Қатыгездік құрбандарына көмек жобасы үкіметтен үміттенеді

Көрнекі сурет.

Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету стандарты жобасы таныстырылды. Жоба авторлары мен белсенділер бюджеттен қаржы алудан үміттенеді.

Бұл жоба туралы және оны қабылдау қажеттігі жайлы үкіметтік емес ұйымдар талайдан айтып жүр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар мен адам саудасы құрбандарын паналататын арнайы орындар ашу керек деген ұсыныс та жиі айтылады. Бірақ мұндай жандарға паналау орнынан бөлек медициналық, жұмыспен қамту сияқты өзге де көмек қажет.

КӨМЕК ҚАШАН КӨРСЕТІЛУІ ТИІС?

Алматы қаласындағы әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер қауымдастығы президенті Гүлнұр Хакімжанованың айтуынша, қыркүйектің 17-сі күні таныстырылған жоба авторлары қатыгездік құрбандары уақытша паналайтын орталықтарды мемлекет тарапынан қаржыландыруды ұсынады.

- Әзірше қатігездік құрбандарына көмек халықаралық ұйымдардың қолдауымен ашылған дағдарыс орталықтарында көрсетіледі. Ал мемлекеттік бюджеттен көмек жоқ. Егер біз құрастырған стандарт қабылданса, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру арқылы қаржыландыру мәселесі шешілер еді, - дейді Гүлнұр Хакімжанова.

Халықаралық көші-қон ұйымының Орталық Азиядағы координаторы әрі миссия басшысы Деян Кесерович.

Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҚҰ) да Қазақстанда адам саудасы құрбандарына көмек көрсету мәселесі шешілмеген деп санайды. Ұйымның Орталық Азиядағы координаторы әрі миссия басшысы Деян Кесерович «қатыгездік құрбандарына көмек көрсету шарасы талай жылдарға созылып кетуі мүмкін қылмыстық істерді тергеп-тексеріп біткен соң емес, оларға статус беруден басталуы тиіс» дейді. ХКҚҰ сарапшысы бұл тізімге Қазақстан территориясында қатыгездікке ұшыраған шетел азаматтары да енуі тиіс деп санайды.

Елші әрі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы орталығы басшысы Наталия Зарудная журналистермен әңгімесінде «халықаралық ұсыныстарға сәйкес, Қазақстан қатыгездік құрбаны болған адамның жеке басына қатысты деректерді анықтау жүйесін құрудан бастап, оған көмек көрсету мен оңалту шараларын атқаратын жүйе құруы тиіс» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай ұлттық механизм құрылса, қатыгездік құрбанын тапқан ведомство оны заңдық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсететін мекемелерге өткізіп отыратын жүйе қалыптасады.

- Бірақ әлгі әлеуметтік қызметтерді кім атқаратынын анықтап алу керек. Бұл көмекті тендерде ұтқандар емес, мұндай істерде тәжірибесі бар, кәсіби деңгейі жоғары ұйымдар көрсетуі тиіс. Қазақстанда мұндай ұйымдар бар, - дейді Наталия Зарудная.

Бұл ұсыныстарды Қазақстан үкіметі де талқылағанын айтқан ЕҚЫҰ сарапшысы «енді тиісті жұмыс басталатын шығар» деп үміттенеді.

«ҚАТЫГЕЗДІК ҚҰРБАНЫ КІМ?» ДЕГЕН ДАУ

«Халықаралық құқық бастамасы» үкіметтік емес ұйымы президенті Айна Шорманбаева «Бірақ бұл жоба қатыгездік құрбандарына көрсетілуі тиіс маңызды көмектің үшінші сатысы ғана» дейді.

«Халықаралық құқық бастамасы» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Айна Шорманбаева.

Оның пікірінше, көмек орталығына өзі қашан келеді деп күтіп отырмай, қатыгездік құрбанын әуелі тауып алу керек.

- Біз әуелі ондай адамның жеке басына қатысты деректерді дұрыстап анықтап алуға тиіспіз. Ал көмекті сосын көрсету қажет. Ал жоба авторлары істі аяғынан бастаған. Қазақстанда идентификация мәселесі шешілмеген, азаптауға ұшыраған құрбандарды анықтау жүйесі жоқ. «Ішкі істер органдары туралы» заң бойынша мұнымен криминалдық полиция айналысуы тиіс. Бірақ полиция оларды тапқанымен, тергеушілер қылмыстық іс қозғаудан, әсіресе еңбек құлдығына қатысты іс қозғаудан бас тартады. Ал еңбек құлдығына душар болғандар саны жыныстық қанауға ұшырағандардан әлдеқайда көп. Сөйтіп қатыгездік құрбандары далада қалады, - дейді Айна Шорманбаева.

Құқық қорғаушы еңбек құлдығына тап болған жамбылдық ер адамды мысалға келтіреді. Тергеушілер қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, далада қалған соң ол қоғамдық ұйымнан көмек сұраған. Мұндай жағдайлар әсіресе қияндағы ауылдарда еңбек құлдығына түскендердің арасында жиі кездеседі. Оларды ауыл шаруашылығында немесе құрылыста жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Құлдықтан қашып шыққан жандардың көбі қалыпты өмірге орала алмайды.

- Әдетте мұндай адам құжатсыз қалады. Ал полиция оған құжаттарын қалпына келтіріп, қылмыстық іс қозғап көмектесудің орнына, оларды далаға лақтырып тастайды. Ақшасыз, құжатсыз,үйсіз-күйсіз қалған жан қайда барсын, ақыры тағы да адам саудасы құрбанына айналады, - дейді Айна Шорманбаева.

Мәскеуде 10 жыл еңбек құлдығында болған қызымен көрісіп жатқан әйел. 2012 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)

ХКҚҰ ақпаратына сәйкес, соңғы үш жылда Қазақстанда жыныстық құлдыққа қарағанда еңбегін қанау мақсатымен адам саудалау оқиғалары көп тіркелген.

Халықаралық сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар билікті адам саудасы құрбандарын қорғау мен оларға көмектесудің мемлекеттік механизмін құруға, мұндай жандарға көмектесу үшін ашылып, жұмыс істеп жатқан орталықтарды қолдауға, қатыгездікке ұшыраған жандарды анықтау жолдарын жетілдіруге және бұл тізімге Қазақстанға келіп, кіріптар халге түскен шетел азаматтарын енгізуге шақырады.