Оралмандарды «уақытша баспанадан» шығару дауы

"Әлеуметтік жатақханада" тұрып жатқан оралмандар. Ақтау қаласы, 11 қараша 2017 жыл.

Маңғыстау облысы әкімдігі Ақтаудағы оралмандар орталығында 2011 жылдан тұрып жатқан 139 отбасын сотқа беріп, баспанадан шығарғалы жатыр. Жергілікті билік уәжі – «оралман алты айдан кейін өз күнін өзі көруі керек». Ал баспанадан шығуы тиіс оралмандар «Нұрлы көш» бағдарламасымен келсек те қолымызға тигені - тек осы үй. Басқа барар жер, басар тауымыз жоқ» дейді.

Ақтау қаласындағы былтырдан бері «Әлеуметтік жатақхана» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аталатын, яғни бұрынғы «Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында» 2011 жылдан бері тұрып жатқан Иран, Ауғанстан, Монғолия, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресейден келген оралмандар 2017 жылдың тамыз айынан бастап бұл мекен-жайда тұру мерзімінің 2012 жылы өтіп кеткені туралы сот алды хабарламасын ала бастаған.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңға сілтеме жасалған бұл ескертпеде «Қазақстан азаматтығын алған күннен, яғни оралман мәртебесінің мерзімі біткен күннен» бастап жатақханада тұру құқығы тоқтатылатыны баяндалған. Жатақхана басшысының сотқа жолдаған талап арызы негізінде оралмандарға қатысты «заңсыз тұрғындарды жатақханадан шығару және мемлекетке келтірген залалды өндіру туралы» сот процесі Ақтау қалалық №2 сотында қазан айынын бері жалғасып келеді.

«КЕЛГЕН ЖАҒЫМЫЗҒА ҚАЙТАТЫН ШЫҒАРМЫЗ»

Жас сотбасы Мұстафа Бейки мен Мехрназ Табнай да 2011 жылдың сәуірінде Маңғыстауға Иранның Горган қалсынан көшіп келген. Олар өздерімен бірге келген басқа 24 адам тәрізді «Нұрлы көш» бағдарламасымен қоныс аударғандарын, бірақ осы уақытқа дейін мемлекет уәде еткен игіліктердің бірде-біріне қолдары жетпегендерін» айтады.

Мұстафа Бейки №2 Ақтау қалалық сотында жауап беріп тұр. Ақтау қаласы, 8 қараша 2017 жыл.

Ирандық оралмандардың сөзінше, «Қазақстаннан келген үкімет өкілі оларды Горган қаласындағы мешітке жинап, елге шақырған». Ирандық қазақтар сол жолы өздеріне айтылғандай, «атажұртқа оралса қолдау жасалатынына, жұмыспен қамтылып, баспана берілетініне сенген соң үдере көштік» дейді.

- «Нұрлы көш» болып келдік қой, сегіз семья, 2011 жылы. Отырған үйіміз болмаса, басқа жәрдем көргеніміз жоқ. Бір жерге барсақ қиналамыз. Ешқандай заң да, жазу да білмейіз. Оқып-жаза алмаған соң, заң түсінбеген соң не пайдасы бар? Бір жерге барып, мынаны толтырып бере ғой десең, бетіңе қарап тұрады. Иранда көмек сұрасаң алдыңа жүгіріп бәрін істеп беретін еді, - дейді Мехрназ.

Мехрназ Табнайдың кіші қызы Ақсырғамен түскен суреті. Ақтау қаласы, 11 қараша 2017 жыл.

36 жастағы Мехрназ Табнай Қазақстанға келгенде бір ғана қыздары болғандарын, Маңғыстауға келген соң тағы екі қыздары дүниеге келгенін айтады. Сегіз жастағы үлкендері қазір 2-сыныпта оқыса, ортаншылары - дайындық тобында, ал кішісі «әлі үшке келмеген». Мехрназ Табнайдың өзі Горган қаласындағы техникалық университетті тамамдаған IT маманы. Жұбайы Мұстафа - құрылыс шебері, дәнекерлеуші. Бұл отбасынан 2016 жылдан бері төленбеген коммуналдық қарыз ретінде 319 мың 167 теңге төлеу талап етіліп отыр. Қарашаның 8-індегі сотта Мұстафа Бейки бұл талаппен мүлде келіспейтінін мәлімдеген болатын. Ал оның жұбайы Мехрназ Табнай:

Қолымызға тигені - тек осы үй. Бұдан шығарса, кері кетуден басқа амалымыз қалмайды.

