Ресейде оңшыл әсіре ұлтшылдық тағы да бас көтерді. Мәскеуде нәсілшілдер ылаң салды. Бұл жайт осы елде 2018 жылы өткізілетін әлемдік футбол біріншілігі кезінде қауіпсіздік мәселесі қалай болар екен деген алаңдаушылық туғызып отыр.
Өткен демалыс күндері Мәскеуде ашу-ызаға булыққан әрі қаруланған жастар тобыры этникалық азшылықтар өкілдері мен милиция қызметкерлеріне шабуыл жасады. Салдарынан кісі қазасы болып, көптеген адамдар жарақат алды. Бұл оқиғалар Ресейде 2018 жылы өткізіледі деп жоспарланған футболдан әлем біріншілігі кезінде қауіпсіздік жайы қандай болмақ деген сауал туғызып отыр. Желтоқсан айының ортасында Мәскеу милициясы зорлық-зомбылық оқиғаларына жол бермеу мақсатымен қаланың тұс-тұсында мыңға тарта адамды тұтқынға алды.
СОЙЫЛ ҰСТАҒАН НӘСІЛШІЛДЕР ТОБЫРЫ
«Нәсілшілдік дырдуы Ресейдің 2018 жылы (футболдан) әлем біріншілігін өткізу туралы арманына дақ түсіріп отыр» деп аталатын мақаласында «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының журналистері Клэр Биг пен Кэвин О’Флин желтоқсан айының 11-і күні нәсілшіл ұрандарды айқайлап бақырған мыңдаған әсіре оңшыл ұлтшылдар мен футбол жанкүйерлерінен құралған тобырдың өздеріне көшеде кездейсоқ кездесіп қалған славян емес ұлт өкілдерін аяусыз ұрып-соғып, таяқтың астына алғанын жазады. Совет Одағы ыдырағаннан бергі уақыт ішінде бұл Ресей астанасындағы нәсілшілдік сипатында болған ең ірі ылаң болды.
Металл сойылдармен қаруланған есерлер милиция қызметкерлеріне тап беріп, тас атқаннан кейін, жақын маңдағы метро стансасына басып кіргенде оның іші жолаушыларға толы еді. Жолындағыны жайпап өткен тобырдың қолынан 30-дан астам адам жарақат алған, олардың кейбірін пышақтап кеткен. Аталған қақтығыстар ұлты орыс бір футбол жанкүйері қаза тапқан соң аяқ астынан бұрқ ете түсті, марқұмды Солтүстік Кавказдағы ұлттардың бірінің өкілі атып өлтірген деген жорамал жасалған еді.
Алайда, жоғары шенді ресейлік шенеуніктердің, соның ішінде президент Дмитрий Медведев пен премьер-министр Владимир Путиннің айтқан уәделеріне қарамастан, осы басбұзарлық оқиғалар Ресей үкіметінің ұлтаралық түсініспеушілікті ауыздықтай алу қабілетіне қатысты күмәнді тағы да күшейтіп отыр. Мамандар бұл түсініспеушілік биліктің бақылауынан шығып бара жатқанын ескертеді.
Кремль қиын жағдайға тап болды. Себебі, бұл қақтығыстар Футбол қауымдастықтарының халықаралық федерациясы (ФИФА) 2018 жылы футболдан әлем біріншілігі Ресейде өткізіледі деп мәлімдегеннен кейін іле-шала бұрқ ете қалды. Енді Ресей осынау үлкен ауқымды халықаралық спорт біріншілігін лайықты түрде аман-есен өткізе ала ма деген күмәнға толы сауалдар естіле бастады.
БИЛІК ШАРА ҚОЛДАНУҒА ТЫРЫСЫП ЖАТЫР
«Әлем біріншілігіне даярлық жұмысын ұйымдастырушы адамдар – яғни, шенеуніктер – ахуалдың жай-жапсарын нашар біледі, – дейді Мәскеудегі «Сова» үкіметтік емес ұйымының сарапшысы Галина Кожевникова. – Шенеуніктердің футбол жанкүйерлері ұйымдарымен келісетіні анық, бірақ бұл ұйымдардың жанкүйерлерге ешбір ықпалы жоқ». «Сова» ұйымы Ресейде нәсілшілдік негізінде жасалған қылмыстарға мониторинг жүргізумен айналысады.
