РЕФЕРЕНДУМ БОЛМАЙДЫ
Наурыздың 1-і күні Астанада билік тармақтары арасында өкілеттілікті бөлісу мәселелері бойыншаөткен жиналыста Нұрсұлтан Назарбаев «конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты референдум болмайды» деп мәлімдеді. Сол күні Twitter желісінде президенттің баспасөз қызметі Нұрсұлтан Назарбаев жиында конституцияның азаматтардың меншік құқығын реттейтін 26-бабын өзгеріссіз қалдыруды ұсынды деген хабарлама жариялады.
Билік заңдарға енгізуді ұсынған өзгерістер жобасында конституцияның 26-бабының бірінші тармағы "Әркім заңды жолмен иеленген кез келген мүлкін жеке меншігіне ұстай алады" деп түзетілген болатын. Қазіргі конституцияда бұл бап " Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады." деп жазылған. Билік ұсынған түзету қоғамда қызу пікірталас тудырды. Оны өзгертуге қарсылар егер «Қазақстан азаматтары» деген сөз тіркесін «әркім» сөзіне ауыстырсақ, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетелдіктер жекешелендіріп алуы мүмкін деген қауіп айтқан. Азаматтық белсенділер ұсынылған нормамен келіспейтінін мәлімдеп, референдум өткізуді талап еткен.
ҰЛТТЫҚ ПЛЕБИСЦИТ ЕРЕКШЕЛІГІ
Әлем елдерінің конституциялық тәжірибесі конституцияны референдум өткізу арқылы да, парламенттік процедуралар аясында да өзгертуге болатынын көрсетеді. Азаттық тілшісімен кездесуінде Каспий университетіне қарасты «Әділет» жоғарғы құқық мектебінің профессоры Әлипаша Қараев «мұның бәрі түзету енгізудің қандай моделі қабылданғанына байланысты» дейді.
Сарапшының сөзінше, шетелдің кей елдерінде қосарлы вотум тәсілі қолданылады, яғни парламент қабылдаған түзетулерді міндетті түрде бүкілхалықтық референдумда заңдастыруы тиіс. Бұл, әсіресе жоспарланған реформа билік формасын өзгерту немесе елдің мемлекетаралық одақтарға мүше болуы сияқты мемлекеттіліктің іргелі негіздерін қозғайтын мәселелер кезінде маңызды. Қазіргі кезде қосарлы вотум тәсілі Жапония, Испания, Түркия, Франция және өзге бірқатар елдердің конституцияларында қарастырылған.
- Референдум көбінесе реформа мәселелері бойынша президент пен парламент арасында, жетекші саяси партиялар арасында қайшылықтар бар елдерде өтетінін практика көрсетіп отыр. Ондай жағдайда заңның түпкілікті тағдырын халық шешеді. Өзгеше айтқанда, референдум өткізуге көбінесе саяси күрес факторы түрткі болады. Ал түзетулер Қазақстандағы сияқты «бейбіт» жағдайда енгізілетін болса, оларды референдумға шығарудың қажеті жоқ, - дейді профессор Әлипаша Қараев.
Қазақстанда қазіргі конституция референдумда қабылданған. Бірақ Қараевтің айтуынша, ол кезде бұдан өзге жолы болған жоқ, өйткені Жоғарғы Кеңес заңсыз деп танылған. Жоғарғы Кеңес таратылған сәттен бастап жаңа конституция қабылданғанға дейін елде тікелей президенттік басқару режимі жұмыс істеді, сондықтан референдум жаңа конституцияны заңдастырудың жалғыз жолы болды.
Бұған қоса, Қараев Қазақстан конституциясында қосарлы вотумды қолдануға болатын, яғни бірінші кезеңде өзгерістерді парламент бекітетін, ал екінші кезеңде бүкілхалықтық дауысқа салу арқылы халық заңдастыратын императивті нормалар жоқ деп нақтылайды. Конституцияда түзету енгізудің екі жолы қарастырылған – парламенттік және референдум арқылы. Екеуінің қайсысын қолдануды президент шешеді.
