Шалқардың құмында «табиғи ем маусымы» аяқталды

Шалқар қаласының тұрғыны Мәрзия Насамбаева құмға түсіп жатыр. Шалқар қаласы, 13 тамыз 2013 жыл.

Ақтөбе облысындағы Шалқар мен Ойыл аудандарының тұрғындары шілде-тамыз айларында «құмға түсіп», өз беттерінше ем қабылдайды. Бұл аймақта «құмға түсудің» өзіндік дәстүрі бар.
Борсық пен Барқын құмдарының бойындағы жұрт «құмға түсу» деп қатты қызып тұрған шағылдың құмына жалаңаш денесін көміп, бетін көлеңкелеп алып, шалқасынан жатуды айтады.

Құмға түсетіндердің дені – егде адамдар. Жал-жал шағылдардың ортасынан арагідік жастар да кезігеді.

«ӘРІ ТЕГІН, ӘРІ ПАЙДАЛЫ ЕМ»

Шалқар қаласының тұрғыны, жасы 50-лер шамасындағы Торғай Төремұратова жергілікті базарда сауда жасайды. Айтуынша, «жыл он екі ай жайма базарда тұрып, денесін суық алып қалған» ол Шалқар қаласынан үш-төрт шақырым жердегі Кіші Борсық құмына «жел-құзын шығару үшін» келіпті.

Шалқар маңындағы құмға түсетін жер. Ақтөбе облысы, 13 тамыз 2013 жыл.

– Аурудың бәрі суық пен нервіден келеді екен ғой. Базарда тұрып, жүйкеміз жұқарып бітті. Әбден суық алып тастаса керек, буын-буындарым сырқырап, аяғым бастырмайды. Мақтаулы емханалардың қызметі қымбат. Шипажайларға баруды қалтам көтермейді. Сосын жыл сайын жазда құмға түсемін. Әрі тегін, әрі пайдалы, – дейді Торғай Төремұратова.

​Кіші Борсыққа түс әлпетінде келген ол кісі біраз уақыт жалаңаяқ жүріп, алдымен ыстыққа бой үйретіп алыпты. Құмға содан кейін ғана түскен. Айтуынша, екі сағат бойы тапжылмастан жатқан.

– Жүрегімнің қағысы жиілеп, маңдайымнан аққан тер көзіме құйыла бастағасын орнымнан тұрдым, – дейді ол.

Торғай Төремұратова құмға түскеннен кейін «буын-буыны босап, денесі балбырап, керемет күй кешетінін» айтады.

Мүмкіндігі барлар құмға түскенде қаладан жырақтау, кісі аяғы баспаған шағылдардың ортасына барғанды жөн санайды.

Мәрзия Насамбаева құмға түсіп жатқанда, немерелері апасына шай қайнатып жатыр. Шалқар қаласы, 13 тамыз 2013 жыл.

Ал балалары ұзақты күн жұмыста жүретіндіктен шалқарлық зейнеткер Мәрзия Насамбаева қаладан алысқа ұзай алмаған. Әрі ыстық құм астында ұзақ уақыт жатуды денсаулығы да көтермейді екен.

Сондықтан ол Шалқардың шетіндегі төбешіктерге келіп, «ара-тұра аяқтарын ғана емдеп алатынын» айтады. Мәрзия Насамбаеваның немерелерінің бірі оған шоқ самаурынмен шай қайнатып беріп, енді бірі апаларының аяғын құммен жауып жүрді.

«ҚҰМҒА ТҮСУДІҢ» ШАРТТАРЫ

Зейнеткер Рая Әлиманова биыл құмға үш күн қатарынан түскенін айтады. 75 жастағы қария алғашқы күні бір жарым сағат, кейінгі екі күнде бір-бір сағаттан ыстық құмға көміліп жатқан. Содан бері жылы киініп, күтініп жүр.

– Біз көрген үлкендер құмға түсуге сән-салтанатымен келетін. Әр үйде марқа сойылып, қазан асылатын. Құмға түскен адам кемінде екі жұма жылы киініп жүруі тиіс. Денесін суық алып қалмас үшін ағын суға шомылуға болмайды. Ертеректе үлкендер құмға түскен кісісі бар үйде ұрыс-керіс пен айғай шудың болмауын да қадағалап отыратын. Ондай жағдайда ем қонбайды деуші еді. Қазір жастар құмға түскен күннің ертеңіне жартылай жалаңаш кетіп бара жатады. Олай болмауы тиіс, – дейді Рая Әлиманова.

Жергілікті жұрт тамыз айының ортасынан кейін құмға түсуді түгел тоқтатады.

Шалқар қаласының тұрғыны Рая Әлиманова. Жеке мұрағатындағы суреті.

– 40 күн шілдеден соң-ақ түн суыта бастайды. Күн қанша ыстық болса да, түн суық болғандықтан құм дұрыс қызбайды. Сондықтан тамыздың 15-терінен соң құмға түспеген жөн, – дейді Рая Әлиманова.

Өздері Ұлы және Кіші деп екіге бөлетін Борсық құмын жайлап отырған шалқарлықтар арасында еш жерде жазылмаған бұл ережені бұзатындар кемде-кем екен.

Қазақстанға еңбегі сіңген ақтөбелік дәрігер Ізбасқан Аймағамбетовтің айтуынша, ағзаны құммен емдеу псаммотерапия деп аталады. Дәстүрлі медицинада өте сирек қолданылатын бұл әдіс – шипажайларда минералды ванна, емдік балшық сияқты үлкен сұранысқа ие ем.

– Емнің бұл түрінің негізгі принципі – жылу арқылы емдеу. Алайда оны дәрігердің қадағалауымен ғана жүзеге асырған жөн. Қан қысымы жоғары, жүрегінде кінарат бар адамдарға құмға түспек түгілі күн ыстықта үйден шығуға болмайды. Тері ауруларына шалдыққан, мысалы, экземасы (қышымасы) бар адам құмға түссе, ауруын асқындырып алуы мүмкін, – дейді Ізбасқан Нұрединұлы.

Өзі ешқашан құмға түсіп көрмеген дәрігер оның адам ағзасына пайдасы бар-жоғын нақты айта алмады.