Осыдан тура 55 жыл бұрын Никита Хрущев Сталиннің жеке басына табынуды әшкерелеп, совет билігі ойлап тапқан мифтерді жоққа шығарды. Алайда Хрущев өзінен бұрынғы басшыны қаралау, жамандау дәстүрін де қалыптастырып кетті.
Никита Хрущев Совет Одағы халқының төрттен біріне жуығы қоныстанған, ел ауызында «хрущевка» деп аталып кеткен үйлермен, жүгері «эпопеясымен» және БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының мінберін туфлиімен тоқылдатып тұрып, «американдықтардың әкесін танытамыз» деп доқ көрсеткен сөзімен ғана емес, Сталиннің жеке басына табынудың күлін көкке ұшырған «ерлігімен» де халық есінде қалды.
Хрущев 1956 жылы 25 ақпанда КПСС-тің ХХ съезінде Сталиннің жеке басына табыну дәстүрін айыптап сөз сөйледі.
ХРУЩЕВТІҢ «ЕРЛІГІ»
КПСС-тің ХХ съезінде оқыс оқиға болады деген ой ешкімнің қаперінде жоқ еді. Әдеттегідей есепті баяндама жасалып, Орталық комитеттің жаңа құрамы сайланады, алдағы бесжылдық жоспары бекітіледі деп есептелген болатын. Алайда Сталин өлгеннен кейінгі алғашқы съездің соңғы күнінде баяндама жасаған СССР Комунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущев күтпеген жерден айды аспанға бір-ақ шығарды. Арада 55 жыл өтсе де осы баяндама төңірегінде сан қилы пікір айтылып келеді.
Кейбіреулер «Никита Хрущевтің бұл баяндамасы тыныш жатқан қоғамның ұйқы-тұйқысын шығарып, елді тұрақсыздандырды» десе, енді біреулер «осы баяндамадан кейін Сталиннің кезінде қатқан «тоң» жібіп, елде саяси жылымық пайда болды, СССР-дің демократия жолындағы алғашқы қадамдары басталды» деп санайды.
Қалай болғанда да осы оқиға тарихта өте сирек кездесетін жайт еді. Басқа емес, советтік ең жоғары саяси кланның өкілі билік элитасы мен интеллигенцияның көпшілігі білетін, бірақ ашық айта алмайтын саяси дерттің ауызын ашты да тастады. Сталиннің өзі өлсе де, Кремль ішіндегі рухы әлі кете қоймаған кез, сондықтан съезд делегаттары мен шетелдік қонақтар Хрущевтің сөзін демдерін іштеріне тарта тыңдады.
Хрущев «Владимир Ильич Сталинді бас хатшылықтан алып тастауды ұсынды» делінетін Лениннің саяси өсиетінен «Сталин дөрекі, жолдастарына құлақ аспайды, қыңыр және билікті асыра пайдаланады» деген сөздерді
Иосиф Сталиннің сүйегін көтеріп келе жатқан совет басшылары. Солдан оңға қарай: Лаврентий Берия, Климент Ворошилов, Никита Хрущев, Анастас Микоян және Михаил Суслов. Мәскеу, 1953 жыл.
келтіре отырып, Сталинді сын садағына алды. Одан әрі тіпті тереңдей түседі. Никита Хрущев Сталинге «елдің ең мықты адамдарынының көзін жойды», «Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде сағы сынып, сасқалақтады» және «жаппай террор жасады» деген айып тақты.
«Партия Орталық комитетінің мүшелері мен кандидаттарының 70 пайызы, яғни 17 съезге қатысқан 139 адамның 98-і Сталиннің бұйрығы бойынша тұтқынға алынып, атылды. Басқа 1966 делегаттың 1108-і контрревлюцияшыл қылмыс жасады деген айыппен қамауға алынды. 1937 жылы дәл осындай айып тағылып, тұтқындалғандар алдыңғы жылмен салыстырғанда он еседен астам көбейді» деген Никита Хрущев сталиндік зұлматтың бұлтартпас айғақтарын алға тартты. (Хрущев баяндамасының осы және мұнан кейінгі үзінділерін Coldwar.ru веб-сайтындағы мақаладан келтіреміз).
