9 жасар Самира Әлібекова мен 12 жасар Дамир Сәрсембековтің нағашы әжесі Роза Манаканова «даулы пәтерде ересектерден ешкім жоқ кезде жиендерін шығарған» жеке сот орындаушылардың әрекетіне заң тұрғысынан баға беруді талап етіп, Павлодар прокуратурасы мен полициясына шағымданғанын айтады.
Your browser doesn’t support HTML5
Тамыздың 3-і күні Павлодар қалалық соты Бестужев көшесінде орналасқан 14-үйдегі төрт бөлмелі пәтерден шығаруды қараған сот процесін тамыздың 23-іне ауыстырды. Павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова «шілденің 27-сі күні балаларды сот шешімінсіз әрі үйде ересек адамнан ешкім жоқ кезде шығарған, сондықтан сот қарайтындай нақты ештеңе жоқ» дейді.
Талай жылдарға созылатын кез келген пәтер дауы сияқты бұл жанжал кезінде де тараптар қарама-қайшы болжам айтады. Пәтердің бұрынғы иесі әрі кезінде Астанадағы құрылыс саласында бизнесі болған Әсел Манакановаға қатысты екі түрлі сот шешімі бар: бірі - қарызды мәжбүрлі түрде өндіру, екіншісі - қарызы үшін оны пәтерден шығару.
ПӘТЕРДІҢ ЕСІГІ
Тамыз айының басында Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған видеороликте павлодарлық тұрғын Роза Манаканова көршілерінен биылғы шілденің 27-сі күні кешкі сағат 11-де кәмелетке толмаған екі жиені «өз пәтеріне» кіре алмай тұрғанын камера алдында растауды өтінеді. Көршілерге ұқсайтын белгісіз адамдар әйелдің сөзін растап, ұялы телефондарындағы уақытты көрсетеді.
- Қазір подъездегі көршілерді жинап жатырмын. Өйткені олар мына балалартуғаннан бері осы пәтерде тұратынын біледі. Бүгін баспанадан заңсыз шығарып, екі бала далада қалды, - дейді Роза Манаканова видеода.
Бұдан әрі көз жасына булыққан ол пәтерден шығару кезінде әрі қас қарайғанша прокуратурада болғанын, ал жиенін подъезд алдында отырған күйі жолықтырғанын айтады.
- Таңертең біз ұйықтап жатқанбыз, бір кезде әлдебір аға, апайлар келіп, есігімізді ашты. Сосын бір апай бізге «мұнда келмеңдер» деді. Сосын мен кетіп қалдым. Жиһаздарымызды пәтерден шығарып тастады. Бұған қоса, олар бүкіл терезені алып, суды өшіріп тастады, - дейді 9 жасар Самира Әлібекова әлгі пәтердің алдында жазылған видеода.
Бұдан әрі видеода кішкентай қыз үстінде үйде киетін футболка мен колготки екенін көрсетіп, ал «кофта мен шұлықты Саша апай бергенін» айтады.
Оның 12 жастағы ағасы Дамир Сәрсембековтің айтуынша, оларды үйден шығаруға таңғы сағат 10-да келген, есікті бұзып ашқан әрі заттарды бір бөлмеге жинауды тапсырған.
- Сосын олар бізге «мұнда енді кірмейсің, заттарыңды алыңдар деді» ,- дейді Дамир Сәрсембеков.
Бұдан әрі видеода өзін осы отбасының көршісі Ернар Қожахметов деп таныстырған ер кісі екі баланы туғаннан бері танитынын айтып, «қандай жағдай болса да, жұрттың бәрі заң талабын орындауы тиіс» дейді.
- Балаларды пәтерден шығарып жиендеріме озбырлық танытты. Сот шешімін орындаушылардың қолында балаларды пәтерден шығару туралы акт болмаған. Балаларды неге бұлай қорлайды? – дейді Роза Манаканова.
Әлгі әуесқой видео жеке сот орындаушысы ресми тұлғалар мен дауға қатысушы өзге тараптың қатысуымен даулы пәтердің есігін бұзып ашып, «үйден шығару процедурасын» жүргізгеннен кейін түсірілген сияқты. Бұл видео миллиондаған қарыз ақшаға қатысты талай жылға созылған даудың жалғасы іспетті. Балалардың анасы Әсел Манаканова Азаттыққа «пәтерім өзге қожайындардың иелігіне өтіп кетті» дейді. Бірақ ол өз құқығын қорғау үшін жоғарғы сотқа әлі жетпегенін айтып, «бұл іске қатысты соттар әлі аяқталған жоқ, ал қарызым үшін меншігімдегі өзге мүлік емес, неге жалғыз баспанамды сатуға қойып әрі сатады» дейді.
- Бірақ мен пәтердің кімге тиесілі екенін емес, сот орындаушыларының мына әрекетіне қатысты шағымдандым. Олар кәмелетке толмаған балаларды менсіз, ересектерсіз әрі тиісті құжатсыз, яғни тамыздың 3-і күні өтуі тиіс сот шешімінсіз баспанадан шығарып, даладақалдырған, - дейді Әсел Манаканова.
Ол балаларды үйден шығарған күні созылмалы сырқатына байланысты өзге қалада ауруханада жатқанын айтады.
