Тасқыннан соңғы тұрмыс

Your browser doesn’t support HTML5

Тасқыннан соңғы тұрмыс. Азаттық видеорепортажы.

Солтүстік Қазақстан облысындағы тасқыннан зардап шеккен кей тұрғындар жергілікті билік әлі күнге үйлеріндегі суды шығаруға жәрдемдеспей жатыр дейді. Олардың кейбірі туыстарының үйінде, ал тағы бір тобы мектепте тұрып жатыр. Мектептегілер өздерінің антисанитарлық жағдайда тұрып жатқандарын айтады.

Биылғы су тасқыны қыратта орналасса да Солтүстік Қазақстандағы Заречный ауылы сияқты кей елді-мекендер тұрғындарына ауырға соқты. Қыраттағы ауыл су тасқыны кезінде аралға айналған еді. Мұнда қазір судың беті қайтқанымен, соның салдарынан туындаған мәселелер шешілмей жатыр.

МЕКТЕПТЕГІЛЕР ДЕ, СЫРТТАҒЫЛАР ДА ШАҒЫНАДЫ

Заречный ауылының тұрғыны Анатолий Багинский тасқыннан кейін ауылдағы туыстарының үйінде тұрып жатыр. Оның өз үйінің ауласы мен жертөлесін су алып кеткен. Соны сорып тазалату үшін тиісті мекемелерге хабарласса да, Анатолий Багинский үйін судан тазартатын техника ала алмай отыр.

- Әкімнің бізге берген уәдесі бойынша бізге су сорғызатын тракторлар келуі керек еді. Мен 109 диспетчерлік нөміріне хабарластым, олар маған суды айдап шығаратын қызметтің нөмірін берді. Олар келеміз деген соң мен кешке дейін күттім, бірақ келмеді, - дейді Анатолий. Кейін қайта хабарласса да техника жіберілмеген.

Заречный ауылының тағы бір тұрғыны Валентина Проскурякованың су тасқынынан кейін зардап шеккендер паналау үшін арнайы жасақталған мектепті паналап жүргеніне 20 күннен асыпты.

- 25 сәуірден бері мектепте тұрамын. Енді не боларын білмеймін. Қызым маған жиналмалы төсек сатып алды. Осы төсекте жатсам да үйге барғым келер еді, бірақ онда тұру мүмкін емес, - дейді Валентина Проскурякова.

Тасқын судан үйлері бүлініп, мектепке қоныстандырылған Заречный тұрғындары. СҚО, 18 мамыр 2017 жыл

Тасқыннан зардап шеккен адамдардың бір тобы Заречный ауылындағы №13 мектепте тұрып жатыр. Су тасқыны басталғанда мектепте 50-ге жуық адам тұрған. Қазір олардың саны оннан асады. Мектепті паналаған адамдар өздері уақытша тұрып жатқан жердің антисанитарлық жағдайына шағымданады.

Ауыл тұрғыны Любовь Ложкинаның айтуынша, мектепті паналап жатқан адамдардың төсек орындары тұрған жерде тамақтанатынын айтады.

- Екі-үш метр жерде әжетханалары тұр, төсек орындары да осы тұста. Әрине, бұл - антисанитарлық жағдай, - дейді ол.

Ал №13 мектептің директоры Бауыржан Жүнісов мектепте уақытша тұрып жатқандардың айтқанымен келіспейтінін білдірді. Ол жағдайды кеңірек түсіндіруден бас тартты.

РЕСЕЙГЕ КӨШКЕНДЕР ДЕ КӨМЕКТЕСКЕН

Су тасқыны басталғалы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 17 елді-мекенде 380 үйді су басып, оның тоғызы қирады. Бес мың саяжай учаскесі су астында қалды. 341 үйге гуманитарлық көмек көрсетілген. Мәселен, Павлодардан жеткен гуманитарлық жүк еріктілердің жәрдемімен эвакуация пунктерінде орналасқан адамдарға берілген. Азық-түлік, киім, тұрмыстық заттар тізім бойынша отбасыларға тапсырылған.

Петропавлға Ресейден де гуманитарлық көмек жеткізілді. 16 мамырда Ресейдің Түмен облысынан Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге бес шағын автобуспен ұн, өсімдік майы, жарма, консервілер және тағы да басқа көмек әкелінді.

Су басқан Заречный ауылы. 16 мамыр 2017 жыл

Гуманитарлық көмекті бұрын Қазақстаннан Ресейге кетіп қалғандар мен ресейлік кәсіпкерлер жинаған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, көмек бір аптада жиналған. Петропавл қаласына келген гуманитарлық көмекті Қазақстан халқы ассамблеясының жергілікті филиалы қабылдап алған. Гуманитарлық көмек ең алдымен облыс орталығы Петропавл қаласының іргесіндегі Заречный, Былғары зауыт және Мичурино ауылдарында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға таратылады деп хабарланған. Ресейден келген жүк 8 тоннадан асады.