Тәжікстан ұлттық университетінің тарих факультетінде жаңа курс енгізіліп оқытыла бастады. «Эмомали Рахмон – жаңа Тәжікстанның негізін қалаушы (архитекторы)» деп аталатын курста қазіргі президенттің қызметі және оның кітаптары жайында айтылады.
Тарих факультеті оқытушыларының бірі Азаттық радиосы Тәжік қызметіне осы курстың ақпан айында 32 сағаты өткізілгенін хабарлады. Оның айтуынша, бұл дәріс Тәжікстанның қазіргі президенті Эмомали Рахмонның қызметіне арналады. Осы дәрістер тізбегінде Рахмонның билікке келіп, елде бейбітшілік орнату талпыныстары оқытылады. Бұған қоса президенттің әр жылдары жазған кітаптары туралы қысқаша мәліметтер беріледі.
Тәжікстандағы бұл арнайы курстар «Ұлт көшбасшысы» деп те аталады.
Ұлттық университеттегі тарих факультетінің деканы Саймиддин Раджабов Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында осы лекция курстарында желтоқсан айында қабылданған "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - ұлт көшбасшысы" туралы заңға түсінік берілетінін айтқан. Раджабовтың айтуынша, университет басшылығы қазір білім министрлігімен бұл курстарды пәнге айналдыру жөнінде кеңесіп жатыр. Ұсыныс мақұлданса, бұл курстар жеке пән ретінде оқытыла бастауы мүмкін.
Эмомали Рахмонның қызметі туралы лекциялар курсы енгізілер алдында Тәжікстан мемлекеттік сауда университеті құқық кафедрасының оқытушысы Сиёвуш Наботов орта мектеп пен жоғары оқу орындарында «Ұлт көшбасшысының құқықтық жағдайы» курстарын оқыту жөнінде ұсыныс айтқан еді. Бұл туралы ол шамамен екі айдай бұрын жариялаған болатын.
«Ховар» мемлекеттік ақпарат агенттігінің сол кездегі мәліметіне қарағанда, Сиёвуш Наботов мұндай курсты жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептерде саясаттану және тарих пәндерінің үшін енгізуді ұсынған. Наботовтың айтуынша, Тәжікстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы соғысты көрмеген болашақ ұрпақ сол соғысты тоқтатқан бүгінгі «ұлт көшбасшысы» Эмомали Рахмон екенін білуі керек. Сиёвуш Наботов «ұлт көшбасшысына» ие болуды халықаралық жағдай шиелініскен қазіргідей уақытта мемлекет негізін қалаушыны мойындау ретінде түсіндіреді. Айтуынша, бұл өзін-өзі тану (ұлттық сана) деңгейін де «өсіре» түседі.
Өткен жылы Тәжікстанда кең ауқымдағы үгіт-насихаттан кейін президент Эмомали Рахмонға «ұлт көшбасшысы» мәртебесі беріліп, арнайы заңмен бекітілді. Эмомали Рахмонның өзі желтоқсан айында "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - ұлт көшбасшысы" туралы заңға қол қойған. Осы заң арқылы президент пен оның туыстарына ерекше құқықтар берілді. Заң бекітіле салып, тәжік ақындарының «Пешво» («Көшбасшы») деп аталатын жыр жинағы жарық көрді.
Одан кейін Рахмонның қызы Озада Рахмон президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Осы аралықта Тәжікстан жастар, спорт және туризм комитеті Эмомали Рахмон туралы үздік шығармаларға конкурс жариялады. 20 сәуірге дейін созылатын бұл конкурста үздік деп танылған шығармаларды жеке жинақ ретінде жариялау жоспарланып отыр. Интернетте бұған қоса Эмомали Рахмонды «көшбасшы», «ұлт қаһарманы» ретінде сипаттайтын жаңа әндер де тарап жатыр.
Тәжікстанда конституцияға қазіргі президенттің билігін күшейтетін өзгерістер енгізілген соң референдум өтетін болған. Референдум 22 мамырға белгіленді. Эмомали Рахмон қазіргі конституция бойынша 2020 жылы өтетін президент сайлауына түсуге өтініш бере алмайды. Бірақ референдумда конституцияға өзгерістер мақұлданса, Рахмон сонда ғана сайлауға кандидатурасын ұсына алады.
Өзгерістер жобасында бұған қоса конституциядағы президенттікке үміткердің жасына қойылатын талапты 35 жастан 30 жасқа дейін кеміту туралы ұсыныс бар. Бұл өзгеріс Эмомали Рахмонның үлкен ұлы Рустам Рахмонға 2020 жылғы президент сайлауына кандидатурасын ұсынуына мүмкіндік береді.
Эмомали Рахмонның өзі 1994 жылдан бері үздіксіз Тәжікстан президенті қызметін атқарып келеді.