Қазақстанның олимпиада қорытындысы

Бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев (солдан санағанда екінші). Лондон, 12 тамыз 2012 жыл. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.

Қазақстан Лондон олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алды.

Олимпиада ойындарына әлемнің 204 елінен он мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыс кезінде қауіпсіздікті 14 мың полицей, 17 мың әскери маман қадағалаған.

Ойындарда барлығы үш жүзден астам медаль жұбы сарапқа салынған. Олимпиада жүлдесін 85 елдің спортшылары иеленді.

Қазақстан 12-орын алып, Голландия, Украина, Куба, Иран, Чехия, Испания, Бразилия, Аргентина сияқты елдерді артқа тастады. ТМД елдері арасынан Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орынды алды, Азия құрлығы бойынша Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониядан кейінгі төртінші сатыдан көрінді.

АЛҒАШҚЫ АЛТЫН

Велоспортшы Александр Винокуров олимпиада ойындарындағы екінші жүлдесін иеленді. Осыдан он екі жыл бұрын Сидней олимпиадасында күміс медаль алған Вино (спортшының лақап аты) Лондонда чемпион атанды.

Спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парағында: «Балаларыма керемет сыйлық

Александр Винокуровтың олимпиада чемпионы болған сәті. Лондон, 28 шілде 2012 жыл.

жасадым. Олар Лондонға аттанарда «Әке, медаль алып кел!» деп шығарып салып еді. Олимпиада ойындарында мені алтын алады деп ешкім ойламады. Өзім де дәл осындай жетістікке жетемін деп ойламадым. Бұл ертегі болатын, сол ертегі енді шындыққа айналды. Жарыс кезінде чемпион болуға мүмкіндік болды. Сол мүмкіндікті пайдаланып кеттім» деп жазады.

АУЫР АТЛЕТТЕРДІҢ ТАБЫСЫ

Олимпиада қарсаңында Қазақстан ауыр атлетика ұлттық құрамасының бас кеңесшісі Энвер Түркелери «үш алтын аламыз» деп уәде берген еді. Спортшылар жоспарлы межеден асып түсіп, төрт алтын алды.

Илья Ильиннің олимпиада чемпионы болған сәті. Лондон, 4 тамыз 2012 жыл.


Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Ни ұлттық құраманы осымен бесінші олимпиада ойындарына апарды.

Зілтеміршілер Атланта мен Афинада бір күміс, Пекинде бір алтын, екі күміс, бір қола жүлде алған еді. Ал Лондонда төрт алтынды иеленді.

Илья Ильин Қазақстаннан шыққан тұңғыш екі дүркін олимпиада чемпионы атанды.

Осыған дейінгі әлем чемпионаттарында тек алтын мен күміс жүлде иеленіп жүрген Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова да Лондонда алтын алды. Чиншанло 2011 жылы өзі орнатқан әлем рекордын қайта жаңартты.

Бас бапкер Алексей Ни маусым айында Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында «Лондонда қазақстандық атлеттерге ұйымдастырушылар қарсы шығып, көтерген салмағын есепке алмай қоюы мүмкін» деген еді. Ондай дау тумау үшін Лондонға барған Қазақстан спортшылары көтерген штангаларын қозғалтпай, белгіленген мезеттен үш-төрт секунд артық ұстап тұрды.

Алматылықтар олимпиада чемпиондары Мая Манезаны (сол жақта), Зүлфия Чиншанлоны (ортада) және Ольга Подобедованы (сол жақта) кабриолетпен күтіп алды. Алматы, 8 тамыз 2012 жыл.


- Біз спортшыларды зілтемірді даусыз, таза көтеруге дайындадық. Сәл орнынан қозғалып кету немесе штанганы қозғалту төрешілерге сылтау болып, көтерген салмақты есептемей қоюы әбден мүмкін еді. Сондықтан спортшыларымыздың барлығы ауыр штанганы таза әрі ұзақ уақыт ұстап тұрды. Төрешілердің ондай кезде нәтижені есептемеуге амалы қалмады, - деді ұлттық құрама бапкері Алексей Ни Лондондағы баспасөз мәслихатында.

Ал спорт журналисі Ермек Төрениязов "Қазақстанда ауыр атлетика дамып келе жатыр" деген ойда.

