Рэпер Тәкежан Өтеғалиев биыл алғашқы ән жинағын шығарды. Жуықта ереуілдеген мұнайшыларды қолдаған мәлімдемесі оған жұрт назарын аудартты.
Тәкежан Алматыдағы концерттен түсетін ақшаны ереуілдеген мұнайшыларға аударып беруді жоспарлаған, бірақ ол мақсаты іске аспады. Азаттық радиосына берген сұқбатында: «Тәуелсіз адамдар шоу-бизнестен орын таппайды. Қазақстанның қоғамдық өмірі мен мәдениетінің көптеген салалары сияқты, мұнда да цензура мен тамыр-таныстықтың әмірі жүріп тұр. Жең ұшынан жалғасу бар» дейді әнші.
– Тәкежан, өзіңіз жайлы айтып беріңізші.
– Менің - Таразданмын. Алматыға он жыл бұрын келдім де, қазақстандық шоу-бизнесте бақ сынап көрмек болдым. 2000 жылы ресейлік шоу-бизнеске араласып көрмекке талпыныс жасадым. Сол кездері менің орындауымдағы Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» әні көп сөз болды. Ол «Жігіт сөзі» деп аталады. Оны ресейлік MTV телеарнасы «Казахская задорная» деп таныстырды.
Бірақ оның танымалдығы баянды болмады. Тас-талқанын шығарып, сынап тастады. Ол сәтсіз әндер хит-парадтарының барлығында ең жоғары орындарды иемденді, оның ішінде «Щит-парад» та бар.
Осындай сәтті де сәтсіз тәжірибеден соң осында, Қазақстанда өнерімді байқап көрдім. Түк шықпады. 2004 жылдың шамасында шарасыздықтан әлеуметтік тақырыпқа ән жаза бастадым. Интернет пен алматылық барахолканы өзінше дүрліктірген алғашқы әндердің бірі «Дорогу, дорогу, жол, жол» деген ән еді. Одан соң «Южане», «Агашкин рэп» және «Казахский канкан» әндері шықты.
«АГАШКАЛАР» МЕН ӘЖУА
– Қазақ тілді тыңдармандар сізді қалай қабылдады?
– «Казахская задорная» әні Ресейде шу көтергендіктен қазақ тілді тыңдаушылар арасында маған қатты сын айтылды. Мен ұлы Абайдың өлеңдерін масқаралаппын, бейне клипте осы ұлы шығармаға оғаш билеппін.
Бұл әнді кейбір аймақтардағы концерттерімде орындай бастағанымда, кейбір адамдар жаныма келіп, «Бұл әнді орындама!» дейтін. Ұрсып жататын. Бір ата мені таяқтамақ та болды. Мені әнші ретінде осылай жақтырмай жатты. «Дорогу, дорогу, жол, жол», «Агашкин рэп» әндері шыққан соң орыс тілділермен қатар екітілді қазақтардың да арасында қолдау көрсетушілерді көбірек байқай бастадым.
Тіпті «Чукоткадағы» (Алматыдағы танымал клуб – Азаттық радиосы) ән кешімде де бір музыкант келді. Ол маған қатты алғысын айтып, «Казахский канкан» әнін қазақ тіліне аударуды сұрады. Оған әннің мағынасы ұнап қалған екен. Мен де енді ол әнді қазақ тіліне аударып, өзім айтпақ болып жүрмін.
– Сіз бай шенеуніктерді күлкі қыласыз. Әндеріңізге арқау болған адамдармен араласып тұрасыз ба, олар қалай қарайды?
– Жоқ. Жоғары қызметтегі шенеуніктердің тойларында әлеуметтік өткір әндерді орындаған емеспін. Олар мені тіпті танымайтындай көрінеді. «Агашкин рэп» әнін естісе де, олар мұның әжуа екенін түсінбес. Мен оларды мысқылдап сынап жатқанымды, мұның сырт көз халықтың көзқарасы екенін түсінбес. Олар өздерінің тойынып алғандарын халық білетінін көрмейді. Түсінбейді. Олар қызметтеріне жармасып, қалталарын қампайтып жатыр.
Егер олар менің атымды естіп қалса: «Иә, біз керемет «агашкалармыз». Соның дәл өзіміз, Тәкежан. Теңіз бен мұхиттардағы аралдарды сатып аламыз, сұлу қыздарды аздырамыз. Біз – Қазақстанның суперэлитасымыз. Біздің ақшамызды көргенде ресейлік эстраданың кез-келген жұлдызы аянбай қызмет көрсетеді. Біздің ақшамызға «ВиаГра» тобы кез-келген назымызды орындайды. Иә, бұл – біз ғой» дейтін сияқты.
Менің режиссер досым бар. Ол бір лауазымды «агашка» туралы деректі фильм түсірді. Ол кісі Қазақстан ғана емес, дүниежүзінің Қызыл кітабына енгізілген жануарларды пулеметпен атып алады екен. Ол бұл қылығына қысылмайды, ұялмайды: туысқандарына, жақын достарына тарих болып қалғанын қалады. Бірақ қарапайым халық түсінеді, «Агашкаларды» әжуалап, түйреп-түйреп алдың» дейді. Біразы «Жарайсың, ер екенсің», «Рақмет» деп жатады.
ҚҰЛДЫҚ ПСИХОЛОГИЯ
– Әлеуметтік ащы әндермен теледидарда жұлдыз бола алмайтыныңызды түсінесіз бе?
