Көп әйел алу у-шусыз жүзеге асып жатыр

Көрнекі сурет

1921 жылы маусымның 14-інде Түркістан AССР орталық атқару комитеті қалың мал мен көп әйел алуға тыйым салатын декрет қабылдады. Сарапшылар қалың малдың қалғанына күмән келтірсе де, "тоқал мәселесінің" әлі күйіп тұрғанын айтады.

– Кешегі совет дәуірінде ер адамдарға көп әйел алуға толық түрде тыйым салды. Ал қалың мал беру мәселесін шеше алмады, - дейді әлеуметтанушы ғалым Зәуре Жаназарова. Оның айтуынша «қалың мал» дәстүрі қазақ мол шоғырланған Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде аздап сақталған.

– Мәселен, өзіміз жиі мысалға алатын Шымкент өңірінде қалыңсыз қыз ұзататын отбасы некен-саяқ. Кейде осы өңірдің сүрбойдақ жігіттерінен «неге үйленбей жүрсің?» деп сұрасаң, ата-анасының жұпыны тұратындығын, қалың малға беретін қаражатының жетімсіз екендігін айтады, - дейді Зәуре Жаназарова.

«ОҢТҮСТІКТЕГІ САЛТ - ҚАЛЫҢ МАЛ ЕМЕС»

Оңтүстік Қазақстанның тумасы, сатирик Көпен Әмірбек басқаша пікірде. «Қалың мал беру – қызды сату емес, екі әйел алу –асып-тасығандық емес. Қалың мал беру – қазақ халқының өз перзентіне деген махаббатының көрсеткіші еді» дейді ол.

– Мен өзім оңтүстік өңірінен болғандықтан, сол жақтың тірлігін бес саусақтай білемін ғой. «Ананың ақ сүті» деп көк қағазды немесе өзіміздің көп қағазды конвертке салып ұсынып жатады. Бірақ, бұл қалың мал емес... Қазіргі ананың ақ сүті үшін төленетін сома - баяғының қалың малының мысқалына да жетпейді, - дейді ол.
Сатирик Көпен Әмірбек. Aлматы, 11 маусым 2011 жыл


– Ол кезде қалың малдың басы қырық жеті жылқы болатын. Қазіргі есеппен алғанда - кем дегенде 47 мың доллар. Сондықтан да осы күндегі қыздың әке-шешесіне берілетін азын-аулақ тиын-тебенді «қыз алудың жоралғысы» деп ұғу керек, - дейді сатирик.

Тарихшы Досалы Салқынбек қызға төленетін қалың малдан гөрі қыз ұзататын үйдің жігіт жағына беретіні асып кететіндігін айтады.

– Қалың мал деп айтқанымызбен, оның арғы түп-тамырының өзін дұрыс түсінбей жүрміз. Өйткені қазіргі күні қыздың «төсек жабдығы» дейді, басқасы дейді, беретін дүниесі қыз алған жақтың бергенінен бірнеше есеге асып түседі. Сондықтан бұл тақырыптың астарының өзі күмәнді нәрсе, - дейді тарихшы.

«ТОҚАЛ БОЛУ – ЖОҚШЫЛЫҚТАН ТУДЫ»

Сарапшылар «екі әйел алу» тақырыбының Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін жиі көтерілетінін айтады.

Әлеуметтанушы ғалым Зәуре Жаназарова «Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезең – қара халықтың әлеуметтік жағдайының шайқалған тұсы болды. Көптеген жас қыздар ертеңі үшін жағдайы бар ер-азаматтардың екінші әйелі болуға келісім беріп жатты» дейді.
Әлеуметтанушы Зәуре Жаназарова. Aлматы, 13 маусым 2011 жыл

Ғалымның ойынша екі әйел алу мәселесіне астананың Алматыдан көшірілуі де көп әсер еткен.

– Ең бірінші Астанаға қолында үлкен билігі барлар мен ірі бизнес өкілдері қоныс аударды. Ал оның үй-жайы, бала-шағасы, отбасы Алматыда қалды. Енді орнап жатқан жас астанаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жастардың ағылғаны мәлім. Осы орайда салт басты, сабау қамшылы күйде барған еркектер мен жұмыс іздеген жас қыздар мешіттерге барып неке қидырып, болмаса азаматтық некемен жұбайлық өмір салтын ұстанды, - деген Зәуре Жаназарова парламенттегі заңның қаралуына басты себеп те осы екендігін айтады.

«ЕКІ ӘЙЕЛ АЛУҒА ҚАРСЫ ЕМЕСПІН»

Сатирашы Көпен Әмірбек екі әйел алу туралы заңның күндердің күнінде қабылданатынына сенімді.

– 1998 жылы екі әйел алу туралы заң қабылдау туралы тұңғыш рет парламентте мәселе көтерілді. Сонда заңды қабылдауға екі дауыс жетпей қалған болатын. Сондағы жетпей қалған екі дауыс – сол жерде отырған шала қазақтардың немесе ұлтын сүймейтіндердің дауысы болатын, - дейді ол, - Қазір шариғат жолымен екінші, тіпті үшінші әйелмен некелескендер қазақ қоғамында күннен күнге көбейіп келеді. Сондықтан да уақыт өте арнайы заң қабылданатыны ақиқат.

Мәжіліс депутаты Бақыт Сыздықова. Aстaнa, 5 қазан 2009 жыл

Көп әйел алу туралы заңның қабылдануына қарсы шыққан депутаттардың бірі – Бақыт Сыздықова. Алайда, депутат "Айқын" газетіне берген сұхбатында «Бұл - түсініспеушіліктен туындаған жағдай. Мен көп әйел алуды қолдаймын. «Егер сол туралы заң қабылдасақ, онда көп күйеуге шығу туралы мәселе қозғауға тура келеді. Өйткені Ата заңымыздың 14-бабында «жынысына, жасына қарамай барлық адам тең құқылы деп жазылған» дегенімді көп адам түсінбей қалған сияқты» депті.

Ол осы сұхбатында көп әйел алудың іс жүзінде орындалып жатқандығын айта отырып: «Менің екі әйелі бар ауқатты достарым бар. Олар әйелдеріне жеке-жеке үй алып, жағдайын жасап берген. Мен бұған дұрыс қараймын, себебі әрбір нәзік жандылар бақытты болуға лайықты» деген пікір білдірген.

Зерттеуші Зәуре Жаназарованың айтуынша, Қазақстанда әлі күнге дейін қалың мал беру, көп әйел алу тақырыбы бойынша арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізілмеген.

– Біріншіден, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге - қаржының жоқтығы қол байлау. Екіншіден, қазақ қоғамында бұл тақырып аса өзекті емес. Сондықтан зерттеушілердің де қызығушылығы жоқ, - дейді әлеуметтанушы ғалым.