Соколованың босатылуы прецедент бола ала ма?

Наталья Соколова (ортада), оның күйеуі Василий Чапурной және адвокаты Арман Жәменов (сол жақта). Ақтау, 26 қыркүйек 2011 жыл.

Маңғыстаулық мұнайшылардың белсендісі, заңгер Наталья Соколованың бостандыққа шығуына қатысты пікір айтқан кейбір саясаткерлер биліктің бұл әрекетін прецедент деп те, ойын деп те санайды.

Алты жылға бас бостандығынан айырылып, Ақтау түрмесінде жазасын өтеп жатқан заңгер Наталья Соколованың бостандыққа шыққаны көпшілік үшін күтпеген жайт болды. Ал «құзырлы органдардың рұқсатынсыз әзірше қандай да бір сұқбат бере алмайтынын» айтқан заңгер Азаттыққа өзінің қандай шартпен босатылғаны туралы ғана мәлімдеген еді.

- Бас прокуратураның наразылығы негізінде жоғарғы сот наурыздың 6-сында қаулы шығарды. Оның негізінде маған 6 жылдың орнына 3 жыл жаза мерзімі беріліп, шартты жаза тағайындалды. Бұл 3 жылдың 2 жылы – сынақ мерзімі. Бұған қоса 3 жыл қоғамдық жұмыстарға араласуға тыйым салынды, – деді наурыздың 10-ы күні Азаттық тілшісіне түсініктеме берген Наталья Соколова.

Ал ҚазТАГ агенттігіне сұқбат берген Наталья Соколованың күйеуі Василий Чепурной зайыбының мамандығы бойынша қызметімен шұғылдана беретінін, өйткені заңгерлікпен айналысуға тыйым салынбағанын айтқан.
Қазір қандай да бір талап арыз беру туралы ойлап отырған жоқпыз. Дәл Қазақстанда ондай әрекет жасамайтынымыз анық.

Чепурнойдың айтуынша, Наталья Соколованың әлдекімнің үстінен шағым түсіру туралы ойы жоқ. "Қазір қандай да бір талап арыз беру туралы ойлап отырған жоқпыз. Дәл Қазақстанда ондай әрекет жасамайтынымыз анық" деді заңгердің күйеуі Василий Чепурной.

Біз Наталья Соколованың мерзімінен бұрын жазасы жеңілдегеніне қатысты бірқатар саясаткерлердің пікірін білуге тырысқан едік.

КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ҚАПАС

Азаттық тілшісіне алғаш болып түсініктеме берген Әлия Тұрысбекова еді. Ол - дәл Наталья Соколоваға тағылған айып бойынша (Қылмыстық кодекстің 164-бабы – «әлеуметтік араздықты қоздыру» – ред.) екі ай мерзімге қамауға алынған Владимир Козловтың әйелі.

- Барлығы оның бостандыққа шыққандығын айтады. Ал бұл шынайы бостандық па? Оның құқығы шектелген. Ол - кәсіподақ заңгері. Қазір де кейін де ол қоғамдық іске араласа алмайды. Ол жұмыс істей алмайды. Кез-келген қадамы үшін билік оны қайта қамауға алуы мүмкін. Шын мәнісінде әлі де қапаста, бірақ бұл қапас көзге көрінбейді, - деді наурыздың 11-і күні Азаттыққа пікірін білдірген Әлия Тұрысбекова.
Келесі аптада Страсбургте Қазақстан бойынша резолюция қабылдануы тиіс. Сондықтан Ақорда ешқандай негатив болмас үшін «күйіп-пісіп» жүр.

Оның ойынша, Соколованың күтпеген жерден босатылуының тағы бір себебі Қазақстанның сыртқы саясатында жатыр.

- Келесі аптада Страсбургте Қазақстан бойынша резолюция қабылдануы тиіс. Сондықтан Ақорда ешқандай негатив болмас үшін «күйіп-пісіп» жүр. Бұның Ақорда үшін өте маңызды екенін Соколованы 3 күннің ішінде босатқанынан байқауға болады. Евгений Жовтистің амнистиясы бір ай қаралып, соттың шешімі заңды күшіне ену үшін тағы 15 күн күткенін білеміз, - деді Әлия Тұрысбекова.

"БҰЛ – ПРЕЦЕДЕНТ"

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин бұл жаңалықты «жақсылықтың белгісі» деп бағалап отыр. Оның сөзінше, енді бұл жайт Жаңаөзен ісі бойынша жауапқа тартылып жатқандарға да әсерін тигізуі мүмкін.

- Бұл деген биліктің Соколованың «кінәсі» айтқандай ауыр емес екендігін, тіптен кінәлі емес екендігін жанамалы түрде мойындауы болып табылады. Әйтпесе ол 6 жыл отыруы тиіс еді. Енді оған шартты жаза беріп отырғандығы қазір қамауға алынып, «әлеуметтік араздықты қоздырды» деп жауапқа тартылып отырған азаматтарға да тікелей әсер етеді. Өйткені барлығының бабы бірдей. Сол тұрғыда бұл – прецедент! Ол міндетті түрде оң әсер етеді, - дейді саясаткер.

"САЯСИ ОЙЫН"

ЖСДП-ның бас хатшысы Әміржан Қосановтың пікірінше, «Соколованың босап шығуы – саяси ойынның бір бөлігі».

- Біздің биліктің тоңы жібіді немесе билік белгілі бір дәрежеде саяси либерализацияға барады дегенге сенуді қою керек. Бұл – жалған нәрсе. Жаңаөзенде өзінің бейбіт халқына оқ атқан билік ондайға бармайды. Мүмкін, Соколованы шығарып, белгілі бір ұпай жинап алып, ал оның арғы жағында келе жатқан Жаңаөзенге қатысты үлкен процеске қатысты қатаң шешім қабылдағысы келетін шығар, - деді Әміржан Қосанов наурыздың 11-і күні Азаттық тілшісіне.

Саясаткер «әлеуметтік араздық тудырды» деп айып тағылған, оның ішінде Жаңаөзен ісі бойынша жауапқа тартылып жатқан адамдарға қатысты тергеудің құпия, жасырын өтуі – сот процесін жылдам өткізіп жіберудің қамы деп санайды.

ӨЗГЕШЕ ОЙЛАУШЫЛАР

Ал коммунист Серікболсын Әбділдин «бүгінгі саяси режим өзгеше ойлаушылармен жеке-жеке жұмыс істейтіндігін» айтады. Сондықтан ол белгілі 164-бап бойынша жауапқа тартылып жатқандардың тағдырына алаңдайды.

- Түрмеде болғанда кей адамдар өзі істемеген қылмысты ҰҚК қызметкерлерінің немесе басқалардың қысымына шыдамай мойындап жатады. Бұл ретте қазір қамауда отырған Владимир Козлов, Серік Сапарғали мен Игорь Винявскийлер олардың ығына жығылмасы анық. Сондықтан оларға қатысты өзге шешімдер шығарылып, оларды соттайды деп қорқамын, - дейді Серікболсын Әбділдин.