Никита Хрущев әйгілі советтік партия қайраткері Сергей Кировтың жұмбақ қазасының күмәнді тұстарына да егжей-тегжейлі тоқталды. Осы өлімнен кейін Ленинград НКВД-сының басшыларына өте жеңіл жаза тағайындалғанын, ал 1937 жылы оларды атып тастағанын айтты. «Оларды Кировты өлтіргендердің ізін жасыру үшін атып тастады» деді Никита Хрущев.
Никита Хрущевтің баяндамасында «халық жауы» деген ұғымды Сталиннің өзі енгізгені айтылды. Бірақ тарихшылар «Хрущев сталиндік қуғын-сүргін туралы шындықтың бәрін жайып салған жоқ» деген пікір айтады. Өйткені «ұлт көсемі» қылмысты өзі ғана жасамай, өзгелердің де қолымен от көсегені белгілі. Қазір, мысалы, 40 миллион адам саяси қуғын-сүргіннен жапа шекті деп саналады. Бұл тізімге қолдан жасалған «кулактар» мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жер аударылған халықтар да кіреді.
Никита Хрущев баяндамасында «Сталин елді тек кинофильмнен ғана көріп, Совет Одағының экономикасын бетімен жіберді» деп айыптаумен қатар, оны іске алғысыз қолбасшы етіп тастады.
«Сталин Германияның СССР-мен соғысқа дайындалып жатқаны туралы ақпараттарды құлағына да ілмеді. Ал соғыс басталған кезде ол әскери операцияларды глобус арқылы жоспарлады», – деді. Делегаттар аң-таң болды.
ӨЛІ ТЫНЫШТЫҚ
Аты-шулы баяндамасын бірнеше сағат тоқтамай оқып шыққан Никита Хрущев ең соңында: «Бұл мәселелердің партия ішінен сыртқа жайылуына, әсіресе баспасөз бетіне шығып кетуіне жол беруге болмайды. Мұны съездің жабық отырысында талқылап отырғанымыз да сондықтан... Өз ішіміздегі былықты сыртқа шығарудық қажеті жоқ» деді.
Алайда арада күн өтпей пайда болған сыбыр-күбірді мемлекеттік аппарат та, партиялық аппарат та тоқтата алмай қалды. Көп ұзамай Никита Хрущевтің
Совет басшысы Никита Хрущев (оң жақта) және Югославия президенті Иосип Броз Тито БҰҰ Ассамблеясының штаб-пәтерінде. Нью-Йорк, 29 қыркүйек 1960 жыл.
баяндамасымен коммунистік делегация басшыларының барлығы да танысты. Хрущевтің «құпия» баяндамасы сол жылдың 16 наурызында-ақ «Нью-Йорк Таймс» газетінде жарық көрді, әрі қарай әлемдік баспасөз «қол-аяғын жерге тигізбей» іліп әкетті. Совет Одағында баяндаманың негізгі мазмұны тек ауызша таралды, Горбачевтің қайта құруы басталғаннан кейін, 1989 жылы «Известия ЦК КПСС» журналында ғана толық нұсқасы жарияланды. Бірақ оны оқып шыққан аты-шулы съезд куәлары бір жайтқа айран-асыр болды. Өйткені «Известия ЦК КПСС» жазғандай, съезде Хрущевтің сөзіне делегаттар жаппай қол соғып, дүркіреп кетпеген еді. Шындығында, баяндама кезінде өлі тыныштық орнаған болатын.
Одан бері ондаған жылдар өтсе де, тарихшылар әлі күнге дейін әрі-сәрі: «Никита Хрущевті итермелеген қандай күш? Неге сеніп, нені көздеді?»
Біреуді біреуге айдап салу, арандату – оның туа-бітті қасиеті болғанымен, мұндай баяндамадан кейін ел тізгінінен айырылып қалатынын сезбейтіндей соншалық ақымақ емес еді. Өйткені Сталинге шексіз сенетіндердің әлі мұрты да бұзылмаған болатын. Сталиннің тікелей бұйрығымен өлім жазасына кесілген белгілі қайраткерлердің көпшілігінің атылар алдындағы соңғы сөзі «Жасасын жолдас Сталин!» болғаны мәлім.
