Сот «Алға» партиясын жабуға үкім етті

"Алға" партиясы ұйымдастырған конференцияда президент Назарбаевты отставкаға жіберуді талап еткен сәт. Алматы, 25 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Желтоқсанның 21-і күні Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Мұхтар Әміров тіркелмеген «Алға» партиясын «экстремистік ұйым» деп таныды.

Жұма күні түске дейін өткен жарыссөзде Алмалы ауданының прокуроры Дәурен Дамиров «Алғаны» неліктен «экстремистік ұйым» дейтін себебін түсіндірді. Оның сөзінше, партияның сотталған жетекшісі Владимир Козловқа қатысты қылмыстық істе оның қызметі «экстремистік» деп бағаланған: «сондықтан Козлов басшылық етіп келген партия да – экстремистік ұйым».

Прокурор «Алға» партиясы әділет министрлігінде тіркелмегеніне қарамастан жұмыс істейтінін айтып, бұл сөзіне дәлел ретінде algadvk.kz сайтын атап өтті.

«ЖОҚ ПАРТИЯНЫ ЖАБУ»

«Алғаның» белсендісі Ерлан Қалиевтің айтуынша, «бір айға жетпей біткен процесте бұл іске қатысты кімнің жауапкер болатындығы анықталған жоқ – өйткені Алматы прокуратурасының шағымы қате толтырылған».

– «Тіркелмеген «Алға» партиясы» деген заңды тұлға жоқ. Тиісінше ол жауап бере алмайды, – деді Еркін Қалиев.

Ал «Алға» партиясы төрағасының бұрынғы орынбасары Михаил Сизовтың

Михаил Сизов. Алматы, 5 желтоқсан 2012 жыл.

пікірінше, «тіркелмеген партияны құру туралы 2009 жылғы ұйымдастыру комитетінің шешімі баяғыда ескіріп кеткен, сондықтан бұл «партияны» сотқа тарту – қисынсыз».

– Солайша «Алға» партиясы құрылмаған күйі қалды... Сол себепті прокуратураның талап-арызы бойынша бұл сотта жауапкердің кім болуы тиіс екенін де білмеймін, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Прокуратура тіркелмеген «Алға» партиясына байланысты талапты партия жетекшісі Владимир Козловтың жұбайы Әлия Тұрысбекованың атына жіберген еді. Бүгінгі

Әлия Тұрысбекова. Алматы, 21 желтоқсан 2012 жыл.

сотқа келген Әлия Тұрысбекова да ондай ұйымның жоқ екенін, сондықтан өзі де ондай ұйым өкілі бола алмайтынын, сотқа жауапкер ретінде емес - үшінші тарап ретінде ғана келгенін айтты.

Қарашаның 21-і күні Алматы қаласының прокуратурасы соттан тіркелмеген «Алға» партиясы мен «Халық майданы» қоғамдық бірлестігін экстремистік деп тану, «К-плюс», «Взгляд» сияқты бірнеше ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салуды сұрап талап-арыз түсірген.

Сот желтоқсанның 20-сы күні «Взгляд» газетін жабуға үкім етті, ал «Голос республики» газетіне байланысты прокуратура шағымын қарап жатыр.