- Қолымызға тигені - тек осы үй. Бұдан шығарса, кері кетуден басқа амалымыз қалмайды. Себебі күйеуім де жұмыссыз. Ол отбасын асырау үшін несиеге көлік алған. Соны әзер төлеп жүргенде бұл ақшаны төлей алмайтынымыз анық,- дейді.

Мехрназ Табнайдың сөзінше, «ирандық қазақтардың көпшілігі жұмыссыз. Егер баспанасыз қалса, бәрінің Иранға кетуден басқа жолдары қалмайды». Оның бұл сөзін Ираннан келген Әбдірахман Бабық пен Носратбибі Қазақ та қоштайды.

«КҮЛКІ ҚЫЛАДЫ»

Ал Қарақалпақстаннан келген Кабар Ажиюаев «мемлекеттен оралман ретінде ешбір жәрдем көрмеген соң, осы баспананы өздеріне мүлік ретінде берілген деп санайтынын» айтты.

- Жыл сайын «босат та босат», шаршадық енді шынын айтқанда. Облыс әкіміне арыз жазып, баспанамызды заңдастырып беруді өтінгенімізге айға жуықтады, жауап жоқ. Қазақстанға келу үшін қағаз жинаудың әлегі де бізге оңай болған жоқ. Подъемный көмек, квота, жер телімі берілмеді. Соны ескере отырып, мемлекет осы үйді бізге мүлік есебінде берген деп ойлаймын, - деді ол Азаттыққа.

Бірақ ол қайта көшуді намыс көреді. Кабар «балаларының болашағы үшін кері кете алмайтынын, барса ендігі қазақ болудан қалатынын» айтты.

"Әлеуметтік жатақхананың" кіреберісі. Ақтау қаласы, 11 қараша 2017 жыл.

- Біз кері кете алмаймыз. Себебі ондағы қазақ мектептері жабылып қалды. Ұлттығымыздан айырылуға шақ тұрмыз кері барсақ. Оның үстіне ол жердегілер де біздің Қазақстанға келіп қиналып жүргенімізді естіп алған. Барсақ «әлі сондай болып жүрсіңдер ме» деп күлкі қылады,- деп қынжылды ол.

Кабар Ажиюаевтің сөзінше, онымен бірге сотқа тартылған жеті оралман отбасы да өздерінің «жатақханада заңсыз отырғандарын мойындаудан бас тартқан». Олардан да 2016-2017 жылдары көрсетілген коммуналдық қызметтер үшін 300 мыңнан 800 мың теңгеге дейін қарыз өтеу талап етіліп отыр.

БИЛІК ӨКІЛІНІҢ УӘЖІ

Маңғыстау облысы әкімдігіне қарайтын «Әлеуметтік жатақхана» мемлекеттік мекемесі директоры Насыреддин Қожырбаев оралмандардың «жатақхананы өздеріне мүлік ретінде берілген деп санайтынымен» мүлде келіспейді. Оның сөзінше, шетелден келген оралмандар алты айдан соң бұл жерді босатуға міндетті, оларға кезінде түрлі көмектер берілген.

- Бюджеттен шыққан қаржы тиімді пайдалануы керек. Гособеспечение деген тек президентте ғой, басқа адамда гособеспечение жоқ қой, келісесіз бе соған? Сондықтан алты ай деп мерзім қойылған. Сол уақыт ішінде ол адам кірігіп, ықпалдасып, пәтерін алып, мемлекеттің нағыз азаматы есебінде өзінің күнін өзі көріп кетуі керек. Оларға кезінде квотасы бар, басқасы бар, көмектер болған, - дейді директор.

«Әлеуметтік жатақхана» мемлекеттік мекемесінің директоры Насыреддин Қожырбаев. Ақтау қаласы, 11 қараша 2017 жыл.

Ол талай жылдан бері дау болып келе жатқан бұл мәселені облыс әкімдігінде құрылған арнайы комиссия «әр отбасының әлеуметтік жағдайын зерттеп, жеке шешетінін» айтты. «Қыс бітпей ешкімнің жатақханадан шығарылмайтынын» ескерткен ол:

- Жатақхана ғой бұл, көші-қон министрлігінің бөлімшесі емес. Мен қайдан білемін оралмандардың неге қамтамасыз етілмейтінін. Олар алты ай емес, бес жыл тұрды. Енді не, ары қарай тұра беруі керек пе? – дейді.

