Тәжікстанда жезөкшелерге мораль дәрістері оқылады

Бетін бүркемелеген тәжікстандық жезөкше әйел. (Көрнекі сурет).

Тәжікстанның билік өкілдері жезөкшелерді кәсібінен жиренту үшін тегін курстар өткізе бастады.

Күнде кешкісін Мәрзия «түнгі клубтағы даяшылық жұмысыма кеттім» деп автобуспен аудан орталығына кетеді. Жақындары мен екі баласы оның қандай жұмыс істейтінен бейхабар. Бұдан былай ол әр үш аптада бір рет жергілікті полицияның ұйымдастыруымен өткізілетін мораль сабақтарына қатысатын болды.

Тәнін саудалап, ақша тауып жүрген Мәрзия сияқты 30 әйел жезөкшелік кәсіптен жирентуге бағытталған жаңа бастама негізінде ашылған курсқа қатысуға ниет білдірген. Хатлон аудандық отбасы және әйелдер істері бөлімі басшысының орынбасары Кумринисо Сангалиеваның айтуынша, бұл жобаның мақсаты - «адасқан әйелдерді тура жолға түсіру». Жақында аталған бөлім Тәжікстандағы алғашқы курстарын бастаған.

ЖЕЗӨКШЕЛІК ҚЫЛМЫС ЕМЕС

Халқының басым бөлігі мұсылмандардан тұратын Тәжікстанда жезөкшелік әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады. Оны кәсіп қылғандар айыппұл төлеп құтылады. Тек екінші мәрте қолға түскен жағдайда қысқа мерзімге қамауға алынады. Дегенмен, ол қылмыс қатарына жатпайды.
Азаттық тілшісі жезөкшелікті кәсіп етіп, бірнеше мәрте қолға түскен әйелдерден құралған топтың алғашқы сабағына қатысып көрді.

Дәрігер, құқық қорғау қызметкері және үкіметтік емес ұйым өкілдерінен тұратын дәріскерлер қатысушыларға моральдық құндылықтар туралы әңгімелеп, жұмысқа тұрудың жолдарын үйретеді.

Полиция өкілі жезөкшелердің қылмыс құрбаны болу қаупін, соның ішінде адам саудалайтындардың құрығына түсулері мүмкін екенін айтса, дәрігерлер жыныстық жолмен жұғатын аурулар туралы ескертеді.

"АЛДЫМЕН ЕРЛЕРГЕ ДӘРІС ӨТСІН"

Хатлон аудандық отбасы және әйелдер істері бөлімі басшысының орынбасары Кумринисо Сангалиеваның айтуынша, тек қана аудиториядағы дәріспен жеңіл жүрісті әйелдерді кәсібінен бас тартқызу өте қиын. Сондықтан, үкіметтік мекемелер оларды «қайта даярлап, жұмыс табу мүмкіндіктерін арттыру жайын» да ойластырып жатыр екен.

- Дәріске қатысуға келісіп жатқандар да, бас тартқандар да бар, - дейді Кумринисо Сангалиева.

- Үкіметтегілер алдымен ерлерге дәріс өтсін. Олар еркектерге ажырасқан соң әйел-баласын алиментсіз тастап кетпеу қажеттігін үйретуі керек, - дейді Гүлсара.Өзін Гүлсара деп таныстырған дәріске қатысушы әйел «түнгі рейд кезінде ұстап алған полицейлер талап еткен соң келіп тұрмын» дейді.

Жұмысы, ешқандай кәсіби білігі жоқ Гүлсара Ресейде маусымдық жұмыс істеп жүрген күйеуі тастап кеткен соң, «басқа амалы қалмағаннан» көшеге тәнін саудалауға шыққан.

- Мұным дұрыс емес екенін білемін. Маған жұмыс берсін, сонда бұл кәсіпті қоямын. Ешкім өз қалауымен жезөкше болмайды, - дейді Гүлсара.

Тәжікстанның денсаулық сақтау министрлігі былтыр қарашада бүкіл ел аумағындағы жезөкшелер арасында өткізген сауалнама қорытындылары бойынша сұралғандардың 80 пайызы «табысы төмен болғандықтан осы кәсіпке барғандарын, жұмыс табылған жағдайда бұл істі тастайтындарын» айтқан.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Тәжікстанның басты проблемасы – жұмыссыздық. Соның кесірінен елдің 1,2 миллион азаматы Ресейде маусымдық жұмыс істеп жүр.

Қазан айында парламент жезөкшелердің жазасын күшейтіп, айыппұл көлемін 150 АҚШ долларына дейін көтерген. Қайталап құқық бұзғандар екі аптаға дейін қамауға алынады.

Дегенмен, депутаттар жезөкшелерді қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсыныстарды қолдамады, олардың айтуынша, бұл шара жезөкшелікті тоқтата алмайды.

Хатлонда жүргізілген арнайы рейд барысында 70-ке жуық жеңіл жүрісті әйел ұсталған, дегенмен жезөкшелер саны бұдан анағұрлым көп дейді тәртіп сақшылары.

2013 жылы үкімет елде "түнгі көбелектер" саны күрт артқаны туралы мәлімет жариялағаннан бері бұл кәсіппен айналысқандарды қылмыстық жазаға тарту жөнінде бастама көтеріліп жүр. Әсіресе Душанбе мен басқа да қалаларда кәмелеттік жасқа толмаған қыздар жезөкшелікті көп кәсіп қылады.

Сол жылы мемлекеттік әйелдер істері комитеті 1 мың 641 жезөкшені тіркеуге алғанын хабарлады. Бұл сан алдыңғы жылға қарағанда 25 пайызға өскен. 2014 жылы полиция Душанбеде 275 бордельді тапқан, оның алдындағы жылы қалада 180 бордель ашылған еді. Жалпы, Тәжікстан аумағында қанша адамның жезөкшелікпен айналысатыны туралы нақты статистика жоқ.

Хатлонда жүргізілген арнайы рейд барысында 70-ке жуық жеңіл жүрісті әйел ұсталған, дегенмен жезөкшелер саны бұдан анағұрлым көп дейді тәртіп сақшылары. Олар көбіне «клиенттерін» базарлар мен түнгі клубтардың, автобус аялдамаларының қасында күтіп тұрады. Кей әйелдер топтасып тұратын болса, Мәрзия сияқты басқалалары саяқ жүреді. Мораль дәрісі біткен соң Мәрзия қала базарының қасындағы үйреншікті орнына қайта барып, кәсібіне кірісті. «Үкімет өкілдері лайықты жұмыс тауып береді деп үміттенемін» дейді Мәрзия. Алдағы дәрістердің бірінде ол дәріскерлерден осыны анықтап сұрап алмақ.
Әзірге ол тек пайдалы ақпарат жинап, кетіп бара жатқанын айтады. Жыныстық жолмен таралатын аурулардың белгілерін, тегін тексеруден өткізетін емханалардың мекен-жайларын білгенінің өзі ол үшін үлкен олжа.

Фарангиз Наджибулла мен Орзу Каримның материалы ағылшын тілінен аударылды.