекшісі Серікбай Әлібаев: «Қазақстан еркін және әділ сайлау өткізуге үнемі уәде беріп келеді, бірақ ол орындалмайды. АҚШ және Еуропа неге бұндай уәдеге илана береді? Сірә, Қазақстанның байлығы оларды өздері ұнатпайтын жағдайға көз жұма қарауға итермелейтін секілді» дейді.

Басылым Нұрсұлтан Назарбаев пен «Нұр Отан» партиясының конституцияға өз мақсаттарында еш қиындықсыз өзгерту енгізе алатынын да жазған.

Серікбай Әлібаев: «Конституция жеті рет өзгертілді. Соңғы рет ақпанның 2-сінде конституцияны санаулы минутта ғана өзгертіп, сайлау өткізуге ілік тапты» дейді. Ал өткен жылы жасалған түзету Назарбаев пен оның отбасына өмірлік қол сұғылмаушылық және жауапқа тартылмайтын артықшылықтар беріп, зейнетке шыққаннан кейін де билікке араласу құқын берді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДЕМОКРАТИЯНЫҢ РЕСЕЙЛІК КӨШІРМЕСІ

Саясаттанушы Григорий Голосов Қазақстан Ресейдің сайлау авторитаризмі деп аталатын жүйесін қабылдап алғанын айтады.

Голосовтың айтуынша, демократияның бейнесі сайлауларда көрініп қалады, бірақ билік партиялардың ұйымдасып, үміткерлердің сайлауға түсу шарттарын қиындатып жібереді. Мысалға, партиялар парламентке өту үшін сайлаушылардың кем дегенде 7 пайыз дауысын алуы тиіс болғандықтан, әрбір орынға «Нұр Отан» партиясы ие болады. Сөйтіп Батыстық жетекшілер мен инвесторларға демократияның алдамшы белгілері ғана көрсетіледі дейді саясаттанушы Григорий Голосов.

Нұрсұлтан Назарбаев әлсіретіп тастаған оппозицияны жақтырмайтын саяси кеңесші Ермұхамет Ертісбаев оппозиция мүшелерінің үнемі министрліктен болмаса елшіліктен қызмет сұрап жүргенін айтады. «Саясат дегеніміз – билік үшін күрес. Грузияда олар халықты алаңға алып шығып, биліктің алқымынан алды. Ал мұндағылар рақым сұрайды» дейді кеңесші.

Бірақ Назарбаев айналасындағы саяси күштерді тепе-теңдікте ұстап, мығым отыр. «Осы жиырма жыл ішінде олардың (оппозициядағылардың) кейбірі Назарбаевты саяси диалогтың модераторы ретінде таныды, ал мұны мойындамайтындар қазір Лондонда жүр» дейді саясаттанушы Голосов.