«Қарсылық жиынына» қатысқаны үшін әкімшілік жазаға тартылған азаматтар айыппұл төлеуден бас тартып отыр. Құқық қорғаушылар шағын айыппұлды төлемегені үшін адамды пәтерінен айыруға мүмкіндік беретін Қазақстан заңдарында үлкен кемшіліктер барын айтты.
Жақында әкімшілік жазаға тартылып, он бес мың теңге айыппұл төлемегені үшін желтоқсаншы Хасен Қожахметтің пәтері арестке алынғаны туралы мәлім болды.
«15 МЫҢ ТЕҢГЕЛІК ДОМБЫРАМДЫ АЛСЫН»
Хасен Қожахмет Жаңаөзен оқиғасынан кейін Алматыда желтоқсанның 17-сі болған митингіге қатысып, сөз сөйлеген. Өзінің айтуынша, оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, оны төлеуден бас тартқан. Ол мұны «қорқыту, үркіту амалы» деп есептейді.
- 15 мың теңге үшін үйді қамаққа алуға бола ма? Бағана Алматының сот актілерін орындау департаментіндегілер «700 теңге үшін де үйді қамаққа қойғанбыз» деп мақтанады. Мәселе онда емес қой. Мен 15 мың теңге төлей салар едім. Бірақ мен
Біз бұл турасында Алматы қаласындағы сот актілерін орындату департаментіне хабарласқанымызбен жауап ала алмадық.
Мұның «радикалды» амал екенін айтқан құқық қорғаушылар Қазақстан заңында («ҚР атқару өндірісі мен сот орындаушыларының статусы туралы» заң, Әкімшілік кодекс) айыппұл көлемі мен оны өндіру тәсілінің тепе-теңдік мәселесі көрсетілмегенін үлкен кемшілік ретінде атайды.
- Заңда қарыз иесі айыппұлды төлемеген жағдайда оның мүлкін қамаққа алу мәселесі көрсетілген. Алайда ол адам жасаған әрекет пен соған сәйкес төлеуі тиіс айыппұл көлемімен шамалас болуы керек деп есептеймін. Заңымызда бұл нәрсе жоқ. Бұл оның үлкен кемшілігі. Бұл заңның халықаралық стандартқа сәйкес емес заңдар қатарына кіретінін де айтып өтейін, - дейді Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Виктория Тюленева.
«АҚШАНЫ АЙЫППҰЛҒА ЕМЕС, МИТИНГ ПАРАҚТАРЫНА ЖҰМСАЙМЫН»
Сәуір айының соңында Алматыда «Қарсылық жиынына» қатысқан үш азамат әкімшілік жазаға тартылды. Алматы қалалық әкімшілік соты азаматтық қоғам белсенділері Айгүл Кохаева мен Ермек Нарымбаевқа 20, қоғам белсендісі Тазабек Сәмбетбайға 19 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.
Қазіргі кезде бұл азаматтардың ешқайсысы айыппұл төлемегендерін айтты. Себебі, ешқандай заңға қайшы әрекет жасамағандарына сенімді.
Сәуірдің 28-і, «Қарсылық жиыныы» басталмай жатып полиция Ермек Нарымбаевты ұстап әкеткен еді. Жиынға қатыспаса да айыппұл салынған қоғам белсендісі оны төлеуден бас тартып отыр. Ол сөз арасында өзінің жұмыссыз екенін де айтып өтті.
- Егер қол ұшын беретін азаматтар көмектесем десе, ақша алауға қарсы емеспін. Бірақ ол ақшаны бірінші кезекте айыппұлды төлеу үшін емес, келесі митингке арналған парақшаларды шығару үшін жұмсаймын, - дейді Ермек Нарымбаев.
Әкімшілік жазаға тартылған қоғам белсендісі Тазабек Сәмбетбай сот шешімін заңсыз тану туралы сотқа шағым түсіргенімен, өтініші қанағаттандырылмағанын айтты. «Мұнымен тоқтамаймын» деген ол:
- Мен қазір заңгерлермен ақылдасып жатырмын. Бас прокуратураға бірден арыздансам ба деп отырмын. Одан қалды - халықаралық ұйымдарға шағымданам. Тек өзім ғана емес, мен сияқты айыппұл алған азаматтар да шағымдануы тиіс, - дейді.
«ЖҰРТТАН ТҮСКЕН 5 МЫҢ»
Қазақстанда кей кезде бейбіт жиынға қатысу құқығын пайдаланып, ақырында әкімшілік жазаға тартылған, бірақ сот шешімін орындауға мүмкіндігі жоқ азаматтардың айыппұлын «көптің көмегімен төлеу» практикасы қолданылып жүр. Әйтсе де, азаматтық қоғам белсендісі Айгүл Кохаева бұл тәжірибенің тиімді болмағанын айтты.
- Менде айыппұл салынған азаматтарға көмектессем деген ниет болды. Бірақ елдің шамасы жоқ, жағдайы жоқ. Көбісі жұмыссыз қалып жатыр. Сондықтан әзірге, небәрі 5 мың теңге жиналды, - дейді Айгүл Кохаева.
Көп жағдайда Қазақстанның бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы арнайы заңына сүйенген жергілікті билік жиынның рұқсат етілмегенін алға тартып, оған қатысқан азаматтарды әкімшілік жазаға тартып жүр. Ал құқық қорғаушылар бұл әрекеттің Қазақстан қол қойған азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пактіге қайшы келетінін айтып келеді.
Ресми дерек бойынша, жыл басынан бері үш айдың ішінде Қазақстан азаматтарына 14 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған. Ақпарат бойынша, оның 60 пайызы жол жүру ережелерін сақтамағандарға, 11 пайызы қоғамдық тәртіпті бұзушыларға тағайындалған екен. Қазақстанның бас прокуратурасындағы арнайы комитетке сілтеме жасаған Tengrinews агенттігі осыған байланысты 500 мыңға жуық қаулы шығып, оның тек 29 пайызы (шамамен 4 миллиард теңге) ғана іс жүзінде орындалғанын хабарлады.