ОСК: дауыс беруге сайлаушылардың 75 пайызы келді

Алматыдағы №263 сайлау учаскесінде дауыс беруге келген сайлаушы. 15 қаңтар 2012 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс парламент және жергілікті мәслихаттар сайлауына сайлаушылардың 75 пайызы қатысқанын хабарлады. Сайлаудың алдын ала қортындысы жақын күндері белгілі болмақ.

Қазақстанда қаңтардың 15-і өткен кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауына сайлаушылардың 75 пайызы қатысқаны хабарланды. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов жексенбі күні Астанада жергілікті уақытпен сағат 22.30-да өткен брифингте жария етті.

– Жалпы, республика бойынша сайлаушылар тізімінде тіркелген 9 миллион 300 мың сайлаушының 6 миллион 980 мыңы, яғни 75,07 пайызы дауыс беруге келген. Қазір барлық сайлау учаскелерінде дауыс жинау жүріп жатыр. Айта кетейін, сайлау заңына сәйкес, сайлау учаскесінде дауыстарды санап шығу уақыты санау басталған кезден бастап 12 cағаттан аспауы тиіс, – деді Қуандық Тұрғанқұлов.

Ол Қазақстаннан тыс жерде 56 сайлау учаскесіндегі мәліметтер кейін түсетінін айтты.

Орталық сайлау комиссиясының жексенбі күнгі жариялап отырған мәліметтері бойынша, Астана уақытымен сағат 14-ке дейін түскен деректерде Қазақстанда сайлаушылардың 55.5 пайызы, яғни 5 миллион 162 мың 922 адам дауыс бергені хабарланды.

Оған дейін, яғни сағат күндізгі 12-дегі мәлімет бойынша, сайлау тізіміне енген азаматтардың 35,3 пайызы, ал таңертеңгі сағат 10-дағы деректер бойынша, сайлаушылардың 15,8 пайызы сайлау бюллетеньдерін алғаны хабарланған еді.

«ӘДЕТТЕГІДЕЙ ТАҢДАУ»

Сол күні таңертең Астанадағы ұлттық кітапханада орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берген президент Нұрсұлтан Назарбаев елдегі кезектен тыс парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауы «ашық және әділ өтуі үшін барлық шаралар жасалған» деп мәлімдеді.

«Бүгін халық дауыс беріп өз таңдауын жасайды» деген Назарбаев ел азаматтарының «әдеттегідей тұрақтылық пен тыныштық үшін дауыс беретіндігіне» сенімді екендігін айтты.

– Біз үшін бұл - үлкен емтихан. Қазақстандықтар еліміздің еркін болашағы үшін,

ЖСДП партиясының жетекшісі Жармахан Тұяқбай №311 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр. Алматы, 15 қаңтар 2012 ж.

отанымыздың тыныш өмірі үшін дұрыс таңдау жасайтындығына сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл кезде Алматыдағы №159 мектеп-гимназиясында орналасқан №311 сайлау учаскесінде дауыс берген Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай журналистерге әр адамның өзі үшін дауыс беруі керек екенін, сайлаудың әділ өтетіндігіне жылдан жылға сайлаушылардың сенімі азайып бара жатқанын айтты.

– Сайлаудың нәтижесі қалай болса да, біз 17 қаңтар күні митинг өткіземіз, – деді Жармахан Тұяқбай.

КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУ

Қазақстанда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауға дауыс беру қаңтардың 15-і күні Астана уақытымен таңғы сағат 7-де басталды.

Қазақстан орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, жексенбі күні сайлаушылар Қазақстан аумағы және шетелде ашылған 9 мыңнан аса сайлау учаскелерінде дауыс берді.

Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 7-де басталып кешкі сағат 8-де

Алматыдағы №263 сайлау учаскесінде дауыс беру басталар алдында орындалған мемлекеттік әнұранды қосылып айтып тұрған сайлау комиссиясының мүшелері. 15 қаңтар 2012 ж.

аяқталды. Дауыс беру өтіп жатқан сайлау учаскелерінің алдында қоғамдық ұйымдар экзит-пол жүйесімен сауалнама өткізді.

Ресми дерек бойынша, 16 миллионнан аса тұрғыны бар Қазақстанда 9,3 миллион сайлаушы тіркелген.

Бұл жолы парламент мәжілісіндегі 98 орын үшін елде жеті саяси партия өзара бәсекеге түсіп жатыр. Олар - президенттік «Нұр Отан» партиясы, «Ақ жол» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Әділет» демократиялық партиясы, «Қазақстан патриоттары» партиясы және Коммунистік халық партиясы.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы «Руханият» партиясын сайлаудан алып тастаған. Оған осы ұйымның бұрынғы жетекшісінің бас прокуратураға берген арызы негіз болды.

Бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі - елдің сайлау заңнамасына соңғы жолы енгізілген толықтыруларға сәйкес, мәжіліске кемінде екі саяси партия өтуі тиіс. Заңда көрсетілгендей, егер парламентке өтуге қажетті жеті пайыздық межені жалғыз ғана партия еңсерген жағдайда, дауыс беру қортындысы бойынша екінші орын иемденген партия, сайлауда қанша дауыс алғанына қарамастан парламентке өтеді.

Ал парламент мәжілісі депутаттығына тағы тоғыз адамды қаңтардың 16-сы күні ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев басшылық ететін Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды.

Қазақстандағы биылғы сайлауды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы, ТМД және Шанхай ынтымақтастағы ұйымы миссиясы сияқты 8 халықаралық ұйымдар мен 80-нен астам шет мемлекеттен жиыны 800-ден аса халықаралық бақылаушы қадағалайтыны хабарланған еді.

Сайлаудың барысын жариялау үшін жүзден астам шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тіркелген.

Қазақстан қоғамы «көппартиялы парламентке мұқтаж екенін» айтқан президент Назарбаев былтыр қарашаның 16-сы күні парламент мәжілісін таратып, 2012 жылы қаңтардың 15-інде елде мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлық шығарған.