Түрмедегі тұтқын ВИЧ-тен қайтыс болды

Түрмедегі СПИД дертіне қарсы қозғалыс белгісі. (Көрнекі сурет)

Қазақстан түрмелерінде отырған 60 мыңнан аса адамның мың жарымдайы ВИЧ инфекциясына шалдыққан. Қылмыстық-ақтару жүйесінің мамандарының айтуынша, «ВИЧ-ке шалдыққан азаматтардың басқа тұтқындармен бірге отыруының еш қаупі жоқ».
2009 жылы үш жылға түрмеге түскен Игорь бостандыққа шығуына екі апта қалғанда, биыл сәуірдің 12-сі күні көз жұмды. Игорьдің апайы Иринаның сөзіне қарағанда, бауырының өліміне ВИЧ инфекциясы себеп болған.

СПИД ОРТАЛЫҒЫНА РЕНІШ

– Игорь 2006 жылы ВИЧ-ке шалдығып, үш жылдан кейін түрмеге түсті. 2011 жылға дейін інім Семейдегі санитарлық қалашықта жазасын өтеді. Онда дәрігерлердің қарауында болды. Бұл мекеме ауруға шалдыққан тұтқындар отыратын түрме екенін білетін шығарсыздар. Ол жақта інімнің жағдайы жаман емес еді, – дейді Ирина.

Иринаның айтуынша, інісін 2011 жылдың көктемінде тіркелген жері бойынша Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 мекемесіне ауыстырыпты. Осы сәттен бастап оның жағдайы күрт нашарлаған екен.:

– Заречныйға өткен жылдың сәуірінде келді, ал қыркүйек айында мойнындағы лимфалық түйіндері асқына бастады. Мен қазан айынан бастап СПИД орталығына

Тұтқынның туысы қылмыстық-атқару жүйесі комитеті алдында жылап отыр. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

барып, ініме көмек беруін сұрадым. Алайда олар еш шара қолданбады, – дейді Ирина көзіне жас алып.

Оның сөзіне қарағанда, наурыздың соңында кездесуде көргенінде, бауыры орнынан тұра алмай қалған екен.

Ирина СПИД орталығына бұдан кейін де барғанын айтты.

– Ондағылар екі таблетка ғана берді де кетіп қалды. Одан кейінгі жағдайына бас қатырмады. Игорь сәуірдің басынан дене қызуы көтеріліп, диареяға шалдықты, 80 пайыз салмағын жоғалтты. Сәуірдің 28-інде бостандыққа шығуы тиіс еді. Босап шыққан соң міндетті түрде емдетемін деп отырғанмын, – дейді Ирина.

Бауырының қайтыс болар кездегі халі дәрігерлерді «түк қызықтырмағанын» айтқан Иринаның ойынша: «СПИД орталығы жарты жыл уақытты текке өткізіп алды. Олар ауру асқынбау үшін арнайы терапия қолдануы керек еді».

«ТҮРМЕНІҢ ӨЗ ДӘРІГЕРІ БАР»

Бұл мәселеге қатысты Алматы облыстық СПИД орталығы басшысының орынбасары Ардақ Әміртайқызы сәуірдің 9-ы күні Азаттыққа түсініктеме берген еді.

Түрме дәрігері тұтқынның қанын тексеруге алып жатыр. (Көрнекі сурет)

Маман наурыз айында түрмеде отырған Игорьді дәрігерлер тексергенін, «тұтқынның ол кездегі жағдайы қалыпты» болғанын айтты.

– 19 наурыз күні біздің дәрігерлердің бірі түзету мекемесіне барып, бұл азаматты көріп қайтты. Дәрі-дәрмек жазып берді, – деді Ардақ Әміртайқызы.

Азаттық тілшісінің «Аурудың асқынғанын күтпей, неге ерте бармадыңыздар?» деген сұрағына мекеме өкілі:

– Түзету мекемесінде өз медиктері бар бақылайтын. Біз бақыламаймыз ғой оларды. Біздің мамандар тек ВИЧ-ке қатысты кеңес беруге ғана барып тұрады, – деп жауап берді.

