Бірақ кейбір қала тұрғындары мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша биыл мұқтаж балалардың 65 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілуі тиіс деген ресми мәліметке күмәнмен қарайды.
КҮТУШІ ІЗДЕУ
Алматы қаласында балаларын балабақшаға тапсыруға қолы жетпей жүрген ата-аналардың айтуынша, олар мәселені шешудің түрлі амалын қарастырады. Кейбірі зейнетке шыққан ауылдағы аналарын алдырса, кейбірі «қолы бос» туыстарын шақырып лаждайды. Зейнеткер анасы да, қолы бос туған-туыстары да жоқтар жарнама арқылы күтуші қыз іздейді. Күтуші қызды ауылдық жерден әкеліп, отбасының бір мүшесіне айналдыратындар да бар.
Балабақшаға мұқтаж ата-ананың бірі Нұргүл Кенжебаеваның екі баласы бар. Төрт жасар ұлын ауылдағы әке-шешесіне жіберсе де, екі жасар қызымен жұмысқа шыға алмаған.
- Балабақшаға берейік десек, кезекке де жазыла алмайды екенбіз. Өйткені әлі күнге қаланың тіркеуінде жоқпыз. Бірақ кезекке тұрғандардың өздері де оңайлықпен жете алмайтынын көріп жүрміз. Ал жекеменшік балабақшаның құны айына 60 мың теңгеге пәтер жалдайтын біз сияқтыларға тым қымбат, - дейді ол.
Меруерт Тойбаева есімді екі баланың анасы Алматыда тіркеуде тұр. Бірақ бәрібір балабақшаға қолы жетпей жүргенін айтады.
- 2011 жылы кезекке тұрғанда екі жылдан кейін хабарласыңдар деген. Әзірге ауылдан енемді алдырып, бала бақтырып отырмыз. Көршім жекеменшік балабақшаға баратын баласы үшін 60 мың теңге береді. Таңертең әкетіп, кешке әкелгені үшін тағы төлейді, - дейді ол.
«48 МЫҢ АДАМ КЕЗЕКТЕ ТҰР»
Ал Алматыдағы №18 мемлекеттік «Ер Төстік» балабақшасының меңгерушісі Эльмира Сейітжанова өз мекемесіне кезекке тұрғандардың саны 200-ге жеткенін айтты.
- Біздің 25 бала ғана қабылдайтын мүмкіндігіміз бар, - дейді Эльмира Сейітжанова.
Мұндай мемлекеттік балабақшаларда жасы беске дейінгі әр балаға 25 мың теңге ақы алынады.
Алматы қалалық білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің меңгерушісі Әлия Сағиеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, дәл қазір қала бойынша 48 мың ата-ана кезекте тұр.
- Биыл күзде балабақшаға алынатындар енді анықталады, дегенмен олардың саны 12 мыңның төңірегінде айналады, - дейді ол.
Оның айтуынша, қалада барлығы 152 мемлекеттік, 117 жекеменшік балабақша бар. Жекеменшік балабақшалар қымбат болса да, қаладағы балабақша мәселесін шешуге біршама септігін тигізген. Биылдың өзінде Алматыда 16 жекеменшік балабақша тіркелген.
- Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша жекеменшік балабақшаларға баратын әр балаға айына 40 мың теңгенің үстінде ақы белгіленеді. Оның жартысына жуығы бюджеттен бөлінеді, қалғанын ата-анасы төлейді, - дейді Әлия Сағиева.
Яғни мемлекет жекеменшік балабақшаларды «Балапан» бағдарламасы бойынша орналастырылған әр баладан 40 мың теңге төңірегінде ғана алуға міндеттейді. Бірақ мұндай жеңілдікке қол жеткізу үшін де ата-аналар әуелі кезекке тұруы керек.
ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚШАЛАР
Азаттық радиосының тілшісімен сөйлескен жекеменшік балабақшалардың кейбірі ғана «Балапан» бағдарламасы бойынша бала қабылдауға құлықты болып шықты. Мәселен, Алматыдағы «Болашақ» балабақшасының меңгерушісі Гүлшат Ертайқызының сөзіне қарағанда жекеменшік болғанына қарамастан бұл мекеме тек қана «Балапан» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Әр балаға белгілеген бағасы – 25 мың теңге. Қалған 18 мың теңгені мемлекет көтереді. Салыстырмалы түрде арзан саналатын 40 балалық бұл балабақшаға да бүлдіршіндер тек қана әкімдіктегі білім бөлімі бекіткен кезекпен алынады.
Басқа көптеген жекеменшік балабақша нарықтың ыңғайына қарай коммерциялық принцип бойынша қызмет көрсетеді. Алматының «Таусамалы» ықшам ауданында орналасқан жекеменшік «Нұрбөпе» балабақшасының меңгерушісі Раушан Бақаеваның сөзінше, мемлекеттен ешқандай да көмек жасалмайды, бірақ балабақшаның құрылтайшылары да «Балапан» бағдарламасына тапсырыс бермеген.
Оның сөзіне қарағанда бұл балабақша әр бала үшін айына 50 мың теңге және бір жолғы ақы ретінде 25 мың теңге алады.
Жекеменшік «Достар» балабақшасының іс жүргізушісі Зәмзәгүл Шаймұратова да өздерінде «Балапан» бағдарламасы бойынша 5 бала ғана тәрбиеленетінін, қалған 115 балаға ата-аналары 85 мың теңгеден өз қалтасынан төлейтінін айтты.
Бірақ Нұргүл Кенжебаева мен Меруерт Тойбаева сияқты көптеген алматылықтар балаларын мұндай ақша төлеп жекеменшік балабақшаға бере алмайды.
2010 жылы Қазақстан үкіметі балабақшамен қамтамасыз етуді көздейтін «Балапан» бағдарламасын қабылдаған еді. Бұл бағдарлама бойынша биыл кезекте тұрған балалардың 65 пайызы балабақшаға орналастырылуы тиіс болатын. Бірақ бір Алматы қаласының өзінде биылғы күзде кезекте тұрғандардың тек 25 пайызы балабақшаға қол жеткізбекші.