РЕФЕРЕНДУМДЫ ҚОЛДАУШЫЛАР МЕН ҚАРСЫЛАР
Қазақстан халқы ассамблеясынан (ҚХА) сайланған депутаттар тобының ақпанның 27-сі күні Астанада өткен отырысында мәжіліс депутаты Ахмед Мурадов «Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы республикалық референдумға талқыланбайды. Президент мұны парламенттің құзырына беруді ұйғарды, сондықтан түзетулер конституцияда бекітілген тәртіппен қабылданады. Сонымен бұл мәселе әбден заңды жолмен шешіледі, ал біз бұл жайлы айтылған конституция нормаларына сүйенеміз» деп мәлімдеді.
Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Ахмед Мурадов ҚХА депутаттар тобы отырысында ол Назарбаевтың конституцияға енгізілетін өзгерістерді референдум талқысына салмау жайлы шешімін қолдағанын, өйткені «ғаламат өзгерістер енгізілмейді». Бұған қоса, Мурадов конституцияға ұсынылған өзгерістерді «халық негізінен қолдайтынын түзетулер жобасын аймақтарда талқылау көрсетті» дейді.
- Аіз аймақтарды аралап келдік, өзім Батыс Қазақстанда болдым. [Пікір] алмастық, [конституцияның] 26-бабынан бөлек, қалған мәселелер онша пікірталас тудырған жоқ, - дейді Ахмед Мурадов.
Бұрынғы сенат депутаты, өзін оппозициялық санайтын жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) басшыларының бірі Зәуреш Батталованың мәлімдеуінше, билік өзі өткізетін сайлау немесе референдумдардың қағаз жүзінде ғана әрі алдын ала болжанған нәтижелермен өтетінін жақсы біледі. Сондықтан бұл жолы билік «шығын аз кететін» шешім қабылдап, референдум өткізуден бас тартуды ұйғарды.
Билікшіл Қазақстан коммунистік халықтық партиясы жетекшілерімен хабарласудың сәті түспеді. Партия сайтында референдум өткізуге шақырған үндеулер жоқ. Есесіне, сайтта президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін қайта бөлу бастамасын құптайтын жазбалар бар.
Биліктің қарсыластары әлеуметтік желілерде биліктің конституцияға өзгерістерді референдумсыз енгізу ниетін айыптады. Президент әлгі бапты өзгеріссіз қалдыруды ұсынғаннан кейін әлеуметтік желілерде социалистік қозғалыс жетекшілерінің бірі Айнұр Құрманов президент Назарбаев «алдағы митингілерден қорқып, ойынан айнып қалды» деп мәлімдеді.
БИЛІККЕ РЕФЕРЕНДУМНЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ ПА?
ЖСДП жетекшілерінің бірі Зәуреш Батталова Азаттыққа билік референдум туралы заңды өз қалауынша «пайдаланады» дейді. Оның сөзінше, авторитарлық билеу жүйесін бекіту үшін конституцияны өзгерту қажет болған кезде - 1995 жылы билік референдум өткізген. Ал референдум өткізуге жол бермеу керек деп санаған кезде - билік 2003 жылы қазақстандық оппозицияның жер туралы референдум өткізу бастамасына кедергі болған.
Оппозициялық «Әділдік» Қазақстанның біріккен көпұлттық партиясын құру ниеті жайлы мәлімдеген азаматтар тобының белсендісі Олеся Халабузарьдың Азаттыққа айтуынша, билік бұрын, мысалы 1995 жылы референдум өткізген кезде көз қылып болса да «халыққа жалпақтайтын», кейін тіпті мұны да қойды. Белсендінің сөзінше, оны өткізу кезінде болжанбаған оқиғалар болуы мүмкін деген оймен билік референдумға қажетсіз әрі қауіпті құрал ретінде қарайды.
Бірақ бұрынғы сенат депутаты Ғани Қасымовтың Қазақстандағы референдумға қатысты пікірі өзгеше.
- Референдум институты – елдің демократияға сәйкестігінің негізгі элементі. Кез келген демократиялық елде халық пікірін - халық билігінің соңғы аргументі ретінде референдум арқылы білдіреді. Сондықтан барлық демократиялық елдердің, оның ішінде Қазақстанның конституциясы да осы негізде құрылған, - дейді Қасымов Азаттыққа.
Қазақстанның қазіргі конституциясы 1995 жылғы тамыздың 31-інде президент жарлығы негізінде өткен бүкілхалықтық референдумда қабылданған. Ал референдум өткізу жүйесі туралы заң екі айдан кейін қабылданған. Бірақ одан кейін референдум өткен емес.