– Мен о бастан «бейне клипім теледидардан көрсетілсе екен» деп, әнші не тележүргізуші болуды көздедім. Бұл қолымнан келмеді, содан интернетте бір амалын жасауға тура келді. Әнсіз өмір сүре алмаймын. Рас, кейде уайымға салынып, торығып жүремін. Не шара – тірлік жасау керек қой.
Кейін темекі тартуға қарсы әніме лайықты бейнебаян түсірер деп үміттенемін. Оны теледидардан көрсетер. Әлеуметтік ащы ән ретінде емес, жасөспірімдерге осы зиянды әдетті жеңуге көмектесетін ән ретінде. Телевизиядағы саясат өзгеретін шығар.
– Шоу-бизнесте орнын тапқан әншілер жайлы не дейсіз?
– Біздің шоу-бизнеске әлдебір жаңа қарқын әкеле алатын, мәдениет қайраткері бола алатын жастар әндері жазылған таспаларын ағаларына әкеліп көрсеткенде еститіндері – «Жоқ, мұныңнан ештеңе шықпайды, әніңнің ешкімге қажеті жоқ, сенің әлеуметшіл сарыныңды ешкім керек қылмайды, шындығың ешкімге керек емес» деген сөздер.
Сөйтіп осындай дарынды жігіттер мен қыздар құрдымға кетіп жатыр. Олар міндетті түрде әлеуметтік әндер болмаса да, жалпы қазақ музыкасын ілгері жылжыта алар еді. Шоу-бизнестен орындарын тапқандар – біреулердің көңілдестері, жиендері, туыс-туғандары, телеарнадан кем дегенде бір ай түспеуге ақшасы жететіндер. Осы адамдар орындарын тауып, жұлдыз болып жатса, о бастан тәуелсіз шығармашылық адамы ретінде саналмайды.
– Жас әншілерге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Конъюнктураға көніп, біздің шоу-бизнестің форматтарына икемденуге тым қатты тырыспасын деп тілер едім. Батыста орындаушыға көбірек бостандық беріледі. Ресейде бұдан кемдеу, ал Қазақстанда тіпті қиын болып отыр.
Менен әндерімнің кесірінен қудалап жатқан-жатпағанын жиі сұрайды. Мен «жоқ», «бәрі дұрыс» деймін. Ән жазып, оны интернетте жариялаймын. Бір жылдан соң бұл ән хитке айналады. Құлағым тыныш: мерекелерде, концерттерде, үйлену тойларында, мерейтойларда ән айтамын. Адамдар жоғарыдан әлдебір алапат цензура басып-жаныштап, төніп тұрғандай көреді – адамдардың өздері іштей қорқады.
– Ал сіздің ішкі цензураңыз бар ма?
– Бар, болмағанда. Әнді интернетте жария етесің, түрлі комменттер жазылады. Бәрібір ойланасың, «бұл ролик интернетте қандай әсер қалдырады, адамдар қалай қабылдайды» деп ойлап, бәрібір уайымдайсың.
«БӘРІН БҮРКЕМЕЛЕП ЖАТЫР»
– Қазақстанның батысындағы мұнайшыларды қолдауыңызға не себеп болды?
– Мен ақпаратты интернеттен алдым. Ол жақта әлдеқандай қуғын-сүргін жүріп, тұтқынға алып жатқанын, билік жаныштау үшін тым қатаң шаралар қолданып жатқанын сұрап білдім. Бұны бүркелемегенде ғой… Мұның бәрі ашық болып, әр жерде проблеманың бары көрсетіліп жатса, бәлкім, әлдебір мүдделі сыртқы күштер бар шығар, осының бәрі мәлім болып отырғанда – негізінде, «Хабарға» да сенуге болар еді.
Ресми бұқаралық ақпарат құралдарын қарасақ, онда тіпті бірде бір сюжет жоқ. Күдік тудырып отырған – осы. Егер сыртқы күштер мүдделі болса, сюжет көрсетіңіздер, пікірлеріңізді айтыңыздар. Ашық диалогқа кірісіңіздер. Халыққа проблеманы айтып беріңіздер. Мұның бәрін керісінше жаныштап басып, көрсетпей, жария етпей тастауға тырысады. «Барлығы жабулы күйінде қалсын» дейді. Қанша адамның жапа шеккені – маңызды емес; қанша адамды жұмыстан босататыны – маңызды емес. Ең бастысы – мұның бәрін жаныштап, сыртқа шығармағаны.
Осыны көргенімде сезіктене бастаймын. Ол жақтағы ахуал шынымен соншама ауыр шығар. Жұмыс барысын қате ұйымдастырып, ақшаны қате бөліп беріп отырған әкімшілік шынымен кінәлі болар. Еңбекақыларды әділетсіз бөліп отырған шығар. Мен осы көзқарасты құп көре бастадым. Сол себепті билікке бұрынғыдан аз сенетін болдым. Себебі билік бәрін бүркемелеп жатыр.
– Сұқбатыңызға рақмет.
P.S. Қыркүйектің басында рэпер-әнші Тәкежан Маңғыстау облысындағы ереуілдеген мұнайшыларға көмек қорына 45 мың теңге (шамамен 300 АҚШ доллары) аударды.
Рэпер Тәкежан туралы видеоны қараңыз:
Your browser doesn’t support HTML5