Жаңаөзен оқиғасының себеп-салдарын талқылаған тәуелсіз қоғамдық комиссия зардап шеккендердің құқығы мен оппозицияның қудалануын сөз қылды.
Бүгін Алматы қаласындағы «Тянь-Шань» қонақ үйінде былтыр 16 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы бойынша құрылған тәуелсіз комиссия «Жаңаөзен мен Шетпе трагедиясы: қантөгістің себептері мен салдарлары. Сот процестерінің қорытындылары» деген тақырыпта отырыс өткізді.
Отырысқа оппозициялық партия мүшелері, қоғамдық белсенділер мен адвокаттар, Жаңаөзен оқиғасын көзімен көрген адамдар мен тәуелсіз және оппозициялық баспасөз өкілдері қатысты. Отырысты «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай мен «Азат» ЖСДП-ның тең төрағасы Болат Әбілев жүргізді.
ҮШ САУАЛ
Алғаш баяндама жасаған Болат Әбілев Жаңаөзен оқиғасының алды мен одан кейінгі кезеңді шолып шықты. Тәуелсіз комиссияның «қанды оқиғадан қанша адам қаза болып, қаншасы жараланды, халықты атуға кім бұйрық берді, 16 желтоқсанда алаңдағыларды арандатқан кім» деген негізгі үш сауалға жауап іздегенін, комиссияның бір жылдық жұмысының қорытындысы 16 желтоқсанда жарияланатынын айтты.
Болат Әбілевтен кейін Серік Сапарғали шығып сөйлеп, Жаңаөзендегі 7 айға созылған ереуіл мен еңбек дауы туралы әңгімеледі. Ал журналист Сергей Дуванов «билік жұмыс берушінің жағына шыққанда ғана ереуілшілер оппозициямен қатынас орната бастады. Бірақ ол кезде мәмілеге келетін уақыт өтіп кетті» деген пікір айтты.
Сөзінде «қанды билік» деген тіркес қолданған саясаткер Жасарал Қуанышәлин оппозиция өкілдерінің сот процесіне де тоқталып, «сатқындық» мәселесін де қозғай кетті. Ал саясаткер Мұхтар Тайжан Жаңаөзен оқиғасына халықаралық заң нормалары тұрғысынан баға беруге тырысты.
guljan.org сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева «Жаңаөзенде атылған оқ туралы бастапқыда ,ас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің және президенттің пікірі үш түрлі болғанын атап өтіп, «бұл - биліктің шындықтан әуел бастан-ақ жалтарып, жалған ақпарат таратқанын көрсетеді» деді.
ЖАППАЙ «ТАЗАЛАУ»
Тіркелмеген «Алға» партиясы төрағасының орынбасары Михаил Сизовтің пікірінше, бұрын билік оппозицияға ішінара қысым жасап келсе, енді жаппай «тазалауға» көшкен. Сизовтың сөзіне қарағанда, «Алға» партиясының аймақтардағы офистерінің барлығын тәркілеу туралы шешім шыққан. Партия белсенділерін ҰҚК сағаттап тергеп, моральдық-психологиялық қысымға алған.
- Партияны шын мәнінде ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде қарастырып отыр және таяу арада жабылып та қалатын шығар. Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғаларға объективті баға беріп жүрген тәуелсіз медиа-ресурстар да қылмыстық топтың құралы ретінде жариялануы мүмкін, - деді Сизов. Ол «Голос Республики», «Взгляд», «Республика» интернет-порталы мен «К+» теларнасын атап өтті.
«Голос Республики» газеті мен «Республика» интернет порталының тілшісі Жанар
Қасымбекова мен «Стан.тв» сайтының журналисі Қасым Аманжолұлының сөздері де осы «қанды оқиға кезінде елдегі бұқаралық ақпарат құралдары өздерін қалай ұстап, қандай әрекет еткеніне» арналды.
Отырыста баяндама жасаған ақын Темірхан Медетбек «Қанды қырғын тәуелсіз мемлекетімізге, халқымызға, соның ішінде зиялы қауымға да аса ауыр сын болғанын, ол сыннан аз болса да ар-ұжданына шаң қондырмай өткендер де, өте алмай қалғандар да бар екеніне тоқталды.
- Өкінішке қарай, әншейінде халықтың тіліміз, үніміз деп кеуде соғатындар ауыздарына су толтырып алғандай үн-түнсіз қалды. Өзінің қандас бауырларын қырып салған қатыгез биліктің қанқұйлы ісіне ашық қарсы шыға алмай дәрменсіздік көрсетті. Дәл осы кезде, әсіресе, Қазақстан жазушылар одағы қайрат көрсетуі керек еді. Бірақ оның қолынан ірілік, азаматтық келмеді, - деді Темірхан Медетбек.