Никита Хрущевтың осынау тәуекелінің нәтижесі өзі күткендегідей болмағанына айғақтар жеткілікті. Хрущевтің баяндамасынан кейін қоғам екіұдай күйге түсіп, бағыт-бағдарын ажыратудан қалды. Бұрын тыйым салынған мәселелер жөнінде жаңа буынның қойған сауалдарына алдыңғы буын жауап таппай қиналды.
Қазір тарихшылар «Никита Хрущев Сталинің озбырлығын қанша әшкерелесе де, Советтердің авторитарлық билігін сынаудан бойын аулақ салды» деген ортақ пікірге келіп отыр. Яғни, ол жеке басқа табынуды айыптағанымен, өзі осы саяси дертті туғызған жүйені әрі қарай сақтап қала берді.
Никита Хрущевтің баяндамасын тыңдаған көптеген адамдар тарихи әділдікті қалпына келтіріп, елді қуғын-сүргінге салған айыптыларды жазаға тартуды талап етті. Алайда Хрущев пен оның қол астындағылардың оған дәті жетпеді. Енді қалай болушы еді? Сталиннің жеке басына табынуды сөз жүзінде әшкерелеу бір бөлек те, бүкіл елдің саяси құрылысын сынға алу бір бөлек емес пе?
НАЗАРБАЕВ ХРУЩЕВТЕН ДЕ АСЫП ТҮСТІ
Нұрсұлтан Назарбаев та бір кездері өзін көтермелеп, саяси элита қатарына қосқан Дінмұхамед Қонаевқы қарсы шықты. Рас, ол Никита Хрущев секілді бірінші басшының өлімін күткен жоқ. Өзінен үлкен үміт күтіп отырған адамды жалпы жұрттың көз алдында бірінен-бірі өтетін сынмен төпелеп өтті.
Бұл сын Кремльдің тапсырысы бойынша айтылған еді. 1985 жылы билікке келген Михаил Горбачев Саяси бюроның бұрыннан келе жатқан мүшелері секілді Дінмұхамед Қонаевты да ретін тауып қызметінен алуды көздеді.
Съездің күн тәртібі бойынша Қазақ ССР Министрлер советінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ ССР-інің 1986-1990 жылдарға және 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі бағыттарының жобасы туралы» деп аталатын баяндама жасауы керек еді. Бұл жөнінде Дінмұхамед Қонаевпен алдын-ала келісілген де болатын. Ал Нұрсұлтан Назарбаев съезд мінберінде тұрып, ол баяндаманы оқудың орнына, «Қонаев отандық экономиканы құлдыратып, кадр саясатын бетімен жіберді» деген сарындағы айыптауларды тізбелегенде Дінмұхамед Ахметұлы қалай таңғалды десеңізші!
Алайда Кремльдің жоспары іске аспай қалды. Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып бірауыздан қайта сайланды. Съезд ауанын сезе қойған Назарбаев та Қонаевты қолдап дауыс берді. Дегенмен Қонаевтің саяси дәурені бәрібір аяқталды: осы 1986 жылдың соңында оны қайтадан бірауыздан орнынан алып, зейнетке шығарып тынды. Осының ізінше Желтоқсан оқиғасы бұрқ ете түскені белгілі.
Журналист-зерттеуші Мадат Аққозин Назарбаевтың Қонаевты сынауы «қайта құру» кезеңінің талабына сай келді деп жазады. Қазақстандағы қазіргі жемқорлықтың барлығының да түп-тамыры Қонаев дәуірінен бастау алады. Совет республикалырының барлығында да тамыр-таныстық, жең ұшынан жалғасушылық, жікшілдік, парақорлық өріс алды. Хрущевтің орнын басқан совет жетекшісі Леонид Брежнев өзінен бұрынғы бас хатшыны жерден алып, жерге сала жамандаудың жаңа дәстүрін қалыптастырды. Қазіргі Орталық Азияда әлі де сақталып тұрған бұл дәстүрдің негізі осылай қаланған еді.