ЖАСӨСПІРІМ АНАЛАР
Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданынан Шымкент қаласына жұмыс істеуге келген 16 жастағы Майра (аты-жөні өзгертілді – Азаттық) өзінің жүкті болып қалғанын білгеннен кейін бірге жүрген жігіті тастап кеткенін айтады.
- Аяғым ауыр екенін естіген соң алғашында телефонын өшіріп қоятынды шығарды. Бұрын жиі келіп, кездесіп тұратын едік. Қазір байланысты мүлде үзді, - дейді ол.
Майраның құрсақ көтергеніне қазір 7 ай болған. Басындағы жағдайды жігітінің анасына айтуды ұйғарған қыз тек сөгіс естіпті.
- Ана ғой, жағдайымды түсінетін шығар деп жігітімнің шешесімен сөйлестім. Бірақ ол кісі өзімді кінәлап, кемсітіп, балағаттап шығарып салды, - дейді Майра.
Шымкентте тұратын 15 жастағы Гүлдәуреннің (аты-жөні өзгертілді – Азаттық) жүкті болғанына бесінші ай. Осымен екінші сәбиіне екіқабат болып отырған Гүлдәурен бір жарым жастағы тұңғышының әкесі кім екенін білмейтінін, оны еркінен тыс көтергенін айтады. Жас қыз отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты оқуын кешкі мектепке ауыстырып, жұмыс істеп жүрген кезде зорлыққа ұшыраған, бірақ оны ешкімге айтпаған.
- Асханада еден жудым. Жұмыстан жиі кеш шығатын едік. Сондай күндердің бірінде екі жігіт мені зорлап кетті. Бұл туралы ешкімге тіс жармадым. Ішімдегі бала 7 айға толғанда жүкті екенімді білдім, - дейді ол.
Гүлдәурен алғашқы балаға босанғанда 14 жаста болған. Әуелгіде баладан бас тартпақ болғанымен кейін райынан қайтқан.
- Балалар үйіне тастаймын деп ойлағам, тіпті есігінің алдына дейін бардым. Бірақ тастауға қимадым. Үйге алып келдім. Анам асырап алды, - дейді Гүлдәурен.
Гүлдәурен қазір өзінен екі жас үлкен жігітпен көңіл қосып жүргенін, құрсағындағы баласын әкесі тастап кетпейді деп сенетінін айтады.
- Ол (жігітін айтады – Азаттық.) 16 жасқа толғанымда маған үйленем деп уәде берді. Құрсағымдағы баланы алдырып тастауға қимаймын. Бір жағынан әлі өзім де баламын ғой. Соған өкінемін, - дейді көзіне жас алған жас ана.
ЖЫЛДА ЖҮЗДЕГЕН ЖАСӨСПІРІМ ЖҮКТІ БОЛАДЫ
Оңтүстік Қазақстан облысының бас гинекологы Мира Ерғалиқызының Азаттыққа айтуынша, облыста жыл сайын 600-800 аралығында жасөспірім қыз жүкті болып қалады.
- Ерте жүктілік ауылды жерде көп кездеседі. 16-17 жасында екінші, үшінші рет жүкті болып жүрген қыздар бар. Жасөспірім қыздар физиологиялық жағынан ерте дамып, жетіледі. Басым бөлігінде жүктілік сәтті өтеді. Бірақ уақытынан бұрын босанатындар көп, - дейді ОҚО бас гинекологы.
Маман жасанды түсік (аборт) жасататындар туралы статистика жүргізу мүмкін болмай отырғанын айтады.
- Аймақта жекеменшік клиникалар көп. Дәріханаларда арнайы дәрілер емін-еркін сатылады, - дейді ол.
Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Сапарғалиеваның Азаттыққа берген дерегі бойынша, былтырғы жылдың 11 айында облыста 15-17 жас аралығындағы 312 ана босанған. 286 жасөспірім қыз жүктілер есебіне алынған (2016 жылғы қарашадағы мәлімет). Сонымен бірге аталған мерзімде 21 жасөспірім қыз түсік тастап, алтауы аборт жасатқан. "Жүкті және босану кезінде қайтыс болған жасөспірімдер жоқ" дейді денсаулық сақтау басқармасы өкілі. Ол жасөспірім қыздар арасында сексуалдық зорлықты жасыру оқиғаларын анықтау үшін анонимді сауалнама жүргізілгенін айтты.
- Мектептерде балалардың жыныстық тәрбие жөніндегі білім деңгейін көтеру мақсатында түсіндіру жұмыстары, семинарлар өткізіліп тұрады. Ерікті жағдайда ерте жыныстық қатынасты анықтау үшін мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сенім телефоны арқылы тегін құпия кеңес беріледі, - дейді Айгүл Сапарғалиева.
Жүкті болып қалған қыздың өзі тек соңғы мерзімінде ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Ашық айтудан ұялады.
Облыстың бас гинекологы Мира Ерғалиқызының сөзінше, оқу орындарында ерте жүктілік туралы ақпараттық кеңестер берілгенімен көбіне жастар оны елемейді.
- Ерте жүкті болған жасөспірім қыздар әлеуметтік тұрғыдан көп зардап шегеді. Мысалы, өз ортасында кемсітуге ұшырайды. Оқуын тастауға мәжбүр болады. Қоғамда өзін-өзі кем санап, тіпті суицидке де барады. Олар физиологиялық жағынан жетілгенімен, сана-сезімі әлі бала, - дейді гинеколог.
Маманның пікірінше, ерте жүкті болып қалатын жасөспірім қыздардың жыныстық қарым-қатынас жайлы білімдері кемшін, олар жүкті болудан сақтану туралы мүлде білмейді.
- Жүкті болып қалған қыздың өзі тек соңғы мерзімінде ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Ашық айтудан ұялады. Жастардың ерте жыныстық қатынасқа түсуінің алдын ала алмасақ, онда кездейсоқ жүктіліктен сақтану шараларын үйрету керек. Бізде бұл жағы кемшін, - дейді Мира Ерғалиқызы.
БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қоры (UNFPA) бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлованың былтыр қазанда жариялаған мәліметі бойынша, Қазақстанда қазіргі кезде 15-19 жастағы әр 1000 қыздың шамамен 35-і босанады. Қаладағылармен салыстырғанда ауылды жерде тұратын қыздар арасында ерте жүкті болып қалу көрсеткіші 12 пайызға көп.