Балабақшадан Бундестагқа дейін жарнамаланған жолдау

Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа кезекті жолдауы туралы телеарна хабарынан скрин-шот. 17 қаңтар 2014 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жолдауы биыл тікелей эфирден берілмегенімен, жарнамасы қызу жүріп жатыр. Ал жолдауды балабақшада талқылау дау тудырды.
Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті студенттерінің Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауын қолдап флешмоб өткізгені сол еді, әлеуметтік желілерде «Назарбаев жолдауын балабақшада талқылау» үгіт шарасы туралы пікірталас туды. «Комсомольская правда Казахстан» газеті «48-балабақшада президент Назарбаевтың жолдауы талқыланды» деген тақырыппен мақала жариялаған.

Интернет қолданушылар Алматы қаласындағы 48-балабақша меңгерушісі Арман Жәкішеваның газеттегі «Біз үш бағытта – балалармен, олардың ата-аналарымен және тәрбиешілермен жұмыс істейміз. Бұл жолдаумен бүкіл жұртшылық танысуы тиіс» деген сөзін келтіреді.

Мақала авторлары жиналысқа «Нұр Отан» партиясының Әуезов аудандық филиалының өкілі Рахмет Нұрахметов қатысып, «бұл іске жауаптылықпен қараған» ұстаздарды мақтағанын жазады. Шара соңында балабақша тәрбиеленушілері патриоттық ән шырқаған.

«Комсомольская правда» газетінің 2014 жылы 30 қаңтардағы санында шыққан «48-балабақшада президент Назарбаевтың жолдауын талқылады» атты мақала.

Президент Назарбаев өзінің жыл сайынғы жолдауын қаңтардың 17-ісінде Астанада мемлекеттік элитаның жабық жиналысында жариялады. Биылғы жолдау алғаш рет тікелей эфир арқылы көрсетілмеді. Назарбаев «кезекті белестерді» бағындыруды ұсынды.

Түйінді міндеттердің бірі ретінде мұнайға бай болса да бензинге жарымай отырған Қазақстанда тағы бір мұнай өңдеу зауытын салу қажеттігін атады. Бірақ кейбір интернет қолданушылар Назарбаев жолдауындағы идеяларды емес, оларды жарнамалау жолдарын күлкі ете бастады.

Апта аяғындағы Қазнет Алматы балабақшаларының бірінде өткен «жолдауды талқылауға» қатысты әзіл-оспаққа толы болды.

Nurzhan Baimuldin деген қолданушы: «Мұндай ой кезінде тіпті коммунистердің де ойына келмеген еді. Мүмкін СССР коммунистер балабақшаға бармаған соң күйреген шығар?» деп жазады.

Сат Берниязов: Жолдау түскі ұйқы алдында балаларды «горшокқа» отырғызып талқыланды.

Кенжебай Тоғыбаев: Бейнелей айтқанда, мен - тоқырау заманында туған адаммын. Ол дәуірдің маразмы енді келмеске кетті ғой деп ойлаушы едім. Сөйтсем, қатты қателесіппін. Көреріміз әлі алда сияқты...

Аян Шәріпбаев: Әсіресе кіші топтың балалары сұрақты көп қойды. Олар 2050 саны нені білдіретінін түсіндіруді сұрады...

Кейбір интернет қолданушылар мұндай іс-шараларды зоопарктерде де өткізуді ұсынады.

МЕКТЕП ПЕН ШЕТЕЛДЕ ТАЛҚЫЛАУ

Орта мектептер мен жоғары оқу орындарында Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауын талқылаған жиналыстар өткені туралы жаңалықтар легі толастар емес. Назарбаев жолдауындағы идеяларды Қазақстанның елшілік қызметкерлері «әлемдік қоғамдастыққа» да жарнамалап жатыр. Назарбаевтың жолдауымен Германия парламенті – Бундестаг депутаттары да танысқаны хабарланды.

Ал 24kz телеарнасы «неміс сарапшылары президент жолдауын талқылады. Қазақстанның Германиядағы елшісі ГФР сараптама орталықтарының қызметкерлеріне президент жолдауын түсіндірді» деп хабарлайды.

Inform.kz ресми сайтының хабарлауынша, «Алматы облысы әкімі Аңсар Мұсахановтың тапсырмасымен 70 адамнан тұратын 19 ақпараттық-насихат тобы ҚР президентінің жолдауында тұжырымдалған негізгі бағыттарды түсіндірді».

Мұндай үгіт бригадалары басқа облыстардағы ауылдар мен шағын қалаларды да аралап жүр. Назарбаевтың жолдауын талқылауға арналған жиналыстарға гарнизонда әскери қызмет атқаратын сарбаздар да қатысқан.