Азаттық тілшісінің «Неге олардың осы уақытқа дейін заңсыз тұрғанын бес- алты жыл өткен соң еске алып отырсыздар?» деген сауалына ол:

Олар алты ай емес, бес жыл тұрды. Енді не, ары қарай тұра беруі керек пе?

- Неге олай деп сұрайсыз? Мен заң аясында жұмыс істеп отырған адаммын. Сіз щепетильный сұрақ қойып, тілімнен тартпай- ақ қойыңыз, пайдасы жоқ оның, - деп жауап қатты. Насыреддин Қожырбаевтың сөзінше, орталықтан шығу туралы кей оралмандарға 2014 жылы шыққан сот шешімі де болған. Ол биыл орындалған.

Азаттық тілшісі Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Звира Есбергенованың уәжін білуге тырысқан еді. Бірақ телефон арқылы хабарласқан тілшіге шенеуніктің өзі де, қабылдау бөлмесіндегі хатшысы да «жиналыста екенін» айтумен болды. Ал Маңғыстау облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

«ЗАҢДА АНЫҚ ЖАЗЫЛҒАН»

Азаттық тілшісі жергілікті билік пен оралмандар арасындағы дауға қатысты көлденең сарапшының да пікірін сұрап көрген еді. Оралмандар мәселесімен айналысатын қоғамдық белсенді Ауыт Мұқибек «жергілікті биліктің талабы заңды» деп есептейтінін, өйткені, «бейімдеу орталықтарында қанша уақыт тұру мәселесін анықтау жергілікті билік құзырына берілгенін» айтады.

- Жергілікті биліктің талабы заңды. Көші-қон заңының 24 және 26-баптарында анық жазылған. Заңда белгіленген уақытта босатып беруге оралмандар міндетті. Олар ол жерде өмір бақи отыруы тиіс емес. Көш тоқтаған жоқ қой. Ол жерде тұру мүмкіндігін басқа ағайындар да пайдалануы керек. Уақытша тұратын жерлердің көлемі де шектеулі. Бұл жерде екінші бір әңгіме бар, бұл ағайындар 2011 жылы келсе, ендігі жерде өз күндерін өздері көруі керек. Тұрғын үй басқармасына барып, жердің, үйдің кезегіне тұрып, банк арқылы несиелерге беріп, баспаналарын жасап алуы керек еді, - дейді ол.

Жергілікті биліктің атқару жағы жетпей жатыр. Екінші жағынан оралмандардың өзі де ұмтылуы керек. Бұл жерде заңдық сауаттың төмендігі болып тұр. Екі жақтан да.

Ауыт Мұқибек қазіргідей сот болып, шу шығып жатуына «екі жақты да», яғни жергілікті билікті де, оралмандарды да айыптайды.

- Оралмандарға заң мен құқықтарын түсіндіру жұмыстары жетіспейді. Заң өзі атқарыла қалмайды. Жергілікті биліктің атқару жағы жетпей жатыр. Екінші жағынан оралмандардың өзі де ұмтылуы керек. Бұл жерде заңдық сауаттың төмендігі болып тұр. Екі жақтан да, - дейді қоғамдық белсенді.

Қазақстанның көші-қон туралы заңында оралмандарды бейімдеу және уақытша орналастыру орталықтары қызметін аймақтардағы жергілікті билік ұйымдастыратыны жазылған. Онда оралмандардың «тұрғын үйі болмаған кезде бейімдеу не уақытша орналастыру орталықтарында бір жылдан аспайтын мерзімге тіркелуге құқығы бар» екені көрсетілген. Одан бөлек, оралмандардың «уәкілетті орган белгілеген кезең аяқталғаннан кейін берілген үй-жайды босатуға міндетті» екені де ескертіледі.

Заңда оралмандарға өтеусіз жеңілдік ретінде «жеке шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу, саяжай құрылысы үшiн ауылдардан жер учаскелерi берiлетіні» ғана жазылған. Ал баспана мәселесіне қатысты «тұрғын үй құрылысына ипотекалық қарыз алу құқығы берілетіні» көрсетілген.

Ақтау қаласындағы 2010 жылы салынған «Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» 2016 жылдың желтоқсанынан бастап аты өзгеріп, «Әлеуметтік жатақхана» коммуналдық мемлекеттік мекемеге айналған. Оның тікелей құрылтайшысы болып Маңғыстау облыстық әкімдігі саналады. 200 отбасына арналған бұл мекенжайда соңғы мәлімет бойынша 139 оралман отбасы, яғни 675 адам тұрып жатыр. Олардың көпшілігі Өзбекстан мен Түркіменстаннан келген этникалық қазақтар.