Ұлыбританиялық режиссер Энтони Буттстың Семей ядролық полигонынан зардап шеккен адамдар жайлы түсірілген «Заманақырдан кейін» деректі фильмі Батыста жоғары бағаланды.
After The Apocalypse («Заманақырдан кейін») фильмі мамырдың 11-інен бастап Ұлыбританияның барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Бірақ режиссер оны Қазақстанда көрсетуден бас тартып отыр. Себебі Буттс бас кейіпкеріне фильмді осы елде көрсетпеуге уәде берген. Сол себепті Энтони Буттс Азаттыққа берген сұқбатында кейіпкерінің атын өзгертіп айтты. Бұл фильмнің үзінділерін көрсетуін сұрағанымызда режиссер Буттс полигон құрбандарының проблемасын Қазақстанда көрсетуге өзінің де қатты мүдделі екенін айта келе, «өкінішке қарай, берген уәдемде тұруым керек» деді.
ҰЛЫБРИТАНИЯДАН СЕМЕЙГЕ БАРҒАН РЕЖИССЕР
Қазақстанда «ядролық сынақтар жүргізілгенін, онда тұрып жатқан адамдарға КГБ жантүршігерлік тәжірибе жасап көргенін» 2006 жылы естіген
Семей полигонындағы ядролық сынақ жарылыстарынан соң пайда болған "Атом көлі". Шығыс Қазақстан облысы, тамыз, 2009 жыл.
ұлыбританиялық режиссері Энтони Буттс сол жылы жазда Курчатов аймағына аттанған. Режиссер Азаттық радиосына берген сұқбатында алғашқыда Семей полигонында әлі де қалған радиоактивті заттардан қауіптеніп, полигон аймағындағы ауылға радиация күшін анықтайтын Гейгер аппаратымен барып, бетіне арнайы бетперде киіп жүргенін, кейін оны шешіп тастағанын айтты.
Жергілікті тұрғындар шетелдік қонаққа шаң-тозаңда сақталған радиоактивті изотоп пен ең қауіпті плутонийден қорғану қажет деп ескертіпті. Ал өздері «біздің денеміз радиацияға баяғыда бой алдырған» деп, оған үйреншікті нәрсе сияқты қараған. Режиссер өз фильмінде атом бомбасы сыналған аймақтардағы радиация деңгейі қалыпты мөлшерден тым жоғары екенін көрсеткен.
«КГБ СЫНАҒЫ МЕН БАЙ ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІНЕ АШУЛАНДЫМ»
Батыста ядролық мәселелерге арналған деректі фильмдерімен танылған режиссер Энтони Буттс Семейде ядролық сынақ зардабын тартып, дүниеге мүгедек болып келген тастанды балалар үйіне барған. Балалар үйіндегі екі қолсыз туған сәби мен бірнеше кемтар балалардың шетінеп кеткенін көру өзіне ауыр соққы болып тигенін айтады.
Буттс Семейде ядролық бомба сынақтарын жасаған Совет одағына, қазіргі мұнай мен газдан көп ақша тауып отырған Қазақстан үкіметінің аймақтағы халық тағдырына мүлдем бейжай қарап отырғанына қатты налыдым дейді.
– Бомба сынағының тоқтатылғанына 20 жылдан асса да, бұл жердегі қазақтар тағдырына ешкім назар аудармай отыр, – дейді Энтони Буттс.
Ол «деректі фильмім үкіметтің осы аймаққа немқұрайлы қарағанын тоқтатуға әсер етсе екен» деп үміттенеді.
«Бомба сынағының зардабын тартып отырған қарапайым халық сондай бір қонақжайлық танытты» деген британдық режиссер әлі де Семей өңіріндегі жергілікті мектеппен хабарласып, телефон номері жиі ауысатын Айгүлдің (кейіпкердің аты өзгертіліп алынды) хал-жағдайын біліп тұратынын айтты.
«СЕМЕЙГЕ КӨМЕК»
Ядролық апаттардың салдарын зерттеп жүрген британ режиссері Энтони Буттс Семейде түсірілген деректі фильмінің атауымен арнайы парақша ашып, Семей полигонының салдарын Хиросима мен Нагасаки, Чернобыль апаттарымен салыстырған. Тіпті ол бүгінгі Фукусима ядролық кешеніндегі апаттың өзін Семей өңірінде 40 жыл бойы сыналған бомбалық жарылыстармен салыстыруға келмейтінін айтады.
