Оппозицияның тағы екі белсендісіне айыппұл салынды

"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы наразылық шеруінде сөйлеп тұр. Алматы, 28 қаңтар, 2012 жыл.

Алматы қаласының әкімшілік соты қаңтардың 28-нде өткен рұқсат етілмеген шеруге қатысқан екі белсендіге айыппұл төлеуге үкім етті.
Алматы қаласының әкімшілік соты бүгін "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы мен суретші Қанат Ибрагимовқа қаңтардың 28-інде өткен рұқсат етілмеген шеруге қатысқаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (32 мың теңге) көлемінде айыппұл салды.

​Рұқсат етілмеген шеруге қатысқан Guljan.org сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның ісіне өзгерістер енуіне, парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова мен «Желтоқсан» қозғалысының белсендісі Құрманғазы Рахметовтің Алматы қаласында болмауына байланысты бұл әкімшілік істерді қарауды сот кейінге шегерді.

Суретші Қанат Ибрагимов (сол жақта) наразылық акциясында сөйлеп тұр. Алматы, 28 қаңтар 2012 жыл.


Қаңтардың 28-інде Алматыда ЖСДП жетекшілері Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ атылғанын айыптап, парламент сайлауының нәтижелеріне наразылық білдіріп, шеру өткізген болатын.

Шеру өткен күні Алматының ауданаралық әкімшілік соты Болат Әбілев, Әміржан Қосанов және Әмірбек Тоғысов үшеуіне «бейбіт жиындар мен митинг өткізу заңдылықтарын бұзды» деген айып тағып, 15 тәулікке қамауға алу жөнінде шешім шығарды.

Ал Жармахан Тұяқбайға 20 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 200 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынған еді. Үкімді орнынан тұрмай тыңдағаны үшін және пікірін отырып айтқаны үшін »сотқа кұрмет көрсетпеді« деп айыпталған Болат Әбілевтің жазасына тағы үш тәулік жамалып, ол 18 тәулікке қамалды.

Ал қаңтардың 30-ы осы шеруге қатысқан Мұхтар Шахановқа - 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 150 АҚШ доллары), Мұхтар Тайжанға – 20 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 200 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынған болатын.