Шымкент қаласында мектеп жетіспейді. Қазір қаладағы тоғыз мектеп үш ауысыммен оқиды. Солардың бірі - Қайнарбұлақ саяжайындағы №83 жалпы орта мектеп. Мұндағы оқушының көптігін мектепке жетпей жатып, автобусқа мінгеннен-ақ байқауға болады.
Азаттық тілшісі мінген 70-маршруттағы қоғамдық көлік жолаушыға, негізінен оқушыға толы болды. Соңғы аялдамаға келіп түскенде, сабақтан шыққан оқушылар мен ата-аналар босаған автобусқа зорға сыйды.
Сынып жетекшілері аялдамада оқушыларды шығарып салып, келмеген немесе жете алмай қалған балалар мен ата-аналарға ұялы телефонмен хабарласып жатты.
Мектеп ауласында 20-дан астам ата-ана балаларын күтіп тұр. Олардың бірі, Қайнарбұлақ саяжайының тұрғыны Маржан Ешімова «кенже ұлын сабаққа алып келіп, шыққанша екі жарым сағат күтіп жүретінін» айтты.
- Қайнарбұлақтың шеткі көшелеріне қоғамдық көлік жүрмейді, күнде екі километрдей жерді жаяу жүруге мәжбүрміз. Жаңбырда қалатын күндеріміз көп. Автобустар кейде балаларды алмай кетеді. Сол кезде олардың үсті-басы шылқылдап су болады. Алыстан, басқа аудандардан келетін оқушылар бар. Не арнайы қоғамдық көлік берсе, не жаңа мектеп салса болатын еді, - дейді ол.
Балалардың қоғамдық көлікпен жүру қауіпсіздігіне мектеп мұғалімдері де, ата-аналар да қатты алаңдайды. Кейде балалар автобуста сығылысып отырады. Өйткені 600 орындық бұл мектепке, мектеп алды даярлық сыныптары оқушыларын қоспағанда, 3 мың 300 бала келіп оқиды.
- Өткенде бір оқушының қолын автобус есігі қысып қалды. Сонда да бала мектепке келді. Медбике қолын таңып үйіне қайтарды. Баламды күнде сабақ аяқталғанша күтемін. Өйткені үйге барып келгенше сол уақыт кетеді. Оқушылар қауіпсіздігін ойлау керек емес пе? - дейді Маржан Ешімова.
ВИДЕО: Ата-аналар шағымы
Your browser doesn’t support HTML5
«БІЛІМ БЕРУ ПРОЦЕСІНЕ ДЕ КЕДЕРГІ»
Ата-аналардың айтқаны балаларының мектепке қатынау машақаты болса, мұндағы мұғалімдердің уайымы - «оқушының көптігінің білім алу процесіне кедергі жасайтыны».
Шымкенттегі үш ауысымдық мектептер
Шымкенттегі үш ауысымдық мектептер
- Бозарық ауылындағы 57-мектеп.
- Ақжайық шағын ауданындағы 59-мектеп.
- Достық шағын ауданындағы 68-мектеп.
- Сәуле шағын ауданындағы 76-мектеп.
- Жаңаталап ауылындағы 82-мектеп.
- Қайнарбұлақ саяжайындағы 83-мектеп.
- Қаражал шағын ауданындағы 85-мектеп.
- Сайрам тұрғын алабындағы 91-мектеп.
- Сайрам тұрғын алабындағы 111-мектеп.
- 141 сынып бар. Ең көп оқушысы бар 10 «ж» сыныбында 34 оқушы отыр. 1-сынып оқушыларын биыл 16 сыныпқа бөліп оқытып жатырмыз. Оқушы көптігі білім алуға шамалы кедергі жасайды. Тағы бір мәселе - саяжай көшелері тар әрі жарықтандыру жоқ. Былтыр оқушы тасуға автобус бөлінген еді. Биыл ол жоқ , - дейді 83-мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанұзақ Жандар.
Ал мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Динашова кейде балалардың сабаққа кешігіп келетінін айтады.
- «Неге кешіктің?» десек, «Автобус күтіп қалдық» дейді. Үшінші ауысымдағы оқушылардың сабағы сағат 15:00-де басталып, қараңғы түскенде, сағат 19:30-да қайтады. Ал қоғамдық көліктер 18:00-де тоқтайды. Егер 70-бағыттағы автобус жиі кестемен жүрсе, балалар қиналмайтын еді, - дейді.
Гүлмира Динашованың сөзіне қарағанда, «мектептегі барлық мұғалімдер оқушылардың қауіпсіздігі үшін сабақ аяқталғаннан соң аялдамада бір-екі сағат тұрып, оларды автобусқа мінгізіп жібереді». Азаттық тілшісімен сөйлескен кейбір мұғалімдер «Біз де, ата-аналар да бұл мәселені (мектептің жетіспеуін айтады – ред.) айта беріп шаршадық» деп қысқа қайырды. Мектепте жүрген екі сағат ішінде Азаттық тілшісі «жиналысқа кеткен» мектеп директорын кездестіре алмады.
ШЕНЕУНІК ЖАУАБЫ
Шымкент қаласы білім бөлімінің бас маманы Ерлан Пірімқұловтың айтуынша, «үш ауысымда оқитын оқушылардың жолдан ары-бері өтуі, үйге аман-есен жетуі мектеп директорларына тапсырылған, ал мектеп директорлары оны орынбасарларына жүктеп қойған».
- Заң бойынша мектебі жоқ елдімекен оқушылары баратын мектеп үш километрден алыс болса, арнайы көлік бөлінеді. Ал Қайнарбұлақ саяжайы - қала құрамында. Өлшеп көргенбіз - оқушылар ары кетсе бір километр қашықтықтан келеді. Қоғамдық көлікті көбейту керек, - дейді бас маман.
Ерлан Пірімқұловтың сөзінше, «Шымкенттегі үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешу қолға алынған».
- 57-мектеп жақтан 1 мың 200 орындық, 85-мектеп жанынан 900 орындық жаңа мектеп ай соңында пайдалануға берілуі керек. Ал 59-мектеп жанынан 600 орындық, 68-мектеп жанынан 1 мың 200 орындық жаңа мектеп салу үшін жер телімі белгіленді. Келесі жылы салынады. Сайрам тұрғын алабында әрқайсысы 300 орындық екі мектеп салынып жатыр. Сәуле ауданы мен Жаңаталап ауылында, Қайнарбұлақта мектеп салу үшін жер телімі анықталады, - дейді бас маман.
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов үш ауысыммен білім беріп жатқан мектептердің мәселесін шешу үшін 40 миллиард теңге керек екенін мәлімдеген. Министр сөзінше, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесін шешу үшін 40 мектеп салу қажет. Аслан Сәрінжіпов келтірген мәліметке қарағанда, Қазақстандағы мектеп оқушыларының жалпы саны - 2 миллион 700 мың бала.