«Самұрық-Қазына» қоры баспасөз қызметінің хабарлауынша, бейсенбі күні өткен «Газпром» компаниясы акционерлерінің кезектен тыс жиынында директорлар кеңесі жаңадан жасақталған.
«Дауыс беру қорытындысы бойынша «Газпром» ААҚ директорлар кеңесінің құрамына тәуелсіз директор ретінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Т.А Құлыбаев енді» делінген қор баспасөз қызметінің ақпарат құралдарына таратқан хабарламасында.
Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, «Газпром» мемлекеттік компаниясы Ресей президенті Дмитрий Медведевтің «кеңес құрамынан шенеуніктерді алып тастау» туралы тапсырмасынан кейін директорлар кеңесін қайта жасақтауға мәжбүр болған.
«САЯСИ АСТАР ІЗДЕУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»
Экономист Қанат Берентаев Қазақстан мен Ресей ортақ экономикалық кеңістікте бірге әрекет ете бастағаннан кейін мұндай тағайындауға таңырқаудың қажеті жоқ деп есептейді.
– «Газпром» сияқты маңызды компанияның директорлар кеңесінде Қазақстанның «өз адамы» болғаны дұрыс. Себебі екі ел арасында осы газ
өндіру, тасымалдау салалары бойынша мәселелерді келісіп, бірігіп шешіп отыру керек, – дейді Қанат Берентаев.
Ол «Құлыбаев өз ықпалын асыруға күш салып жатыр» деп, мәселеден саяси астар іздеген сарапшылардың әрекетін бекершілік деп санайды.
Тимур Құлыбаев Ресейдегі «Газпром» сияқты ең ықпалды компанияның директорлар кеңесіне мүше болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат пайда болған кезде Қазақстанда бұған қатысты әртүрлі болжамдар айтылған. Кейбір сарапшылар мұны «Тимур Құлыбаевтың саяси кеңістікте салмағының артқанын көрсетеді» десе, басқа мамандар «Ресейдің осылайша мұнай-газ саласында Орталық Азиядағы ықпалын арттыруға ұмтылып отырғанын» айтқан. Бұл тұрғыдан алғанда, елде мұнай-газ саласында Тимур Құлыбаевтан артық ықпалды үміткердің табылмайтынын да сеніммен айтқан.
«МҰНАЙ-ГАЗ ҚҰБЫРЛАРЫН АЛУ ҮШІН ҚҰЛЫБАЕВТЫ...»
Саясаткер Уәлихан Қайсар бұл тағайындалуда саясаттан гөрі экономикалық, бизнес мүдделері артығырақ екенін айтады.
– Қазақстан да, Ресей де мұнай мен газға байланысты мәселелерін қолға алмақшы боп отыр. Азия аймағында бұл мәселе Қазақстансыз шешілмейді. Дамып келе жатқан Қытай да Қазақстанның, Ресейдің мұнай-газынсыз
өздерінің экономикасын көтере алмайды. Сондықтан бұл мұнай-газ саласына байланысты болып жатқан жарлық, – дейді Уәлихан Қайсар.
Оның айтуынша, Ресейдің Қазақстанға қатысты өз мүддесі, есебі бар.
– Ресейдің мұнайы Қазақстандағы Павлодар мұнай өңдеу зауытында өңделеді. Атыраудағы мұнай Новороссийскіге өткізіледі. Сондықтан бұл мұнай-газ құбырларын өз қолына алу үшін, осы мәселелерді тездетіп шешу үшін Құлыбаевты «Газпромның» директорлар кеңесіне қабылдап жатыр, – дейді Уәлихан Қайсар.
«ҚАЗАҚСТАНДЫ БАЙЛАЙ БЕРУ, МАТАЙ БЕРУ»
Саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстан мен Ресей арасында болуы мүмкін ең үлкен саясат мұнайға қатысты болса, бұл қадамдар сол саясаттан туындап отырғанын айтады. Бұл саясаттың ар жағында Қазақстанның мұнай-газ секторын Ресейге тәуелді қылу ниеті жатқанын айтады.
– Ресей басшылығы осындай қадам арқылы, бәлкім, «кейбір мәселелерді оңайырақ шешерміз» деп отырған болуы мүмкін. Жалпы, Кеден одағы бар, келесі жылдан басталатын ортақ экономикалық кеңістік мәселесі бар –
осылардың арқасында Қазақстанды байлай беру, матай беру ниеті жатыр, – дейді Айдос Сарым.
Ол Құлыбаевтың Ресейдегі ең ықпалды компаниялардың біріне басшы боп келуі Қазақстан жағына бір ғана тарапта пайдалы болуы мүмкін екенін айтады. Бірақ сұхбаттасымыз Қазақстан мүддесінің оңайлықпен орындала қоймайтынын сөз етті.
– Егер Ресей біздегі мұнай немесе теміржол тарифтерін, мұнай-газ тасымалдау тарифтерін төмендететін болса – онда, әрине, жақсы. Бірақ, өзіміз көріп отырғандай, Кеден одағы аясында бұл мәселелер шеттеп қалған. Қазақстан көліктің де, тамақтың да, шеттен келетін тауарлардың да бағасын көтеріп жатыр. Ал теміржол тарифтері мен мұнай-газ тасымалдау мәселелері негізінен өзгеше шешілетін тақырыптарға айналып кеткен, – дейді Айдос Сарым.
Ресейдің газ монополиясы атанған компанияның директорлар құрамына сайланған Тимур Құлыбаев – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы. Әйелі Динара екеуі «Форбс» журналының әлемдегі ең бай адамдар тізіміне енген. Олардың байлығы 2,6 миллиард доллар деп шамаланады.
Ресейлік «Газпром» компаниясы – Каспий қайраңындағы Ресей мен Қазақстан бірігіп жүзеге асыратын «Орталық» жобасының қатысушысы.