Жұма намазындағы референдум жайлы уағыз

«Орбита» мешіті имамы жұма намазының уағызын айтып тұр. Алматы, 21 қаңтар 2011 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдумды қолдау ісіне мешіттер де үн қосып жатыр. Мұны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да растайды. Ал мешітке баратын жамағат «Алланың үйінде дүние сөзін айту жөн емес» деген пікірді ұстанады.

Азаттық редакциясына оқырмандардың бірінен «Алматы мешіттері референдумды насихаттап жатыр» деген мазмұндағы хат келді.

TAKAFUL есімді оқырманның хабарлауынша, қаңтардың 14-і күні «Таулы қырат» шағын ауданындағы мешіттің имамы жұма намазына келген жамағатты референдумды қолдауға шақырған.

«Жарты сағатқа созылған уағызда біздің президентіміздің қандай керемет адам екендігі және барша мұсылман оны қолдауымыз керек екендігі айтылды. Мен «мешіттерде мұндай сөздер айтылмауы керек» дегім келді, бірақ үндемедім немесе қорықтым. Бірақ намаздан кейін мен имамдардың бұл әрекеттері үшін жылағым келді. Мен мешітке тек Алланы ойлауға, өзім мен қайтыс болған анамың күнәлары үшін кешірім сұрауға келемін. Бірақ мынандайдан кейін мен енді мешітке келмеймін, намазды үйде оқимын» делінген оқырман хатында.

«БІЗ ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІМЕН БІРГЕ ТЫНЫСТАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Қаңтардың 21-і күні Алматыдағы бірнеше мешітке жұма намазға бардық. Алайда олардың ешқайсысында референдум мәселесі айтылмады.

Оқырман жазған оқиғаның мән-жайын білу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Оңғар қажы Өмірбекке
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар Өмірбек. Алматы, 27 қыркүйек 2010 жыл.
хабарласқан едік. Оның сөзінше, расында да өткен аптада республикадағы 2300-ден аса мешіттің барлығында дерлік референдум мәселесі сөз болған екен.

– Жұма намазына қатысатын барлық мұсылман жамағатын осы референдумға қолдауға шақырдық, – дейді Оңғар қажы Өмірбек.

Сұхбаттасымыздың айтуынша, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы бір жылдағы 52 аптада болатын жұма намаздарында айтылатын уағыздарының тақырыбын бекітіп береді. Ол әдетте жыл басында жасалатын «мешіттің ішкі жұмыстары» дейді Оңғар қажы. «Онда осы жолы алдын-ала жоспарланған тақырыптар арасына референдум мәселесі қалай енді?» деген сұрағымызға «біз халықтың үнімен бірге тыныстауымыз керек» деп жауап берді Оңғар қажы Өмірбек.

Оның сөзінше, президент Назарбаевтың қазіргі жүргізіп отырған саясаты барша халықтың көңілінен шығады. «Сондықтан да референдум халықтың қалауы. Қазіргі таңда елдегі татулық пен бірлік, өзге де жетістіктер – президенттің арқасы» деген Оңғар қажы Өмірбек діни басқарманың «үнемі халық мүддесімен бірге екендігін» айтты.

Конcтитуция бойынша дін мен мемлекеттің бөлек екендігін есіне салып едік,
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі Алматыдағы Орталық мешіттен шығып келеді. Алматы, 16 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
бұл мәселенің саясатқа еш қатысы жоқ екендігін айтты Оңғар қажы.

Бұл – саясат жайлы әңгіменің мешіттерде алғаш айтылып отырғаны емес. 2009 жылдың наурызында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сол жылғы Жолдауына қолдау білдіріп, халықты дағдарыс кезінде төзімділік танытуға шақырып:

– Қасиетті Құранда елдің өз патшасына бағынуы керектігі айтылған. Президент өз жолдауында Қазақстан халқын бірлікке шақырды. Ал біз бұған қолдау танытуға тиіспіз, – деген еді.

Алайда бақылаушылар мұсылмандар бірлестігінің бұл ұстанымын «діннің саясатқа араласуы» деп бағалаған болатын.

ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕГІ ӨЗГЕШЕЛІК

Орталық Азиядағы дін мен мемлекеттік саясат тоқайласып жататын ел – жалғыз Қазақстан ғана емес. Жуықта тәжік үкіметі жұма намазының құтпасын алдын-ала бекітіп отыратынын жариялады. Тәжік имамдары көп ұзамай жұма күнгі уағыздарын ресми билік бекітіп берген тақырыптар бойынша жүргізбек. Тәжік шенеуніктері «Дін істері жөніндегі комитет түзіп шыққан тақырыптар адамгершілік пен моральдық құндылықтарды қамтиды» дейді.

Алайда сын айтушылар «бұл – мемлекеттің кейбір тәуелсіз имамдарды бақылауда ұстау үшін жасаған соңғы амалы, бұлайша мешіттегі уағыздарға араласу сорақы іс» деп бағалайды. Осылайша ұзақ уақыт бойы діни салаға ықпал етуге тырысқан тәжік билігі мұны енді жаңа стратегия ретінде пайдаланбақ.

Қырғызстан да елдегі мешіттерді «сыбайлас жемқорлықтан, діни сауатсыздық пен экстремизмнен тазалау шараларын қолға алғанын» мәлімдеді. Елдегі реформаларға сәйкес, әсіресе оңтүстіктегі діни мекемелердің бәрі орталықтың бақылауына көшеді. Қырғыз билігі өкілдері «елдегі жағдайды бақылауға алу үшін діни экстремизмге баса назар аударып отырмыз» дегенді айтады.