Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушылары әуелі YouTube-те жарияланып, кейін басқа желілерге тараған бір видеоға наразы болды. Олар 26 қазанда YouTube желісінде шыққан «Русские Павлодара (Павлограда) воссоединяйтесь» атты ұзақтығы екі минуттық бейнероликті кім жасағанын өздерінше жориды.
«АРАНДАТУШЫЛАРДЫҢ ІСІ»
Видео YouTube-ке Павел Астахов есімді аккаунттың атынан жүктелген. Бірақ оның әлгі желіде осы видеодан басқа ешбір материалы жоқ.
Видео «Русские, вперед», «Павлодар – русский город» деген сөздермен басталады. Экранға пышақ, балта, пистолет сияқты суық қару ұстанған адамдардың суреттері бірінен кейін бірі шығып отырады. Суреттегі адамдардың көбінің түрлері көрінбейді. Олардың қай жерде жүргені де белгісіз. Роликте «Русские, вперед» атты өлең ойнап тұрады. Бейнероликтің шекесіне Ресей туы мен свастика белгісі қойылған.
Қарашаның 3-і күні YouTube-тегі ол видеоны көрген адамдар саны 2 мыңға жуықтады. Олардың арасынан 138 адам «Ұнамайды», 2 адам «Ұнайды» белгісін басқан.
Өзге әлеуметтік желілер арқылы да таралып жатқан бұл видеоға қатысты ең қызу пікірталас өрбіген жер – «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан тарихы | История Казахстана» тобы. Ондағы қолданушының көбі «бұл видео ұлттар арасына от салу, арандату мақсатында ұйымдастырылып отыр» деп бағалады.
Тарихты білетін және мәселенің мән-жайынан хабардар ақылды адамдар мұндайға ешқашан алданбайды.Alyona Svershok, «ВКонтакте» қолданушысы
«...Тарихты білетін және мәселенің мән-жайынан хабардар ақылды адамдар мұндайға ешқашан алданбайды. Бір нәрсені ұмытпау қажет: жаман ұлт болмайды, тек жаман адамдар болады. Мен орыспын, Қазақстанда туғанмын, бұл менің Отаным! (Адамдарды) ешқашан да ұлттық принцип бойынша бөлмеймін! Ұлттық ерекшелік бойынша қорламаймын... Ақылы тар адамдар жасайтын мұндай видеолар мен мәлімдемелерге алданып қалуға болмайды» дейді «ВКонтакте» желісінде ол видеоға жазылған 800-ге тарта пікірдің бірінің иесі Alyona Svershok есімді қолданушы.
Канат Ескендиров есімді қолданушы видеоны жариялаған қауымдастыққа видеоны тез арада алып тастау қажет екенін айтқан. Ол видеодағы суреттерде тұрған адамдардың ақыл-есі дұрыстығына да күмән келтіреді.
«Ақыл-есі түзу адамдар балта ұстап суретке түспейді. Оларды жарнамалаудың не қажеті бар?» деп жазады «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің қолданушысы.
Оқырмандардың кейбірі видеодағы адамдардың павлодарлық екендеріне де сенбейді, ал бірнешеуі «тек бір суреттен Павлодар қаласындағы мемлекеттік рәміздер алаңы көрініп қалғанын» айтады.
«Шынымен павлодарлықтар болса, бұл іске ұлттық қауіпсіздік комитеті кірісуі керек. Әкімшілік, бұл видеоны соларға беріңдер» деп жазады Nurlan Kani есімді қолданушы.
Оның пікірін қостаған наразы қолданушылар «бұл видеоға байланысты прокуратура іс қозғауы керек» екенін де айтады.
Азаттық тілшісі бұл видеоға байланысты пікірлерін білмекке Павлодар облысындағы қауіпсіздік мекемелеріне хабарласқан еді, бірақ облыстық прокуратурасының бас маманы Айымгүл Ермұратовамен ғана тілдесудің сәті түсті.
– Әзірге ол видеоны көрмедім. Бірақ егер шынымен де арандату бағытындағы видео болса, тексеріс басталатын шығар, – деді ол.
Азаттық тілшісі видеоны әлеуметтік желіге ең алғаш жариялаған аккаунт иесімен хабарласа алмады.
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДЫ «ДАУЛАУШЫЛАР»
Қазақстанның Ресеймен шекаралас облыстарына қатысты әлденеше жылдан бері анда-санда айтылатын арандату бағытындағы мәлімдемелер Украина дағдарысынан соң тіпті жанданған.
Биыл ақпанда ресейлік оппозиционер Эдуард Лимонов Кремльге «Қазақстанның солтүстік аймақтарын қосып алуды» ұсынған. Іле-шала Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский «Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту» жайын айтқан. Сәуір айының басында Хакасия жоғары кеңесінің төрағасы Владимир Штыгашев «Ресейдің Қазақстанға бере салған бес облысы теориялық тұрғыдан референдум арқылы Ресей құрамына қайтарылуы мүмкін екенін» сөз еткен.
Кейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров саясаткерлерінің пікірлеріне «ұялатынын» айтып, «Ресейдің ұстанымын тек президент, премьер-министр және сыртқы істер министрі ғана білдіре алатынын» мәлімдеген.
Бірақ ресейлік саясаткерлердің мәлімдемелерінен тіксінген қазақстандық азаматтық белсенділердің орыстілді тұрғындары көп аймақтар жайлы қауіптері Ресей Украина құрамындағы Қырымды өзіне қосып алған соң тіпті үдей түскен.
Шілдеде «ВКонтакте» желісінде Солтүстік Қазақстанды «даулаған» топ пайда болып, кейін оның парақшасы «зорлық әрекетке шақырғаны үшін» Қазақстан аумағында бұғатталған еді.
2009 жылғы санақ нәтижесіне қарағанда, Қазақстанда орыс ұлты өкілдері (3 миллион 800 мыңға тарта адам) елдегі халықтың 23,7 пайызын құраған. Этникалық орыстардың үлесі елдің солтүстігі мен шығысындағы облыстарда (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында) 40 пайыздан жоғары.