«Серпіннің» көп түлегі ауылдарына қайтқанды жөн көрген 

"Серпін" бағдарламасының оқу грантын жеңіп алған жастар. Шымкент, 25 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

«Серпін» бағдарламасы бойынша өзге аймаққа барған оңтүстік жастарының некен-саяғы ғана оқу бітірген өңірінде қалады. Ал бағдарламаны ұйымдастырушылар «ешкімнің еліне қайтып жатпағанын» айтады.

«Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түсіп, Ақмола облысы Шортанды ауданы Бозайғыр ауылындағы 5-агротехникалық колледжді аяқтаған 19 жастағы Бейбарыс Рахматуллаев сол жерде көлік жүргізуші болып жұмыс істеп жүр. Оның туған-туыстары Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шіркелі ауылында тұрып жатыр.

- Оқуымды жалғастыруға мүмкіндігім жоқ, сондықтан отбасыма көмектесу үшін жұмыс істеуге қалдым. Мысалы, Қызылордада жүргізушілер 40-50 мың теңге жалақы алады. Мұнда 60-70 мың теңге жалақы береді. Бір жылға жатақханаға тегін орналастырды, – дейді Бейбарыс Рахматуллаев.

Ал Бейбарыс Рахматуллаевпен бір колледжде оқыған «серпіндіктердің» бірі, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының тумасы Ерман Ботбаев «оқуымды бітірген соң Қазығұртқа қайтып, сол жақта жұмыс істеймін» дейді.

Ақмолада жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бірақ ата-анамның жанына барамын.

- Ақмолада жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бірақ ата-анамның жанына барамын. Ауылда жұмыс табылса, істеймін. Табылмаса, жоғарғы оқу орнына тапсырамын, – дейді «Фермер шаруашылығы» мамандығын оқып жатқан студент.

«ЕЛДЕРІНЕ ҚАЙТЫП ЖАТЫР»

Ақмола облысы Шортанды ауданы Бозайғыр ауылындағы 5-агротехникалық колледж директорының орынбасары Роза Шарипованың айтуынша, осы оқу орнына «Серпін» бағдарламасы бойынша 54 бала келген.

- Бастапқы кезде қиындықтар болды. Ауа райына үйрене алмады. Қазақ тілді балалар орыс тіліне үйренісе алмады. Қазір бәрі осы жерге үйренді. Шындығында, көбі қалғысы келеді, – дейді ол.

Қазір бәрі осы жерге үйренді. Шындығында, көбі қалғысы келеді.

Колледж директоры орынбасарының сөзінше, бұл аймақта қалып қоятын «серпіндіктер» көп емес: биыл 15 бала оқу бітіреді – олардың біреуі осы ауылда жұмыс істеуге қалады, үшеуі жоғарғы оқу орнына түсуге құжат тапсырады, қалғаны туған жеріне қайтады.

- Негізінде, олар Ақмола облысында қалуы керек. Өйткені мұнда жұмыс бар болғанымен тұратын баспана жоқ. Аграрлық сектордағы кәсіпорындар жұмысқа алады. Бірақ бәрінде маусымдық жұмыс. Бағдарламаны бастаған кісілер кезінде осы мәселені ойластырмаған, – дейді ол.

Роза Шарипова «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен келген жастарды оқуларын бітірген соң солтүстікте жұмысқа орналастыру үшін бастапқы кезде ең болмағанда жалдамалы пәтер беру немесе уақытша баспанамен қамтамасыз ету керек еді деп біледі. Оның сөзінше, биылғы түлектердің арасынан Бозайғырда қалуға келіскен жалғыз түлек те колледж жатақханасында тұрады.

«Серпін» бағдарламасы бойынша басқа облыстардан келген жастардың көбі оқу бітірген соң өз аймақтарына қайтатынын Шығыс Қазақстан облысындағы Семей көлік коледжінің өкілі Қаныш Төлеуов те растайды. Оның сөзінше, осы бағдарлама бойынша биыл наурызда оқуын аяқтаған 17 баланың біреуі ғана жұмысқа қабылданған, өзгесі ауылдарына қайтқан.

Аудиторияда отырған студенттер. (Көрнекі сурет)

- Семей қаласындағы зауыттар оларды жұмысқа алуға дайын. Тұрғын үйі жоқ болғандықтан ауылдарына қайтты. Шілдеде тағы екі топтағы 44 бала бітіреді. Бірақ оларды жұмыспен қамтылады деп айта алмаймыз. Сегіз бала «жоғарғы оқу орнына тапсырамыз» деп отыр, қалғаны еліне кетеді, – дейді Қаныш Төлеуов.

«ЕЛІНЕ ЕШКІМ ҚАЙТЫП ЖАТҚАН ЖОҚ»

Бірақ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы «Серпін» ұлттық жобалар басқармасының басшысы Күлзия Тобатаева «бұл бағдарлама бойынша оқу бітірген жастардың келген өңірлеріне жаппай қайтып жатпағанын» айтады.

Оның сөзінше, «Серпін» бойынша 12 мыңдай студент оқуға түскен, былтыр осы бағдарлама бойынша колледж бітірген 125 баланың 69-ы жұмысқа кірген, 45-і жоғарғы оқу орнына түсуге дайындалып жүр.

- Еліне ешкім қайтып жатқан жоқ. Биыл 893 бала бітіреді. Мысалы, Риддер қаласында 22 бала колледж бітіреді. Олардың сегізі жоғарғы оқу орнына құжат тапсырады, қалғаны сол жерде жұмысқа орналастырылды, – дейді «Серпін» ұлттық жобалар басқармасының басшысы.

Жатақхана алдында отырған студенттер. (Көрнекі сурет)

Күлзия Тобатаева да «Серпін» бағдарламасымен оқуға түсіп, мамандық алып шыққан жастардың баспанадан қиналатынын айтады.

- Жергілікті әкімдіктер баспанамен қамтамасыз етеміз деп уәде етуде. Кейбір аймақтарда жатақханаға орналастырып жатыр. Бұл мәселені жергілікті атқарушы орган шешуі керек, – дейді Күлзия Табатова.

«Серпін» әлеуметтік даму ұлттық қоры дерегінше, бұл бағдарлама бойынша оқу бітірген алғашқы 25 түлектің ешқайсысы жұмысқа орналаса алмаған, екінші жылы оқу бітірген 140 адамның 70-і жұмыс тапқан. Қор «бұл жобаның дамуына кейбір аймақтардан қатысуға қарсылық білдірулері кедергі жасап жатқанын да» айтады.

Қазақстанда «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылы басталған. Сол жылы бағдарлама бойынша 7 жоғары оқу орны мен 25 колледж жұмылдырылып, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатысты. "Алайда жоғары оқу орындарына 1050, колледждерге 1000 грант бөлінгенімен, маусымның аяғына дейін, бар болғаны 30 өтініш қана түсіп, яғни, жоба өз мақсатына жетпей, нәтижесін берген жоқ".

«Серпін – 2050» бағдарламасы сайтындағы мәліметке қарағанда, жастарға мұндай грант бөлуге елдің әр өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әркелкілігі себеп болған. Сайтта: «Қазіргі таңда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бала туу деңгейі жоғары, көшіп келушілер көп. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін тудырады. Әлеуметтік нысандар, үй, мектеп, балабақша, жетпейді. Қанша адам оқу бітірсе де жұмыссыз жүр» деп жазылған. Бағдарламаны жасаушылар «керісінше елдің жеті-сегіз облысында еңбек күші жетпей жатқанын, оған себеп – бала туу деңгейінің төмендігі және сыртқа көшіп кету миграциясы» екенін айтқан.