"Қазақтарға жеке автономиялық аудан керек"

Қытай қазақтары. Көрнекі сурет. Chinanews.com сайтынан алынды.

Бұл аптада senkazakh.com, bozbala.com, xalhar.net және kzsahara.com қазақ сайттарына шолу жасалды. Қытайдағы қазақ сайттары "Алтай мен Тарбағатай аймақтарын Іле аймағына қосып, бір үлкен автономиялық қазақ районын" құру туралы ұсыныс талқыланды.

«ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯЛЫҚ РАЙОНЫН ҚҰРУ»

Қытайдағы senkazakh.com сайты бұл аптада «Қазақ автономиясының халі» атты мақала жариялапты. Мақала авторы «қазақтың аумақтық автономиялық органдары, құдайға шүкір, жоқ емес. Бақандай бір облысымыз, үш ауданымыз бар. Тағы бір аралас облыс бар еді Чиңхайда, оның «қазақ» деген атын алып тастады» дей келіп: "Бірақ, біздің автономиялық облысымыз қызық, мемлекет бойынша бірден-бір орынбасар өлке дәрежелі облыс. Алғаш құрылғанда қол астында үш аймақ, бір облыс болған, кейін біржола бөлініп шықты. Іле аймағы он жылдан бері тағы да жоғалды. Сонымен қазір екі аймақ - Іле мен Тарбағатай аймақтары, сосын, төте қарасты 9 аудан мен екі қала болып, бір қауым жер қарайды" деп жазады.

Автор осы мақаласында «Алтай мен Тарбағатай аймақтарын Іле аймағына қосып, бір үлкен автономиялық қазақ районын құрсақ» деген пікір айтады.

Осы аптада senkazakh.com сайты кезінде қазақстандық газеттің бірінде басылған Мәкен Тұрағұлқызы туралы «Абайдың асыл ұрпағы» деп аталатын мақаланы көшіріп жариялады. Мақалада Мәкен Тұрағұлқызының өмірбаяны, Құнанбай әулетінің Совет одағы тұсында тартқан азаптары баяндалған.

«ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ЖӘНЕ АРАҚ»

Bozbala.com сайты осы аптада Қытайда тұратын қазақ жастарының ішімдікке әуестенуін оқырман талқысына ұсыныпты.

Қытайдағы bozbala.com сайтының скриншоты.


Мақала авторы «Әр жылы орта мектепті бітіргеннен кейін өрлеп оқитындар саны барлық Жуңгода (Қытайда - ред.) азшылық. Бірақ Жуңгодағы басқа ұлттармен салыстырғанда қазақ жастарының өрлеп оқуы көп. Соған қарамастан қазақ жастары арақты көп ішеді» деп жазады.

Оның дерегіне қарағанда «Қуықтағы бір оқу орнындағы әр алуан шара көргендердің 80 пайызы арақ пен темекі шеккендер болса, соның 60 пайызы қазақ жастары. Ал аталған оқу орнында оқитын қазақ жастары барлық студенттердің 6 пайызын ғана құрайды».

«АЛЛАЖАР» МЕН «ЗАУАЛ»

Ал kzsahara.com сайты бұл аптада «Аллажар» фильмін оқырмандар талқысына салыпты.

Сайт оқырмандарының бірі «Есін білмей жүрген кей ессіз қазақтар, күніне кәрістің жасын сығымдаған жалған киносын көргенше, еліңнің асыл ерлері Ресей жағынан қалай ғана тапталғанын көр! Ұлт намысын жүрегіңе ұялат!» деген пікір білдірсе, екінші бір оқырман: «Шіркін, осыны қанша қазақ көрді екен. Шіркін, басында жауһар болып жарқырап тұратын теме, аяғында қор болып, көміліп жүр. Басшыларда көз жоқ па деп қалам кейде» деп жазады.

Xalhar.net сайты 1931-32 жылдары қазақ даласында болған ашаршылық туралы «Зауал» атты деректі фильмді оқырман назарына ұсыныпты.