Қазанның 16-сы күні Шымкенттегі жергілікті «Замана» газетінің сайтына Қазығұрт ауылынан бір отбасының «Сирияға аттанғаны» туралы ақпарат жарияланды. Газет «Олар (ерлі-зайыптыларды айтады – ред.) түн жарымында автобусқа отырып, Бішкекке барған. Бішкектен ұшаққа отырып, Түркияға, одан әрі Сирияға қарай кеткен» деп жазды. Азаттық тілшісіне аты-жөні жарияланғанын қаламаған газет тілшісі:
- Бізге Марат Мәуленовтің әйелінің әпкесі ақпарат берді. Олардың КНБ-да (Ұлттық қауіпсіздік комитетін айтады – ред.) туыстары істейді. Сол арқылы білгенін айтты. Бірақ КНБ оларға қазір «ешқандай мәлімет таратпаңдар» деп қысым көрсетіп жатыр. Сондықтан аты-жөндерін, телефонын бере алмаймын. Бірақ ол кісілер Қазығұрт ауылында тұрады. Біз аты-жөндерін өзгертіп бердік, - деді.
Оның айтуынша, Марат Мәуленовтің отбасымен Сирияға кеткенін «қазір бүкіл ауыл естіп алған». «Бірақ органдар ресми ақпарат таратпай отыр».
«ТАСТАП КЕТКЕН БАЛАҒА АЙТАР СӨЗІМ ЖОҚ»
Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті тілшісі Шымкент қаласынан 60 километр жердегі Қазығұрт ауданы орталығына (Қазығұрт ауылы – ред.) қазанның 21-і күні барды. Тұрғындар Марат Мәуленовтің «қыркүйектің басында әйелін, алты баласын алып, Сирияға кеткенін естігендерін» айтты.
Жергілікті тұрғындар Азаттық тілшісіне Қазығұрт көшесінің 1-үйін көрсетті. Олардың айтуынша, «Бұл үйде қыркүйек айына дейін Марат Мәуленов әйелі, алты баласымен өмір сүрген». Ауласы кең, үлкен үй. Қаңыраған аулада алашамен жабылған көлік тұр. Иен қалған үйден тіршілік белгісі байқалмайды.
Тұрғындар осы үйдің маңындағы Сәбит Мұқанов көшесінде Марат Мәуленовтің зейнет жасындағы әке-шешесі тұратынын айтты. Азаттық тілшісі барғанда әкесі төсек тартып, ауырып жатты. Шешесі Анар апаның жасаураған жанары мен қарлығып қалған үнінен көп жылайтыны байқалды. Қарт әйел Азаттық тілшісіне:
- Ауырып жүрмін. Айналайын, бара ғой. Сөйлеуге шамам жоқ. Мені тастап кеткен балаға айтатын еш сөзім жоқ, - дегеннен басқа тіс жарып ештеңе айтпады.
Оқи отырыңыз: «Сириядағы жиһадшы 150 қазақ» әлеуметтік желіні тіксінтті
Тұрғындар мен көршілерінің, әріптестерінің айтуларынан Азаттық тілшісі Қазығұрт ауданының тумасы Марат Мәуленовтің 44 жаста екенін білді. Ол аудан орталығындағы Ораз Жандосов атындағы негізгі орта мектепте «15 жылдан бері орыс тілі мұғалімі болып келе жатқан». Алты баласы бар. Әйелі Айгүл – үй бикесі. Балаларының үлкені жоғарғы сынып оқушысы болса, кенжесі -«құндақтаулы сәби».
«САҚАЛ ӨСІРІП ЖҮРГЕНДЕРМЕН ҚАТТЫ АРАЛАСТЫ»
Аты-жөнін айтудан бас тартқан көрші келіншектің айтуынша, Марат Мәуленовтың анасы «балаларының Сирияға кеткенін естігенде аңырап (қатты жылап – ред.) қалған».
- Қыркүйектің басында Марат пен Айгүл алты баласын алып, туғандарына «Бішкектен балаларға киім-кешек әпереміз» деп шығып кеткен. Содан бері ұшты-күйлі жоқ. Балаларының бәрін алып кетті. Кеткендерін туыстары да білмей қалды. Жұмыс істейтін мектебінен хабарласса, телефондары сөндірулі болған, - дейді ол.
Көрші әйелдің сөзіне қарағанда, «Мараттың намаз оқи бастағанына 4-5 жыл шамасы болған. Соңғы бір жылда әйелі хиджаб, өзі балағы қысқа шалбар кие бастаған». Аты-жөнін жасырмаған екінші көршісі Досбол Бисенов:
- Сақалы өспейтін кісі (Марат Мәуленовты айтады – ред.) болды-ау деймін. Бірақ сақал өсіріп жүргендермен қатты араласты. Жап-жақсы-ақ адам еді. Ештеңеден таршылық көрген емес. Солармен араласқаннан соң (сақал қойған адамдарды айтады – ред.) ауылдағы той-жиындарға келмей қойды, - дейді.
Your browser doesn’t support HTML5
Ал досы, сыныптасы әрі әріптесі, Ораз Жандосов атындағы орта мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Мұхтар Мәдибеков:
- Марат адамгершілігі зор, жақсы адам. Анасы мұғалім болды. Келіншегі де керемет жақсы әйел. Талай араластық қой. Сабақта оқушыларға мұсылмандық парыз туралы айтқан емес. Бір ауыз қисық сөзін естіген жоқпын. Адамдар ана жаққа (Сирияны айтады – ред.) кетті дейді. Ешкім барып ұстап алған жоқ. Өз басым сенбеймін, - деді.
Мұхтар Мәдибеков қыркүйектің 1-і күні Марат Мәуленовті соңғы рет көргенін айтады. Әріптесі оған «отбасылық жағдайыма байланысты алты айға ақысыз демалыс сұрап, өтініш жазамын» деген.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Сириядағы «қазақ жиһадшылары»
Бірақ Ораз Жандосов атындағы орта мектеп директоры Бақадыр Таушаев:
- Марат Мәуленов қыркүйектің 1-і күні жұмыстан үйіне кеткен. Содан кейін жұмысқа келмеді. Ешқандай өтініш жазбады. Амалсыз еңбек кодексінің 54-бабына сәйкес жұмыстан шығардық, -деді.
Марат Мәуленовтің көршісі Досбол Бисенов «соңғы күндері Марат Мәуленовті ҰҚК қызметкерлері іздеп жүргенін» айтады. Ал ОҚО бойынша ҰҚК департаменті Қазығұрт аудандық бөлімшесі қызметкерлері Марат Мәуленов пен оның отбасы жөнінде Азаттық тілшісіне қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.
Тақырыптас мақала: «Cириядағы ұлымды қайтара алмай келдім»
Қазақстандықтардың Сирияға «жиһадқа» кете бастағаны туралы алғашқы ақпарат екі жыл бұрын қазан айында «150 қазақ жиһадшысы» атты видеомен шыққан еді. Одан кейін де Сирияға кеткен қазақстандықтар, олардың «жиһадшы балалары» туралы бірнеше видеолар жарияланған. Былтыр Қазақстан билігі ИМ қатарында 300 қазақстандық бар, оның жартысы әйелдер деп мәлімдеген.