Құқық қорғаушылар түрмедегі азаптауды аз айтты

Адам құқығын қорғау бюросының Астана қалалық бөлімшесінің заңгері Нұрдәулет Көктаев (баяндама оқып тұр) және "Қамқорлық" ұйымының төраға орынбасары Евгений Цай (оң жақта отыр). Астана, 13 қараша, 2012 жыл

Қарашаның 13-і күні Астанада адам құқығы бюросының аймақтық бөлімшесі және «Қадір-қасиет» қоғамдық бірлестігі сол өңірдегі түрмелердің жағдайы туралы зерттеу қорытындысымен таныстырды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, зерттеуге арқау болған төрт мекеме - Астанадағы ЕЦ 166/1 12-тергеу изоляторы, Аршалы елді мекеніндегі ЕЦ 166/5 қатаң режимдегі колония, ЕЦ 166/10 қатаң режимдегі колония мен ЕЦ 166/22 қоныстандыру колониясы.

Бұл түзету мекемелерінің кейбірі тексеру болатынын алдын-ала білсе, кейбірі білмеген. Түрмелердегі жағдай сауалнама арқылы зерттеліпті.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қорытындыны таныстырған адам құқығын қорғау бюросының Астана қалалық бөлімшесінің заңгері Нұрдәулет Көктаев сауалнамаға көбірек сотталушыны қатыстыруға тырысқанмен, сотталушылардың 35 пайызы, түрме қызметкерлерінің сегіз пайызы ғана жауап бергенін айтты.

Көктаевтың айтуынша, түрме қызметкерлері «жұмыстан қуылудан» қорықса, сотталушылар «бұдан түк шықпайтынын» айтып бас тартқан.

Құқық қорғау ұйымының баяндамасында ең әуелі түрмелерде қарапайым төсек-орындардың жетіспейтіні баяндалған.

«Камераға келгеніне екі-үш күн болса да, кейбір сотталушыларға көрпе-жастық берілмеген. 25-камерада тоғыз адам болса да, тек алтауында ғана жұқа көрпе

Дөңгелек үстелге дайындалған баяндамалар. Астана, 13 қараша 2012 жыл.

болған. Сондықтан сотталушылар киіммен ұйықтауға мәжбүр. 34-камерада бір сотталушының матрацы, екіншісінің жастығы болмай шықты. Алты сотталушыда төрт қасық бар. Олар тамақты кезек-кезек ішеді» делінген баяндамада.

Орын жетіспегендіктен сотталушылардың кезек-кезек ұйықтауға мәжбүр болғаны, суық болса да олардың киімдерін, матрацтарын тартып алу сияқты мысалдар көп.

Баяндамада сонымен бірге түрмелердегі медициналық ахуал, санитарлық жағдай туралы да айтылады.

- Сауалнамаға қатысқан азаматтардың алты пайызы қажет кезде медициналық көмек ала алмайтынын айтты. 86 пайызы жұқпалы ауруға шалдыққан сотталушылармен бір камерада отыратынын хабарлады, - деді адам құқығын қорғау бюросы Астана қалалық бөлімшесінің заңгері Нұрдәулет Көктаев.

Кейбір камералардың санитарлық жағдайы өте ауыр екенін айтқан құқық қорғаушылар ондай камераларда канализация құбыры су құбырына жалғанғанын мәлімдеді.

- Бөшкені шаю кезінде канализациядан лас заттар келеді. Санитарлық жүйені жөндеп жүрген жалдамалы жұмысшылар канализация құбырын су құбырына жалғап жатыр, - деді құқық қорғаушылар жиында.

Негізгі бөлігі 27 беттен құралған зерттеуде азаптау мен қысым көрсету фактілері аз қамтылған.

«624 сотталушы ешкімнен қатігездік көрмегенін айтты. Ал 42 адам «иә, әкімшілік тарапынан болды» деп жауап берген. 91 адам сұрақты жауапсыз қалдырған. Мұндай қарым-қатынастың себебі ретінде «заңды бұзу» (166 адам), «нақты себебі белгісіз» (82 адам), «түрме қызметкерлерінде адамгершілік қасиеттерінің қалмауы» (5 адам), «карантинді» (1 адам) көрсеткен» делінген баяндамада.

ҚЫЛМЫСТЫҚ АТҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ "ЖАУАБЫ"

Жиында қылмыстық істер атқару жүйесі комитетінің өкілдері көп болды. Олар құқық қорғаушылардың сынын жоққа шығарып отырды.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің медициналық қамсыздандыру басқармасының бас маманы Әлібек Райымқұлов «түрмедегі жағдай баяғыда өзгеріп кеткенін» айтты.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің медициналық қамсыздандыру басқармасының бас маманы Әлібек Райымқұлов. Астана, 13 қараша, 2012 жыл

- Ереже бойынша тиесілі заттарды біз үнемі беруге тырысамыз. Қазіргі кезде оған қатысты проблема жоқ. 100 пайыз қаржыландырылып жатыр, - деді Әлібек Райымқұлов.

Зерттеудің объективтілігіне күмән келтіре бастаған соң қоғамдық бақылау комиссиясына мүше «Қамқорлық» қоғамдық бірлестігі директорының орынбасары Евгений Цай баяндама құрғақ сөзге емес, фактілерге негізделгенін айтты.

- Қоғамдық бақылау комиссиясының мүлт кетуі мүмкін емес. Егер біз қандай да бір адамның көрпе-жастығы жоқ екенін жазсақ, ол шынымен рас болған, - деді Евгений Цай.

Ол қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі ретінде үш жыл бойы түзету мекемелерін аралағанын еске салды.

Баяндамашылардың айтуынша, «бұл елдегі бүкіл түрмелердің жалпы жағдайын көрсете алмайды». Бірақ Қазақстандағы түрмелерде тұтқындар «жұмбақ жағдайда» жиі қаза табады.

Соңғы рет қазан айының ортасында Жезқазған қаласындағы АК 159/25 түрмесінде 23 жастағы тұтқын Орзу Имроншаевтың мәйіті табылған еді.