Роза Манаканованың айтуынша, қызының қарызына қатысты сот процестері төрт жыл бұрын басталған. Қызы да, анасы да іске қатысты жайттарды толық айтқысы келмейді. Екеуі тек Әсел Манаканованың кәмелетке толмаған екі бала асырап отырған жалғызілікті ана екенін әрі «балалары тіркеуде тұрған жалғыз баспанасын заңсыз тартып алып, оған хабарламастан тиын-тебенге сатып жіберді» деп қана айтады.
Даудың өзге тарабының айтуынша, Астанадағы құрылыс саласында Әсел Манаканованың бизнесі болған. Ол және Астана тұрғындары Сайын Есмағи мен Жанар Дүйсенбекованың арасында ақша дауы туған. Даудың ақыры Әсел Манаканованың Павлодардағы пәтері қарызын төлеу үшін тәркіленуі тиіс деген ресми шешімге ұласқан.
«БАЛАЛАРДЫ ШЫҒАРҒАН ЖОҚ»
Жеке сот орындаушысы Фарида Мұқашева Азаттыққа сот шешімін орындау процедурасы кезінде сол жерде болғанын, бірақ онымен айналыспағанын айтады. Оның сөзінше, ол әлгі жерге өзге дауға қатысты, яғни пәтер иесі Әсел Манакановадан қарызды өндіру туралы істі қараған өзге сот шешімін орындау үшін барған. Ол болған жайттарды толық айтпайды, ал Әсел Манаканова «мұның тағы қандай іс екенін білмеймін» дейді.
Сот шешімін орындаушы Мұқашеваның айтуынша, оның әріптесі балаларды емес, пәтер иесі Манаканованы пәтерден шығарумен айналысқан, ал балаларды шығару туралы құжат болмаған.
- Сол жерде болдым, сондықтан менің білуімше, ешкім балаларды шығарған жоқ. Балалар үйде қалды емес пе. Олардың заттарын да қалдырды. Тамақ, киім-кешек, жиһаз сияқты қажет заттардың бәрі қалды. Балалар да іште қалған. Манаканованың заттары ғана шығарылды, бірақ оның өзі сол күйі келген жоқ. Мен ол келетін шығар деп ойлап, оны ақырына дейін күттім, - дейді Фарида Мұқашева.
Шілденің 27-сі күні сот шешімін орындаған жеке сот орындаушысы Айбол Сыздықов Павлодардағы Азаттық тілшісіне берген комментариінде «пәтердің есігін ашпаған соң оны бұзып ашуға тура келді, пәтердегі балалардың жанында екеуінің күтушісі, ересек әйел болды» дейді. Сот орындаушысының айтуынша, пәтерден шығару кезінде балалардың туысы – әйел адам да болған. Жеке сот орындаушысы Айбол Сыздықов сөзінің дәлелі ретінде бірнеше бөлімнен тұратын видеожазбаны көрсетті.
- Пәтерден шығаруға барған кезде ол жерде Манаканова ханым болмай шықты. Мәжбүрлі түрде шығару шаралары қолданылды. Шығару кезінде пәтерде кәмелетке толмаған екі бала және тәрбиеші әйел бар екені анықталды. Пәтерден Манаканова мен оның мүлкін ғана шығардық.Манакановадан өзге азаматтардың пайдасына бір миллион 500 мың теңге шамасындағы қарызын өндіру ісі бойынша шыққан сот шешімін орындау үшін тағы бір сот орындаушысы да бізбен қатар жұмыс істеді, - дейді Айбол Сыздықов Азаттыққа.
Пәтердің жаңа иесі, астаналық тұрғын Сайын Есмағи жанжалдың екінші тарабының уәжін тыңдауды сұрап Азаттықтың Астанадағы редакциясына өзі телефон соқты. Ол Әсел Манаканова туралы «жеріме үй салып беремін деген уәдемен 10 миллионымды алып, қашып кетті, содан бері соттасып келеміз, ал ақшаны қайтармаған соң пәтерін сот шешімімен алып жатыр. Ол «пәтер былтырғы қарашадан бері менің отбасымның иелігіне көшкен, бірақ заңды меншік құқығымызға қол жеткізе алмай жүрміз» дейді.
- Мына «бәйге» мамырдың 15-інен бері, жылу маусымы аяқталған кезден басталған. Біресе ауырып қалады, біресе бір жаққа кетіп қалады, біресе тағы бірдеңе шығарады. Ақыры оны пәтерден мәжбүрлі түрде шығарып жатыр. Жай емес, мәжбүрлі түрде шығарып жатыр. Балаларды ешкім далаға лақтырып тастаған жоқ, ол жерде екеуінің туған әжесі болған, сол кісі алып кетті, - дейді Сайын Есмаги.
Павлодар қаласы прокуратурасы «үйде туыстары жоқ кезде балаларды шығару» оқиғасына қатысты әзірше ешқандай комментарий берген жоқ. Роза Манаканова бірнеше миллион теңгенің «дүниесі жоғалғаны» жайлы полицияға арыз бергендерін айтады. Әсел Манаканова «Қарызыңызды ертерек неге жаппадыңыз?» деген сұраққа коммментарий беруден бас тартты, ол бұл іс бойынша соттар әлі аяқталған жоқ дейді.
Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Тимур Айтмұхамбет қатысты