Қазақстан президентінің саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың «президенттің мұрагері бола алатын бірден бір адам ретінде» Тимур Құлыбаевты атауы Құлыбаевтың өзінің де «наразылығын» туғызды.
Әділет партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев бұл мұрагердің «лайықты тұлға» екендігіне күмәнданбайды. Ал оппозиция өкілдері мұны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «кәнігі қулығының бірі» дейді.
«ЫҢҒАЙСЫЗ» КЕЗ
Дүйсенбі, шілденің 25-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың ресейлік «Коммерсантъ» газетінде жарияланған сұқбатында «мұрагер» жөнінде айтқан пікірі Қазақстанның саяси кеңістігінде іле-шала талқыға түсті.
Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев. Астана, 28 қазан 2009 жыл.
Ермұхамет Ертісбаевтың «егер Нұрсұлтан Назарбаев кенеттен орнынан кете қалса», оның стратегиялық бағытын жалғастыра алатын бірден-бір адам ретінде Тимур Құлыбаевты атауы Құлыбаевтың өзін де «айран-асыр қалдырғанға» ұқсайды.
ҚазТАГ агенттігі Тимур Құлыбаевтың «Шынын айтқанда, бұл мәлімдеме мен үшін күтпеген жайт болды. Жақын арада Ертісбаевпен кездесіп, аталған мәлімдемесі жайында сөйлескелі отырмын» дегенін хабарлады
– Президент іс басында тұрғанда, оның үстіне оның денсаулығы туралы баспасөз бетіндегі шудан кейін мұндай сөзді қозғау ыңғайсыз болады. Оның «Коммерсантъ» газетіне берген сұқбатында айтқаны – бос сөз. Соңғы кездері мен Ертісбаевпен кездескен емеспін, сондықтан тағы да атап айтайын: оның мәлімдемесі – мен үшін күтпеген жайт, – дейді Құлыбаев.
«ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ ЖАЛҒЫЗ КЕМШІЛІГІ»
«Интерфакс» ақпарат агенттігі таратқан мәліметтерге қарағанда, «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев Тимур Құлыбаевты «келешек тақ мұрагері» ретінде қарастырғанда тұрған ештеңе жоқ деп санайтын көрінеді.
– Егер қызбалық пен қызғанышсыз қарайтын болсақ, онда тұрған не бар екен? Тимур Құлыбаевтың жалғыз кемшілігі – іс басындағы президенттің
күйеу баласы екендігінде ғана. Оның басқа кемшілігін көрмей тұрмын, – дейді Мақсұт Нәрікбаев.
«Әділет» партиясы төрағасының ойынша, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы «өте білімді, тәжірибелі және табысты бизнесмен».
– Бүгінде оның қандай да бір күштерден тәуелсіз болуға жеткілікті байлығы бар. Жұршылық алдына көп шыға бермегенімен, қандай да бір партияны басқаратын болса, одан өте күшті саясаткер шығары анық, – дейді Мақсұт Нәрікбаев.
«НҰРСҰЛТАННЫҢ КӘНІГІ ҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРІ»
Ал саясаткер Серікболсын Әбділдин Ермұхамет Ертісбаевтың мәлімдемесі «Нұрсұлтан Назарбаевпен алдын-ала келісілген ойын болуы мүмкін» дейді.
– Нұрсұлтан тірі тұрғанда билікті ешкімге бермейді. Ертісбаевтың мәлімдемесі арқылы ол төңірегіндегілердің аужайын байқап көргісі келеді. Тек Тимур Құлыбаевтың ғана емес, президент аппараты жетекшісінің,
парламент палатарының төрағалары мен премьер-министрдің де осыған орай көзқарасы автоматты түрде көрініп қалады, – деді Серікболсын Әбділдин Азаттық радиосының тілшісіне.
Серікболсын Әбділдиннің сөзіне қарағанда, «мұндай ойындар – Нұрсұлтанның кәнігі қулықтарының бірі, Құлыбаев та мұны біледі, Ертісбаевты теріске шығарып отырғаны сондықтан».
Тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Владимир Козлов «Ертісбаевтың мәлімдемесі Қазақстанның саяси истеблишментінде Құлыбаевтың белгілі саяси тұлғалар қатарына қосылмайтынын көрсетіп берді» деген қорытындыға келіп отыр.
– Егер Құлыбаев саяси салмағы бар тұлға болса, Ертісбаев мұндай сөздерді қалай болса солай айта салмас еді. Мүмкін, Тимур Құлыбаевты шартты түрде мұрагер қатарына қосуға болатын шығар. Бірақ дегенмен барлығын Қытай мен Назарбаевтың мүддесін үйлестіріп отырған Кәрім Мәсімов басқаратын болар. Оның таққа қарай жылжуы Владимир Путиннің жолына ұқсайды. Қалай дегенмен де бір «кеңседен» шыққандар емес пе? – дейді Владимир Козлов.
«БҰЛ - МҰРАГЕРДІ РЕСМИ ТҮРДЕ ЖАРИЯЛАУ»
Қуғынға ұшыраған бизнесмен Мұхтар Әблязов шілденің 26-ы Азаттық радиосына берген комментариінде қазақстандық билік өкілдері бірінші мәрте мұрагердің атын қоғамға жария қылды деп мәлімдеді. Бизнесменнің ойынша Ертісбаевтың бұл жолғы мәлімдемесі қоғамдық пікірді, елдің райын аңду үшін әдейі жасалған әрекет.
- Ертісбаевтың мына бір сөзі назар аударарлық. "Президент болсам деген жоспар Кәрім Мәсімовтың ойында да жоқ". Ол сонда Мәсімовтың ойында не бар екенін "оқитын" адам болып тұр ғой. "Кәрім Мәсімов өте ақылды адам. Ол таққа таласа алмайды" депті. Демек ақылды адам расында да билікке ұмтыла алмайтын болып тұр. Өйткені ондай адамның басы кетеді. Осылайша Ертісбаев шынын айтам деп сырын айтып қояды. Сондықтан кім болсын тек президенттің келісімі бойынша ғана тақтан дәмете алады. Мәсімовке бұлайша істеу қауіпті, ал Тимур Құлыбаев сияқты адамға бұл әрекет қауіпті емес.
Байқасаңыздар Тимур Құлыбаевтың бұл сөзден үзілді-кесілді басын ала қашқан сұқбатын барлық қазақстандық БАҚ жариялап жатыр. Сондықтан да бұл - ең әуелі Ресейде, сосын Қазақстанда Тимур Құлыбаев туралы қоғамдық пікір қалыптастыру. Ресей Қазақстанның ең маңызды сауда әріптесі. Құлыбаевтың "Газпром" директорлар кеңесіне мүше болып сайлануы да тегін емес. Осылайша мұрагердің кім екенін танытып жатыр, - деді Мұхтар Әблязов Азаттық радиосына.