Жаңаөзенге «президенттің халыққа жолдауын түсіндіруге» келген бас прокуратура өкілінен қамаудағы мұнайшылардың туыстары соттың Ақтауда емес, Жаңаөзенде өтуін талап етті.
Наурыздың 12-сі күні Жаңаөзен қаласындағы «Жалын» кинотеатрында халықпен кездесуге тек бас прокуратура өкілі Оразалы Әбдіраманов қана келіпті. Бұл жиынға қатысады деп хабарланған мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев белгісіз себептермен келмей қалды.
«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖОЛДАУЫ КЕРЕК ЕМЕС!»
Жаңаөзен оқиғасына қатысты сотқа аз уақыт қалғанда Астанадан келген билік өкілдерінен тұрғындар маңызды мәселелерді көтереді деп күткенін айтады. Алайда билік өкілдерінің тек президент жолдауын түсіндіру үшін ғана келгенін жиналыс біткесін ұққан халық наразы бола бастайды.
Осы жиналысқа қатысқан «Жаңаөзен-2011» халықаралық комитетінің мүшесі Ерлан Қалиевтің айтуынша, кетуге ыңғайланған билік өкілдерін халық жібермей: «Бізге жолдаудың қажеті жоқ! Жолдауды айтпаңыз! Қамауда жатқан мұнайшыларды босатыңыз! Атқан адамдарды ұстаңыз» деп шулап, арыз-шағымдарын айта бастағаннан кейін олар амалсыздан кідірген.
Жолдауды онсыз да күнде көріп, естіп жүрміз теледидар арқылы. Біз заңсыз қамалған мұнайшылардың жағдайына алаңдаймыз. Сот жақындап келе жатыр...
- Күйеуі тергеу изоляторында отырған Тамара Ерғазева мінберге шығып: «Жолдауды онсыз да күнде көріп, естіп жүрміз теледидар арқылы. Біз заңсыз қамалған мұнайшылардың жағдайына алаңдаймыз. Сот жақындап келе жатыр. «Сот Ақтауда өтсін» деген шешімді кім қабылдады және қандай негізде? Заң бойынша сот оқиға орны болған жерде өтуі тиіс қой» деді, - дейді Ерлан Қалиев.
Оның айтуынша, Тамараның сөзін зал қуаттап, одан кейін тағы 5-6 азамат арыз-талаптарын айтқан.
Оның арасында Ағима есімді Жаңаөзен тұрғыны «Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған «билік өкілдеріне» үйқамақта отыруға мүмкіндік берілген кезде неге қамаудағы мұнайшыларды тым болмағанда сотқа дейін үйіне босатпайды? Олардың арасында тіпті жаралылар да бар» деп сұрақ қойған.
«ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ӨЗДЕРІ АЙЫПТАЛУШЫ, ӘРІ АЙЫПТАУШЫ»
Ерлан Қалиевтің айтуынша, бұған қоса бас прокуратура өкіліне жиналғандар мынадай мазмұндағы сұрақтар мен талаптар қойған:
«Айыпталған мұнайшылар ісінде неліктен басты куәгерлердің барлығы – полицейлер? Сонда полицейлердің өздері атып, сосын өздері мұнайшыларды айыптап шыққаны ма?»
Сот отырыстары ашық өтуі тиіс. Оның барысын мемлекеттік БАҚ толықтай қамтып, сот процестері онлайн режимде көрсетілсін.
«Егер шынында да «сот Ақтауда өтеді» деген шешімнің күшін жою мүмкін болмаса, онда сот отырыстары ашық өтуі тиіс. Жаңаөзенде тұратын қамаудағы мұнайшылардың туыстары, жақындарына Ақтауда болатын сот отырыстарына бару өте қиын. Оның барысын мемлекеттік ақпарат құралдарының барлығы толықтай қамтып, сот процестері онлайн режимде көрсетілсін».
Ал бас прокуратура өкілі: «Мұның барлығын Астанаға жеткізуге тырысам» деп жауап берген.
Мұнан кейін жиналысты ұйымдастырушылар түстен кейін әрбір тұрғынды жеке қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдауға уәде берген.
ЖИЫННЫҢ ЖАЛҒАСЫ
Азаттық тілшісі наурыздың 12-сі күні кешке қарай Жаңаөзен тұрғыны Тамара Ерғазеваға хабарласқан кезде ол түстен бері бас прокуратура өкілінің 18-ші адамды қабылдағанын, әлі кезекте 50-60 адам күтіп тұрғанын айтты.
