Алматы соты бүгін, наурыздың 19-ы оппозициялық саясаткер, тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов пен "Халық майданы" қозғалысының белсендісі Серік Сапарғалидың тергеу мерзімін тағы бір айға ұзарту туралы санкция шығарды деп хабарлады Азаттық тілшісі.
Дүйсенбі, наурыздың 19-ы Алматының Алмалы аудандық сотында тіркелмеген «Алға!» партиясының жетекшісі Владимир Козлов пен «Халық майданы» қозғалысының белсендісі Серік Сапарғалиға қатысты сот отырысы өтті. Бүгінгі соттың шешімі бойынша қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылды.
«АДАМЗАТҚА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫС»
Сот отырысы кезінде Серік Сапарғалидың адвокаты Күлпаш Айгербаева судьяға қорғауындағы азаматтың денсаулығы нашар екенін айтты.
Осыған ұқсас өтінішті Владимир Козловтың адвокаты Алексей Плугов та жасады. Бұдан бөлек, ол «Жаңаөзен ісінде «Алға!» партиясы туралы мүлде сөз жоқ екенін, Козловтың қызметі тек екі жақты дауды шешуге бағытталғанын» айтты.
- Владимир Козлов «Халық майданы» қозғалысының құрамында Жаңаөзенге барғанда, ол жақта еңбек дауы ушығып, «әлеуметтік араздық қозып» қойған еді. Оның мұнайшылармен кездесуі кезінде бұл мәселені шешудің заңды жолдары қарастырылып, ол осы мақсатта жұмыс істеді, - деді адвокат.
Дегенмен, сотта прокурор Әсет Батыршаев «қамаудағылар босатылса, олар із жасырып кетуі немесе тергеуге кедергі келтіруі мүмкін» деген уәж айтты. Судья Гүлшахар Шыныбекова осыны «назарға алып», ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) тергеушісі Өскен Жанұзақовтың Козлов пен Сапарғалидың тергеу мерзімін сәуірдің 24-іне дейін ұзарту туралы өтінішінің негізінде үкім шығарды. Ол өз шешімін Козлов пен Сапарғали «Бейбітшілік пен адамзатқа қарсы ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Тергеуге қосымша уақыт керек» деп түсіндірді.
Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев судья шешімді оқыған кезде прокурордың сөзін қайталап шыққанын, тек «айыпты не айыбы жоқ екенін тергеу анықтайды» деген сөзді ғана қосқанын айтады.
«ОЛАР, КЕРІСІНШЕ, АДАМШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ»
Сотқа қатысқан құқық қорғаушы әрі журналист Андрей Свиридов судья мен прокурор айтқан «бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс» деген айыппен келіспейді.
- Керісінше, адамшылық көрсеткен азаматтарды адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптап жатыр. «Адамшылыққа қарсы қылмыс» пен «адамзатқа қарсы қылмыс» ұғымдары екі түрлі болса да, мағыналары өте жақын. Мәселен, Козлов Жаңаөзен мұнайшыларына ереуіл жасап тұрған кездерінде барып сөйлесті, оларға пана болатын шатырлар апарып берді, жылы сөз айтты. Бұл - оның адамшылығы. Бұл - адамзатқа қарсы қылмыс емес, - деді Андрей Свиридов.
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин «тергеу де, сот та, прокуратура да тәуелсіз емес, саяси тапсырысты орындайды» деген ой айтты.
- Билік оппозиция өкілдерінің істемеген әрекеттерін «істеді» деп жала жауып, оларды соттатып жібергісі келеді, - деді ол.
Қамауда жатқан Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова да соттың саяси астары бар екенін, «күйеуі бостандыққа шығу үшін «бір адамнан» кешірім сұрауы керек екенін» айтты.
- Бірақ ол ешқашан кешірім сұрамайды, - деді ол.
Козлов пен Сапарғали 2012 жылы қаңтардың 23-і Жаңаөзен оқиғасына байланысты "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айыппен екі айға қамалған болатын.
Қаңтардың 25-і Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев "Жаңаөзен қаласы прокурорының санкциясы бойынша әлеуметтік араздықты қоздыруға қатысы бар деген күдікпен «Алға» және «Халық майданы» тіркелмеген қоғамдық бірлестіктерінің басшылары мен белсенді мүшелері Козлов, Амирова және Сапарғали ұсталды" деп хабарлады.
Владимир Козловқа Жаңаөзен оқиғасына қатысты «арнайы топ құрып, ауыр зардаптарға соқтырған әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып тағылды.
Тергеушілер Козловты «2011 жылы қыркүйекте Жаңаөзенде заңсыз ереуілде тұрған адамдарға Әблязовтың «Қасиетті Маңғыстау күрескерлері», «Көтер рухыңды, қазақ, азат бол!» сияқты үндеулерін үнпарақ қылып таратқан» деп айыптайды.
Ал 2012 жылы қаңтардың 27-сінде Азаттық радиосына Серік Сапарғалидың туысы Райхан Мамаева қаңтардың 26-сынан бастап Сапарғалидың наразылық ретінде түрмеде аштық жариялағанын хабарлаған болатын.
Серік Сапарғали 2011 жылы Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына үміткер болуға өтініш беріп, кейін бас тартты. Осы сайлау қарсаңында Серік Сапарғали президент Нұрсұлтан Назарбаевты өз еркімен отставкаға кетуге шақырды.
Жасы жетпіске келгенше мемлекетті дұрыс басқара алмаған адам жетпістен кейін жақсы басқарып кетеді дегенге сенбеймін.
Ол сол жолы "Жасы жетпіске келгенше мемлекетті дұрыс басқара алмаған адам жетпістен кейін жақсы басқарып кетеді дегенге сенбеймін. Сондықтан президент Назарбаев биліктен өз еркімен кетіп, оның отбасы мүшелері мен әріптестері барлық байлық көздерін түгел ашып, халыққа, мемлекетке қайтаратын болса, онда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының қауіпсіздігіне кепілдік берілуі тиіс" деген болатын.
Бұл мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев қатысты.