Алматы облыстық СПИД орталығы басшысының орынбасарының сөзіне қарағанда, СПИД орталығының дәрігерлері өздерінде тіркеуде тұрған азаматтар түрмеге түскен жағдайда ол жаққа үнемі барып, қадағалап тұруға міндетті емес.

«ТҮРМЕ ДӘРІГЕРІ АНТИБИОТИК ҚАНА БЕРЕ АЛАДЫ»

Ал қылмыстық-ақтару жүйесіне қарасты медициналық қамтамасыз ету басқармасының бас маманы Әлібек Райымқұлов СПИД орталығы өкілінің бұл пікірмен келіспейді.

– СПИД орталығы кварталына бір рет келіп, қадағалап отыруға міндетті. Олардың соған сәйкес жоспарлары да болуы тиіс. Біз «Парацетамол» сияқты антибиотик беріп, қарапайым ем-дом қолданамыз. Ал дәл ВИЧ инфекциясын емдеуге қатысты арнайы препараттарды біз бермейміз. Оған рұқсатымыз да жоқ, – дейді Әлібек Райымқұлов.

Қазақстан түрмелеріндегі 60 мыңнан аса адамның мың жарымдайы ВИЧ инфекциясына шалдыққан. Әлібек Райымқұловтың сөзіне қарағанда, ВИЧ-ке шалдыққан адамдар басқа тұтқындармен бірге отырады.

– Мұның еш қаупі жоқ. Себебі ВИЧ – инфекция. Ол белсенділік танытпай, адам ағзасында өмір бойы болуы мүмкін. Түрмеде таралудың бір ғана жолы – ине. Сондықтан сотталушының өзінен болмаса, кездейсоқ жұқтырып алу мүмкін емес, – деді Әлібек Райымқұлов.

Әлібек Райымқұлов 2000 жылы Қазақстанға БҰҰ мамандары келіп, «ВИЧ

СПИД-тің жайылуы қарқыны туралы БҰҰ жасаған карта. Қызылмен боялған елдерде ауру таралуы 25 пайыздан артық. 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

инфекциясына шалдыққан адамдарды бөлек ұстау керек» деген соң 2004 жылы Қарағандыда ВИЧ-ке шалдыққан тұтқындарды (шамамен 100 адам) түгел жинаған.

– Сотталғандар өздеріне ерекше күтімді қажет етіп, жұмыс істеуден бас тартты. Бұдан мекеменің режимі бұзылды, Бір жылдан кейін БҰҰ-дан басқа құқық қорғаушылар келіп, «ВИЧ жұқтырғандарды бөлек ұстау – олардың құқықтарын шектеу» екенін айтты. Бұдан кейін Қазақстан арнайы заң қабылдап, ВИЧ-ке шалдыққандарды өзгелерден бөлмеу керек дегенді құқықтық тұрғыда рәсімдеді, – деді ол..

Әлібек Райымқұлов «түзету мекемесіне түскен әрбір адам сараптамадан өтетінін», «оны Алматыдағы жалғыз СПИД орталығы жасайтынын», «егер сотталған адамның ВИЧ-ке шалдыққаны анықталса, тіркеуге алынып, мамандар арнайы график бойынша жұмыс істейтінін» айтты.

– Көктем мен күзде иммунитет әлсіреген шақта олар міндетті түрде келіп ем-дом жасауы тиіс. Ал біз тек жалпылама, ағзаны күшейтетін витаминдер береміз. СПИД орталығының мамандары аурудың асқынуына байланысты келеді. Мәселен, алғашқы кезеңде кварталына бір рет, соңғы – өте ауыр жағдайда күнара келсе де болады, – дейді қылмыстық-ақтару жүйесіне қарасты медициналық қамтамасыз ету басқармасының бас маманы Әлібек Райымқұлов.

Оның айтуынша, әдетте ВИЧ-ке шалдыққандар дәл осы инфекциядан емес, өзге аурудан көз жұмады.

– Мәселен, түрмеде ВИЧ-пен отырғандар – көбіне нашақорлар. Ал бұл жағдай бауырға күш түсіреді. Сондықтан оларда С гепатиті көп тараған, көбісі дәл осы аурудан көз жұмады, – дейді Әлібек Райымқұлов.