Балабақша тапшылығы – біреуге табыс көзі

Қазақстандағы балабақша. (Көрнекі сурет)

Теміртаудағы балабақша тапшылығы үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Балабақшадағы орынды саудалайтын жайттар жиілеп барады.
Теміртауда Ұмсындық есімді жергілікті тұрғынға қатысты сот процесі жүріп жатыр. Оған «Балабақшадан орын алып беруге уәде етіп, ата-аналардан 50 мың теңге алған» деген айып тағылды. 22 адамнан «ақша бергенімізбен, баламызды бақшаға орналастыра алмадық» деген арыз түсті.

Алданып қалғанын түсінген ата-аналар прокуратура мен полицияға шағымданды. Жалпы зиян көлемі бір миллион теңгеден асады. Қылмыстық іс қозғалып, кейін сотқа жіберілген.

Балабақша тапшылығы және одан пайда көретін жандар шағын қалашық үшін үлкен проблема болғандықтан, бұл сот процесі қоғамдық пікір тудырып, жұрт назарын аударды.

БАЛАБАҚША ТАПШЫЛЫҒЫ

Мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшаға орналастыру қиындығы қалада бала туу көбейген 2000 жылдары пайда болды. Талай балабақшаның ғимараты қолдан қолға өтіп, сатылып кетті. 1990 жылдары жабылып қалған ондаған балабақша басқа мақсатта пайдаланылып келді.

Теміртау қалалық білім бөлімінде балабақша кезегінде тұрған ата-аналар. Теміртау. (Көрнекі сурет)

Теміртауда балабақша кезегінде тұрған алты мың баланың биыл бір мыңнан астамына ғана орын тиді. Бақша аз, бала көп болғандықтан, бұл жағдай дау-жанжал тудырды. Баласына орын тимеген ата-аналардың уайымы көбейді. Біреулер бала бағатын күтуші іздестіре бастаса, енді біреулері кезектің жылжымау себебін анықтауды талап етіп бірден прокуратураға шағымданды.

– Қызым үш жарым жаста. Кезекте 45-бала болып тұрмыз. 50 балаға бөлінген орынға біз ілінбей қалдық. Бүкіл жалақымды алған бойда күтушіге беремін. Біз неге қиналуымыз керек? Билік орындары қайда қарайды? – дейді Ольга есімді ана.

КЕЗЕКТЕГІ РЕТТІК НӨМІР

Қалалық білім беру бөлімінің мамандары Теміртауда балабақша жетіспейтінін мойындайды.

«Жылдағы жағдай – осы. Орын тапшылығы жойылмай, балабақша жеткілікті болмай, бұл жағдай оңалмайды» дейді қалалық білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімі бастығының орынбасары Татьяна Зорина жергілікті журналистерге берген сұхбатында.

Шенеуніктер мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінен орын бөлу кезінде кезектегі реттік нөмірге басымдық берілмейді деп түсіндіреді. Орын бөлу кезінде баланың қашан кезекке тұрғаны ескеріледі. Егер біреу балабақшадан шықса ғана орын босайды.

​Заң бойынша кейбір балалар мектепке дейінгі тәрбие мекемесіне бірінші кезекте немесе кезектен тыс қабылданады. Олар – әскери қызметкерлердің балалары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылардың, бірінші немесе екінші топтағы мүгедек жандардың балалары.

Қала билігі балабақша кезегі біртіндеп жылжиды деп уәде береді. Теміртауда биыл 270 орындық балабақша, келесі жылы шағын тәрбие орталығы ашылады деп жоспарланған. Бұрынырақта тағы төрт балабақша салынады деп хабарланғанымен, оның жайы әлі белгісіз.

АЛАЯҚТЫҚ ФАКТІСІ БОЙЫНША СОТ

Қылмыстық істің материалдарына қарағанда, өзін Теміртау қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерімін деп таныстырған сотталушы Ұмсындық К. ата-аналарға балабақшадан кезектен тыс орын алып беруді уәде еткен. Бірақ ол бұл қызметі үшін көмек сұраған ата-аналардан 50 мың теңгеден талап еткен.