Ол бас прокуратура өкіліне «сот Жаңаөзенде өтуі тиіс» деген талап-арыздар жазылған ұжымдық хатты тапсырғанын хабарлады. Тамара Ерғазева сонымен бірге мұнайшылардың заңсыз қамалғанын, Жаңаөзен оқиғасына қатысты істің әділ жүргізілмей отырғанын да жеткізген.
Мен арыз жазсам да, күйеуіме оқ атқан адамға қатысты іс әлі ашылмапты.
- Мен арыз жазсам да, күйеуіме оқ атқан адамға қатысты іс әлі ашылмапты. Мұны сол жерде біздің прокуратура адамы мойындады. «Арызды әлі ашқан жоқпыз» деді. Берген арызды бұлар облыстық прокуратураға жібереді екен. Олар қайта Жаңаөзенге жібереді. Сөйтіп арызымыз екі ортада доп болып айналып жүр, - дейді Тамара Ерғазева.
Оның айтуынша, бас прокурорға тапсырылған ұжымдық хатқа шамамен 60 шақты Жаңаөзен тұрғыны қол қойған.
Жаңаөзен оқиғасына қатысты сот осы аптада басталуы тиіс.
ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ҚАНДЫ ОҚИҒА БОЙЫНША АЙЫПТАЛҒАНДАР
Қазақстан билігі «Жаңаөзен оқиғасын ұйымдастырды, тәртіпсіздік жасады» деген айыппен біраз азаматтарды әлі тергеп жатыр. Бірақ қамауда отырған адамдардың нақты саны әр деректе әр түрлі айтылады.
Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков «Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп жеті, оған белсенді түрде қатысты деп 36 - барлығы 43 адам анықталып, жауапқа тартылатынын» хабарлаған.
Жаңаөзен оқиғасын тексеру үшін құрылған тәуелсіз «Жаңаөзен-2011» комитетінің мүшелерінің 29 ақпан күнгі дерегіне қарағанда, Жаңаөзеннің 29 азаматы, Шетпенің 11 азаматы - барлығы 40 адам қамауда отыр.
Ал бас прокуратураның тергеу заңдылығын қадағалау департаменті бастығының орынбасары Сапарбек Нұрпейісовтің 1 наурыз күнгі мәлімдемесіне қарағанда, Жаңаөзен оқиғасы бойынша қамалған алты адам босатылған, қазір қамауда 29 адам қалған (барлығы 35 адам). Оның айтуынша, қамаудағы 29-дың көпшілігінің «қылмысы ауыр болғандықтан» рақымшылыққа ілінуі екіталай.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицейлердің бейбіт халықты атуы заңға сай болды деп мәлімдеген Қазақстан билігі кейін қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін бірнеше полицейді жауапқа тартты.
Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың 25 қаңтар күнгі мәлімдемесіне қарағанда, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қабдығали Өтеғалиев, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес бөлімінің бастығы Бекжан Бағдабаев, Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Бақытқалиұлы, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жедел уәкілі Ринат Жолдыбаев және Жаңаөзен қалалық ІІБ уақытша қамау орнының бастығы Жеңісбек Теміров «адамдардың өліміне әкеп соққан қару-жарақты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып қолданғаны үшін» қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Жаңаөзен қаласын көркейтуге арналған ірі қаражатты жымқырды» деген айыппен Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Амангелді Айтқұлов тұтқындалды. Жаңаөзеннің бұрынғы әкімдері Жалғас Бабаханов пен Орақ Сарбөпеев те қамауға алынды. Оларға «қала тұрғындарының мүдделеріне қарамастан, бірнеше жылдар бойы жергілікті халық пен мұнай-газ саласындағы жұмысшыларды әлеуметтік-экономикалық қолдауға бөлінген қаражатты ұрлаған» деген айып тағылған.
Үстерінен іс қозғалып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың қатарында «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» акционерлік қоғамы мен «Компания Мұнай Экология» серіктестігінің басшылары Мирошников пен Баймұхамбетов («335 миллион теңге ұрлаған»), «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының бұрынғы директоры Ешманов пен оның орынбасары Марқабаев («127 миллион теңге қаражат ұрлаған») та бар.