ЕЦ-166/25 түрмесінің тұтқындары өз тәндерін тілгілеп тастады

Түрме терезесі. Көрнекі сурет.

Көкшетаудағы облыстық ауруханаға түрмеде өз тәнін тілгілеген алты тұтқын түсті. Оқиға жаппай төбелестен кейін өрістегенге ұқсайды. Бұл турасында қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілі хабарлап отыр. Ал құқық қорғаушы 250 бірдей тұтқынның өз денелерін тіліп тастағанын айтады.




Елдегі ақпарат агенттіктері тамыздың 9-ында Ақмола облысындағы Гранитный кентінде мына оқиғаға жол берілгенін хабарлады. ЕЦ-166/25 түрмесінде жазасын өтеушілер арасында кезекті мәрте төтенше оқиға болды.

Дәрігерлер мен қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Ақмола облыстық департаменті мәліметтеріне қарағанда, Көкшетау қаласындағы облыстық ауруханаға жаппай төбелестен кейін өз денесін өздері тілгілеген алты адам түскен.

Ал Азаттық радиосының тілшісіне берген мәліметінде әділет министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов: «Жазасын өтеушілердің екі тобының арасында қақтығыс және төбелес болды,»- дейді.

Оның айтуынша, денесі зақымдалғандарға медициналық көмек көрсетілген. Дегенмен аталған комитет өкілі мұндай жағдайдың үйреншікті жай екендігін айтады. Колонияларда қылмыскерлер отырғандықтан, «мұндай жағдай жиі болып тұратын» көрінеді.

Хасеновтың пайымынша, түрме тәртібін сақтағысы келмегендер арандатуға барған. Қазір түрмедегілер тәртіпке шақырылып жатыр дейді қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі. Ол: «Тек мұнда ғана емес, сонымен бірге күн тәртібін бұлжытпай сақтау талабы бойынша барлық түзету мекемелеріндегі жағдай ретке келтіріліп жатыр»,- деп отыр.

Алайда кезінде өзі де түрмеде отырып қайтқан, бүгінде бірнеше тұтқынның қоғамдық қорғаушысы Вадим Курамшинің зардап шеккендердің санына қатысты өз айтары бар.

Ол колониядан жеткен мәліметтерге сүйенеді. Курамшин шамамен 250 тұтқынның бір демде өз-өздерін тілгілеп тастаған дейді.

Құқық қорғаушы қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің жетекшісінің бұл оқиғадан бейхабар екендігіне меңзей келіп, денесін тілу оқиғасы тамыздың 10-ы күні түске дейін болғандығын айтады.

Алдағы уақытта колонияға арнайы жасақтың енгізілуі де түрмедегілерді қорқытып отыр. Өйткені 2003 жылдан бері өзге қатаң тәртіптегі мекемелерге қарағанда бұл колониядағы жағдай басқаша қалыптасқан. Курамшин осылай дейді.

Ал қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі былай деп хабарлайды. Қазіргі уақытта Ақмола облыстық прокуратурасы мен қоғамдық-бақылау комиссиясының өкілдері болған оқиғаны тексеріп жатыр. Сонымен бірге «жазасын өтеушілерге арнайы құрал қолданылмаған» деген мәлімет қуатталып отыр.