- Қазақстандық ауыр атлеттер айды аспанға шығарды. Бұл - заңдылық. Соңғы үш бірдей әлем чемпионатындағы жетістік кездейсоқ емес. «Алтын алып бергендер Қазақстаннан емес» дейтіндермен мүлде келіспеймін. Олардың барлығы чемпиондық атаққа Қазақстанға келген соң жетті. Дәл қазір қазақ ауыр атлетикасы қарыштап даму кезеңінде деуге болады. Әлемде Қытаймен терезесі тең дәрежеде жүлде алып, Ресей, Иран, Украина сынды елдердің ауыр атлеттерін артқа тастадық, - дейді ол.

ЖЕҢІЛ АТЛЕТТЕРДІҢ ОН ЕКІ ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ АЛТЫНЫ

Жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұзындыққа секіру секторында олимпиада үздігі атанды. Пекин олимпиадасында 15,15 метрге секіріп, төртінші орын алған спортшы Лондонда 14,99 метрге қарғыды. Осы нәтиженің өзі спортшының чемпион атануына жеткілікті болды.

Ольга Рыпакованың олимпиада чемпионы болған сәті. Лондон, 5 тамыз 2012 жыл.


Іріктеу кезеңінде алғашқы екі секіру мүмкіндігін (спортшыға үш мүмкіндік беріледі) дұрыс пайдалана алмаған Рыпакова соңғы рет секіргенде финалға 14,79 метр нәтижемен, бірінші орынмен шықты.

Ольга Рыпаковамен бірге басты қарсыластары Ольга Саладуха (Украина, 2011 жылғы әлем чемпионы), Ямели Алдама (Ұлыбритания, 2012 жылғы жабық залдағы әлем чемпионы), Яргелис Савинье (Куба, Пекин олимпиадасының чемпионы) де финалға өтті. Алайда бұл қарсыластарының барлығы Рыпакова секірген 14,99 метрге жете алмады.

- Пекин мен Лондонның ауа райын салыстыруға келмейді. Сондықтан нәтиже 2008 жылға қарағанда төмен болды. Бастысы - чемпион атандым. Лондон олимпиадасына дейінгі жарыстарда біресе алтын, біресе күміс, біресе қола жүлде алып жүрдім. Бірақ олимпиадада барымды салуым керегін ұқтым. Олимпиада

Ольга Шишигина Қысқы Азиада ойындарының алауын ұстап барады. Алматы, 12 қаңтар 2011 жыл.

ойындарына мен шетелде дайындалдым. Мемлекет ақша жағынан қамтамасыз етті. Ал мен үмітті ақтадым, - деді Рыпакова Алматыға оралған сәтінде.

2000 жылы Сидней олимпиадасында Қазақстан жеңіл атлеті Ольга Шишигина жүз метрге кедергілер арқылы жүгіру жарысында алтын медаль алған еді.

Араға 12 жыл салып Қазақстан жеңіл атлетикадан екінші алтынын иеленді.

СӘПИЕВ – ОЛИМПИАДАНЫҢ ЕҢ ҮЗДІК БОКСШЫСЫ

Олимпиада алдында Қазақстанның бокстан олимпиада құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов «бір алтын, бір күміс, бір қола жүлде аламыз» деген жоспарын айтқан.

Лондонда 69 килограмм салмақ дәрежесінде Серік Сәпиев - алтын, 81 килограмм салмақта Әділбек Ниязымбетов - күміс, + 91 килограмда Иван Дычко қола медаль алды.

Бұған дейінгі олимпиадаларда 69 килограмм салмақ дәрежесінде Серік Сәпиевке дейін Бақтияр

Бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев (сол жақта) пен қола жүлде алған қарсыласы, ресейлік боксшы Андрей Замковой. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл.

Артаев (2004 жылы), Бақыт Сәрсекбаев (2008 жылы) чемпион атанған еді.

Алтын алған соң Серік Сәпиев Лондондағы қазақ ауылында баспасөз мәслихатын өткізді.

- Біздің жеңісіміз болашақ спортшыларға серпіліс берсе, біз үшін үлкен жетістік - сол, мақсатымыздың орындалғаны, - деді чемпион.

Ал баспасөз мәслихатына қатысқан спорт журналисі Несіп Жүнісбаев «Серік Сәпиевтің жеңісі күмәнсіз болғанын» айтты.