Ал Ресей билігі көңілі алаңдаулы жұртшылықты тыныштандыруға тырысып жатыр. Президент Дмитрий Медведев Twitter торабындағы өз блогы арқылы мәлімдеме жасап,
Милицияның арнайы тобы рұқсат етілмеген наразылық шеруіне қатысқандарды ұстауға кірісті. Мәскеу, 11 желтоқсан 2010 жыл.
бүгінгі күні «жағдайдың бақылауда екеніне» кепілдік беретінін айтты. Демалыс күндері Кремльдің дәл іргесінде болған бұл тәртіпсіздіктердің басталуына желтоқсанның 6-ы күні кавказдық ұлт өкілдерімен болған төбелесте «Спартак» футбол командасының Егор Свиридов деген жанкүйерінің атып өлтірілуі себеп болды.Бұл қақтығыстар осы тәрізді оқиғалар ішіндегі ең ауқымдысы болса да, Ресейдегі футбол жанкүйерлерінің көпшілігі өз елінің 2018 жылы футболдан әлем біріншілігін сәтті өткізетініне күмән келтірмейді. Бүкілресейлік жанкүйерлер қоғамының ресми өкілі Иван Кузнецов Ресейдегі нәсілшіл шабуылдардың нысаны негізінен Кавказ бен Орталық Азиядан келген жұмысшы мигранттар екенін тілге тиек етеді. «Шетел құрамаларының ойыншылары мен футболқұмар қауым 2018 жылы әлем біріншілігі өткізілген кезде ештеңеден қауіптенбеуі тиіс», – дейді ол.
Алайда, адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар Ресей футбол жанкүйерлерінің спорттық қауымдастығы неонацистер және басқа да әсіре ұлтшыл топтармен етене-тығыз байланысты екенін айтып отыр. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, «Спартак» футбол командасының атып өлтірілген Егор Свиридов деген жанкүйері Мәскеудегі осындай аса сотқар топтардың қатарына жататын «Одақ» тобының мүшесі болған екен.
Әбден еліріп алған жастар тобырының желтоқсан айының 11-і күні ылаң саларынан бірер тәулік бұрын, мыңға тарта футбол жанкүйері шеру жасап, Мәскеудегі аутокөлік даңғылын басып алды да, жарықтандырғыш патрондарды аспанға қарша бората атты. Ол жолы полиция бұлардың қылығына бөгет жасамады әрі шерушілердің ешбіреуін ұстамаған еді.
Бірақ Ресей астанасындағы әсіре оңшылдардың көшедегі дырдуы одан кейін де жалғасты. Желтоқсанның 17-і күні тағы да жасалған шабуылдар кезінде бірнеше адамның жарақат алып, кейбіреуінің мерт болғаны белгілі болды. Ресей астанасының оңтүстік-батысында белгісіз біреулер Өзбекстан азаматын өлтірген, осы қылмысты жасаған деген күдікпен бір адам ұсталған.
«Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосы орыс редакциясының хабарлауынша, Мәскеу мен Ресейдің тағы да бірқатар қалаларында болып өткен ұлтаралық сипаттағы қақтығыстардан соң көптеген саясаткерлер бұған дейін Ресейде ұлттар жөніндегі министрлік болғанын естеріне алды. Ресейде қазір оның рөлін атқаратын бір де бір мекеме жоқ. Ресей қоныс аудару ұйымдарының форумы атқару комитетінің төрағасы Лидия Графова мигранттарды қоғамға кіріктіру мен жерсіндіру тәрізді күрделі міндетті орындау Федералдық миграциялық қызметтің қолынан келмей отыр деп санайды.
Таяу арада Ресейде мигранттарға орыс тілі, мінез-құлық мәдениеті мен Ресей заңнамасының негіздерін оқытатын мәдени орталықтар ашылады деген уәделер беріліп жатыр. Федералдық миграциялық қызмет ішінен мигранттарды қоғамға кіріктіру мен жерсіндіру мәселесімен айналысатын арнайы бөлімше құрылды. Осылайша Ресей билігі басқа елдерден келген еңбек мигранттарын қоғамға кіріктіру жөніндегі шараларға бұрынғыдан да қатты ден қоюға уәде беріп отыр.
Желтоқсанның 18-і күні Мәскеудегі «Останкино» телеорталығының маңында Ресейдің «Ұлттық-демократиялық альянсы» өткізген пикеттен түсірілген видеоны қараңыз:
Your browser doesn’t support HTML5