«ШЕТПЕДЕ ОҚ АТҚАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛҒАН ЖОҚ»
Қоғамдық тыңдауға Маңғыстау облысынан қоғамдық белсенді Ерлан Қалиев, Жаңаөзен оқиғасы кезінде жарақат алған Дүйсенбек Нұровтың зайыбы Шолпан Өтекеева және «Азат» ЖСДП Маңғыстау облыстық бөлімшесінің төрағасы Жәнібек Қожық қатысқан еді.
Шолпан Өтекеева Ақжанат Әминов, Серік Сапарғалиев пен Владимир Козловтарға алғысын білдіріп, «ешкімге керексіз болып қалған кезімізде рухани азық беріп, заң шеңберінен шықпай-ақ бізге жол көрсетті» деді.
Жәнібек Қожықтың сөзіне қарағанда Шетпе оқиғасында оқ атқан полиция қызметкерінің бірде-бірі жауапқа тартылмаған. Оқ тиіп өлген жалғыз адам да сұраусыз қалған. Ол мемлекет тарапынан бөлінген жәрдемнің де жарақат алған Шетпе тұрғындарына енді жетіп жатқанын ескерте кетті.
«ЕРЕУІЛШІЛЕРДІҢ ІШІНДЕ БІР ДЕ БІР ОРАЛМАН ЖОҚ»
Отырыста баяндама жасаған адвокат Абзал Құспанов Ақтауда өткен «Полицейлер сотына» тоқтала келе, «оққа ұшқан, жараланған адамдардың басым көпшілігі мұнайшыларға қатысы жоқ адамдар» деген тұжырымға келгенін айтып оған нақты мысалдар келтірді.
«Олар: алаң қасынан кетіп бара жатып қаза тапқан жасөспірім Рахат Көшеров; мектеп жанындағы банкоматтан жалақысын алмақ болған кезде автомат оғынан қаза тапқан мұғалім Жанар Әбдікәрімова; әкімнің тапсырмасы бойынша оқушыларын алаңға шеруге әкеліп қаза тапқан мұғалім Атаберген Хасанов. Алаңға әйелін ертіп барып, бір жарым және үш жасар баласын көтеріп тұрғанда жамбасына оқ тиген Егізбаев» деп атап өткен ол бұл тізімнің ұзақ-сонар екенінен құлағдар етті.
Адвокаттың айтуынша, «Полицейлер сотына» жәбірленуші ретінде қатысқан 74 адамның төртеуі оқиға болған кезде емес, кешке қарай жарақаттанған. Олар қалаға коменданттық сағат енгізіліп, халық тынышталғаннан кейін «әдейі көздеп атылған оқ тигендер».
Абзал Құспанов сот процесі кезінде бұрын интернетте жарияланбаған біраз материалдармен кез болғанын айтады.
- 15 желтоқсаннан бастап Жаңаөзен қалалық ішкі істер департаментінің үш қызметкері алаңдағы жағдайды бастан-аяқ видеоға түсірген. Бірақ осы видеоматериалдың ең шешуші тұстарын қиып тастаған. Біздің білуімізше, егер ең жоғарғы деңгейде тиісті тапсырма берілсе, онда құқық қорғау органдарында Жаңаөзен оқиғасының шындығын ашатын дәлелдер жеткілікті, - дейді ол.
Абзал Құспанов президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішевтің «Жаңаөзендегі әрбір төртінші ереуілші – оралман» деген таяуда ғана айтқан пікірін теріске шығарды.
- Олардың «оралман» деп отырғандары шекара демаркацияланған кезде шекараның арғы бетінде 10-15 шақырым жерде қалып қойған жергілікті қазақтар. Ал ереуілге қатысқандардың ішінде Қытайдан, Түркиядан, тағы басқа шетелдерден келген бірде-бір оралман жоқ, - деп мәлімдеді ол.
«Жаңаөзен оқиғасына қатысқандардың басым көпшілігі оралмандар» деген пікірді Жаңаөзен оқиғасы өтісімен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев пен президенттің саяси істер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев та айтқан еді.
Қоғамдық тыңдау барысында қазір шетелде жүрген құқық қорғаушы Евгений Жовтистің баяндамасымен Ғалым Ағелеуов таныстырды.