- Олимпиада ойындары аяқталған соң халықаралық бокс федерациясы Серік Сәпиевке «Олимпиаданың ең үздік боксшысы» деген сертификат пен кубок берді. Жалпы, олимпиада ойындарында Қазақстан боксшылары тамаша жетістікке жетті. Лондонда Қазақстан он екінші орын алып, Пекинмен салыстырғанда он жеті саты жоғарылады, - деді Несіп Жүнісбаев.

Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері, қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетовтың финалға шыққан сәті. Лондон, 8 тамыз 2012 жыл.


Лондон олимпиадасында әйелдер боксынан Марина Вольнова қола жүлдеге ие болды.

Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Болат Манкенов «қазақ боксы әлемдегі үздік мектептердің бірі екенін дәлелдеді» дейді.

- Лондондағы боксшыларымыздың жетістігін жоғары бағалауға болады. Бастысы - әр олимпиада сайын чемпион шығу дәстүрі жалғасты. Әр ойындар алдында боксшылардың бір алтыны болатынын сезіп тұрамыз. Биылғы олимпиадада бокстан бірнеше алтын күткеніміз рас. Бірақ осы жетістіктің өзі - үлкен жеңіс. Алға қойған мақсат та орындалды. Енді 2013 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына дайындалуымыз керек, - деді ол.

Ал спорт журналисі Рауан Оқастың ойынша, олимпиада кезінде төрешілер бұра тартқан.

Аса ауыр салмақта бокстан олимпиаданың қола жүлдегері атанған Иван Дычко (оң жақта). Лондон, 6 тамыз 2012 жыл.


- Ширек финалда Біржан Жақып қытайлық Зоу Шимиңнен, ал екінші кезеңде Ілияс Сүлейменов ұлыбританиялық Эндрю Селбиден ұтылған жоқ. Төрешілер жығып берді. Бапкерлер де шағым түсірмеді. «Түсірсек, қалған боксшыларға кесірі тиеді» деп ойлаған болар. Дегенмен боксшылардың нәтижесі жақсы. Тек жанкүйерлер олардан ірі табыс күтеді де, кейбіріне бұл нәтиже аздық етеді. Олимпиадаға аттанарда біздің тоғыз боксшы да жүлде алуға үмітті еді. Бірақ бір елдің тоғыз боксшысына барлық алтынды бермейді. Иван Дычко мен Марина Вольнованың қола жүлдесі де - үлкен табыс, - деді ол.

«БАЛУАНДАРҒА КӨП СЕНІМ АРТЫЛЫП ЕДІ»

Қазақстандық балуандар олимпиада ойындарында үш қола жүлде иеленді (еркін күрестен – Ақжүрек Таңатаров, грек-рим күресінен – Даниал Гаджиев, әйелдер күресінен – Гөзел Манюрова).

Еркін күрестен олимпиаданың қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл.


Еркін күрестен Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков «үш қола да аздық етпейді» дегенімен, «балуандардың шамасы бұдан да көп жүлде алуға жетер еді» дейді.

- Біздің балуандардың алары бұдан да көп болуы керек еді. Сәтсіздікке не себеп болды - ол жағы белгісіз. Барлық сәтсіздікті саралап, күрес федерациясының басшылары нақты шешім шығарар. Олимпиада алдында балуандарға көп сенім артылған. Алтын жүлде күткеніміз де рас. Бірақ үш қола бұйырды. Шындығына келгенде, кей елге үш қоланың өзі - арман, - деді Ислам Байрамуков.

Қазақстан дзюдошылары жүлдесіз қайтты. Алтын алады деген әлем чемпионы Максим Раков бірінші белдесуде-ақ ұтылды. Басқа дзюдошылардың да жүлде алуға шамасы келмеді.

Гөзел Манюрованың соңғы белдесуін ұтқан сәті. Лондон, 9 тамыз 2012 жыл.


Қазақстан дзюдо федерациясының өкілдері «енді шетелден білікті маман шақыруымыз мүмкін» деді.

Дзюдодан бөлек, ескек есу, қазіргі бессайыс, таэквондо, жүзу, су добы, синхронды жүзу спортының өкілдері төмен нәтиже көрсетті.