Семейде 40 жылға созылған сынақтар барысында 470 ядролық жарылыс жасалды. Оның 118-і жер үстінде, 352-сі жер астында өткізілді. Ядролық жарылыстармен бірге Семей полигонында химиялық жарылғыш заттарды қолдану арқылы 175 жарылыс болды. Cовет билігі 715 ядролық сынақтың 500-дейін Қазақстанда жасады.
Семей өңірінде тұратын халық еріксіз сынақтың тәжірибелік нысанасына айналған. Жарылыс кезінде оларды үйлерінен шығарып, кейін ағзаларына қаншалықты деңгейде радиация тарағандығын зерттеп отырды.
Cемейде радиациядан зардап шеккендердің саны 2 миллион адамнан асады. Аймақтағы радиациядан генетикасы бұзылып, әлі де дүниеге бала әкелу құқынан айрылып отырған тұрғындар тағы бар. Мамандар радиация салдары тағы 5-6 буынға жалғасады деген болжам айтады.
Буттстың пікірінше, Семей полигонындағы ұзақ жылдарға созылған бомбалық жарылыстар салдары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қазір әрбір 20 баланың біреуі дүниеге кемтар болып келіп жатыр.
Энтони Буттс Семей полигонын басқа ядролық апаттармен теңестіре алмайтынын айтты, себебі – ядролық сынақ алаңының көлемі ауқымды, тәжірибе 40 жылға созылған және онда тұратын халық қауіпсіз жерге көшірілмеген. «Семей полигонының халыққа тигізген зардабы орасан зор болғанына қарамастан, жергілікті үкіметтің назары мен ғалымдардың қолы ол жаққа әлі жетпей жатыр» дейді режиссер.
Британдық режиссер осы тұрғыда әлемнің назарын Семейге аудару мақсатындағы веб-сайтында «Семейге көмек» деген арнайы айдар ашып қойған. Онда деректі фильмге түскен адамдарға қаржылай көмектесуге, халықаралық және Қазақстан үкіметтерінің назарын аймаққа аудару науқанына қатысып, әлемге Семейдегі жағдайды танытатын фильмді ақпараттық насихаттауға шақырған.
«СӘБИ СҮЮДЕН ҚОРҚАТЫН ЕЛ»
Энтони Буттс деректі фильмінде Семей өңірінде қырық жыл бойы жасалған ядролық сынақтар зардабын тартқан халықтың бүгінгі ахуалын суреттеген. Онда атом сынағы салдарынан генетикасы бұзылып, бет-әлпеті өзгерген Айгүл есімді келіншек дәрігерлердің түбегейлі қарсылығына қарамастан, балалы болуға шешім қабылдағаны сөз болады.
Жергілікті перинеталды орталық директоры Төлеухан Нұрмұхамедов Айгүл сияқты радиация әсер еткен әйелдердің дүниеге бала әкелуіне қарсы. Сол себепті баласының Даун дертіне ұшырау қаупі жоғары болған Айгүлге бірнеше рет түсік жасатуды ұсынған. Бірақ тәуекелге бел буып, ешкімді тыңдамаған Айгүл тоғыз айдан кейін босаныпты.
Төлеухан Нұрмұхамедов Азаттыққа берген сұқбатында сәбидің еш ауытқусыз, он екі мүшесі сау туғанын айтқанымен, «оның генетикалық өзгерісі екі жылдан кейін байқалуы мүмкін» деп ескертті. Дәрігер Нұрмұхамедов аймақтағы қыз-келіншектерге генетикалық өзгерістің бар-жоқтығын анықтайтын төлқұжат бергенде ғана генетикалық тұрғыда ауытқуға ұшыраған балалардың тууын тоқтатуға болады деп сенеді.
Ал Ұлыбританияда Энтони Буттстың фильмін көргендер екіұшты ойда қалды: бірі Айгүлдің сәби сүю құқын қолдаса, енді бірі генетикалық өзгерістерге ұшыраған әйелдің бала тууына қарсы болған дәрігерді қоштады.
Буттс осы мәселеге Қазақстандағы жұрт қалай қарайтынын, қай пікір басым түсетінін білгісі келеді. Бірақ ол «фильмнің айтайын деген ойы – атом бомбасынан арылуымыз керек дегенді алға тартады» деді.
Ұлыбританиялық режиссер полигон ошағындағы халықтың өсіп-өнуін тоқтатып қойған бұрынғы Совет билігінің саясатын сынайды. Ол Қазақстанды «сәби сүюден қорқатын ел» деп атады.