Теміртаудағы балабақша. (Көрнекі сурет)

– «Балаңды екі-үш аптада балабақшаға ресми түрде орналастырып беремін» деді. «Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеймін, құжаттарыңды балабақшаға өткіземін» деп, ақшаны тездетіп беруімді сұрады. Кейін қоңырауларымызға жауап бермегесін, алданғанымызды түсіндік, – дейді сот процесінде жәбірленуші әйелдердің бірі.

​Бұл әйелдің көмектеспейтінін, бала бақшадан орын тимейтінін ұққан ата-аналар прокуратура мен полицияға арызданды. Жәбірленушілердің саны 22 адамға жеткен.

Ұмсындық К. есімді адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бірақ қылмысы орта дәрежелі ауыр қылмыс болғандықтан ол қамауға алынған жоқ. Әрі сотталушының кәмелет жасына толмаған екі баласы бары да ескерілді.

Әйелдің балалары барын естігеннен кейін жәбірленуші ата-аналардың көбі райынан қайтты. Олардың біразы сотталушы ақшаларын қайтарып берсе, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арыздарын қайтарып алуға қарсы емес екендерін мәлімдеді. 50 мың теңгені қайтарып алғанын айтқан ата-аналардың бірі өз талап-арызынан сот залында бас тартты. Ал келтірген шығынды өтеу туралы талап-арыз берген кейбір ата-аналар, керісінше соттан Ұмсындықты заң бойынша қатаң жазалауды сұрайды.

Сотталушы Ұмсындық К. өзіне тағылған айыптарды мойындайды. Азаттық тілшісімен сөйлескен ол ата-аналардың әрқайсысынан 50 мың теңгеден ақша алғанын растады. Мұндай қадамға тез баю мақсатымен барғанын айтады. Сотталушы «кезінде бұл қылығымның зардабы туралы ойламадым, енді істеген ісіме өкінемін» дейді.

– Жәбірленуші үш ата-ананың ақшасын қайтарып бердім. Қалғандарының да ақшасын қайтарамын. Елдің ақшасын қайтару үшін туысыма банктен несие алып беруін сұрадым, – дейді алаяқтық фактісі бойынша айыпталушы Ұмсындық К.

Жас келіншектің үш жасар ұлы мен төрт жастағы қызы бар. Әйелінің сотты болатынын естіген күйеуі отбасын тастап кеткен. Келесі сот отырысы тамыздың 15-інде болады.

«ТАПШЫЛЫҚ БАР ЖЕРДЕ АЛАЯҚТАР ДА БОЛАДЫ»

Әрі ақшасынан айырылып, әрі баласын орналастыра алмаған тұрғындар абыржулы. Ата-аналар «Теміртауда балабақша тапшылығына қатысты мәселе шешілмесе, бұл қиындықты парақорлар мен алаяқтар осылай пайдалана береді» дейді.

Балабақша ауласы. Қазақстан, 11 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Теміртаудағы балабақша тапшылығын табыс көзіне айналдырып алған жандар бұрын да болған. Қалалық білім беру бөлімінің қызметкері екі тұрғынға бір мың долларға бала бақшаға жолдама алуға көмектесемін деп келіскен. Бірақ бұл уәдесін орындап, жолдама алып берген ол параның қалған сомасын алу үстінде ұсталды. Онымен бірге білім бөлімінің тағы бір қызметкеріне де осы іс бойынша айып тағылды. 2010 жылы бұл іс сотқа жеткенімен, екі тараптың мәмілеге келуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылып, балалар балабақшада қалды. Қазір ол қызметкерлер білім беру бөлімінде жұмыс істемейді.

Сотқа дейін жеткен мұндай істер Теміртауда соңғы кезде болған емес. Бұл балабақшадағы орындар саудаланбайды деген сөз емес. Кейде ата-аналардың өздері балабақшадан құр қаламыз деген қауіппен полицияға шағымданбайды.