Желідегі кәсіпкерлерді салық төлеуге міндеттеді

Интернет-клубта әлеуметтік желінің бірін қарап отырған адамдар. (Көрнекі сурет)

Тауарларын әлеуметтік желілер арқылы сататын қазақстандық кәсіпкерлерді салық төлеуге міндеттеді. Бірақ кей экономистер «бюджеттің жыртығын бұлай жамай алмайсың» деген уәжбен бұл амалдың тиімділігіне күмәнданады.

Алматылық Болат Айдосов екі жылдан бері Instagram әлеуметтік желісі арқылы автомобильдің қосалқы бөлшектерін сатады. Бірақ ол жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік кіріс комитетіне әзірше тіркеуге тұрмаған.

Азын-аулақ тиын-тебенімді мемлекетпен бөліскім келмес еді. Жылдық кірісім 12 айлық есептік көрсеткіштен асады, сондықтан мына жаңа өзгерісті мүлде құптамаймын. Жуырда жұтқан ауамызға да ақша төлейтін шығармыз.

- Әр тауардан үш мыңнан 10 мың теңгеге дейін пайда түседі. Қазақстан бойынша жұмыс істеймін, қалалардың бәрінде клиенттерім бар. Азын-аулақ тиын-тебенімді мемлекетпен бөліскім келмес еді. Жылдық кірісім 12 айлық есептік көрсеткіштен асады, сондықтан мына жаңа өзгерісті мүлде құптамаймын. Жуырда жұтқан ауамызға да ақша төлейтін шығармыз, - дейді Болат Айдосов Азаттыққа.

Қазақстанда тауарын интернет-ресурстар арқылы сататын кәсіпкерлерді былтырдан бері мемлекетке салық төлеуге міндеттеген. Интернет-пайдаланушылар мен әлеуметтік желі саудагерлерінің ең көбі Алматы қаласында болып шықты. Алматы қаласы мемлекеттік кіріс департаментіне қарасты түсіндіру басқармасы бастығы Еділ Әділшайық мұның себебін Қытай жақын орналасқандықтан деп түсіндіреді.

- Тауарларын әлеуметтік желілерде сататын адамдарға арналған бөлек заң жоқ. Барлық саудагер, кәсіпкерлерге қойылатын талап оларға да қойылады. Әркімнің өз кірісі бар, сондықтан біз жаңа ештеңе ойлап тапқан жоқпыз. Кез келген жеке кәсіпкер мемлекетке салық төлеуі тиіс деген заң Қазақстанда баяғыдан бар, - дейді Еділ Әділшайық Азаттыққа.

Кез келген жеке кәсіпкер мемлекетке салық төлеуі тиіс деген заң Қазақстанда баяғыдан бар.

Басқарма бастығының айтуынша, қазақстандықтар тауарларын қандай әлеуметтік желілерде жиі сататыны туралы белгілі бір статистика жоқ. Бірақ жылдық кірісі 12 айлық есептік көрсеткіштен асса, әлеуметтік желідегі кәсіпкерлер тіркелуге міндетті. Бұл жағдайда ол кез келген табысынан екі пайызын мобильді банкинг, яғни интернет арқылы немесе кәдімгі банктер арқылы қазынашылық есеп-шотқа аударып, салық төлеуі тиіс.

Ведомство өкілінің айтуынша, енді мемлекеттік органдар әлеуметтік желідегі бизнесті ұдайы қадағалап отырмақ. Егер кәсіпкер мемлекеттік кіріс комитетіне тіркеуге тұрмаса, билік өкілдері әуелі ескерту жасайды, ал талапты орындамаса, әкімшілік айыппұл салады.

Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитеті бұған қоса қыркүйектен бастап Apple мен Google халықаралық компанияларына да салық салмақ. Шенеуніктің сөзінше, екі компаниямен келіссөз жүргізіліп қойған.

Google кеңсесінде отырған қызметкер. (Көрнекі сурет)

- Олар заңды бұзбауға тырысып, кірісінің үш пайызын Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне аударып тұрады деп үміттенемін. Егер компаниялар заңды орындамаса, тауарлары сот шешімімен тәркіленеді. Мұны корпорация өкілдеріне түсіндірдік, енді екі жаққа да ұтымды нәтиже шығады деп үміттеніп отырмыз, - дейді Еділ Әділшайық.

«ЖЫРТЫҚТЫ ЖАМАУ» МЕН ҚАЖЕТТІ ҚАДАМ

Қазақстандық экономистер әлеуметтік желідегі бизнеске салық салудың тиімді тұстарын да, жаман жақтарын да байқаған. Олар мемлекетті интернет-кәсіпкерлерге қатысты шараларды күшейтуге халықаралық дағдарыс итермеледі деп санайды.

Экономист Ілияс Исаевтың пікірінше, билік мемлекеттік бюджетті осындай амалмен толтырып, «жыртығын жамағысы» келеді. Ол электрондық дүкендер баяғыдан бар, бірақ бұрын мұндай мәселе қозғалмаған дейді.

Қазақстан билігі бұл қадамға бюджетті толтыру амалдарының бірі ретінде жүгініп отыр.

- Әлеуметтік желідегі кәсіпкерлер салық төлеуі тиіс деген ақпаратты теледидардан естідім. Халықаралық стандарттың қандай екенін білмеймін, бірақ [әлдебір елде] тауарын әлеуметтік желіде сатушылар салық төлейді дегенді әйтеуір естімеппін. Қазақстан билігі бұл қадамға бюджетті толтыру амалдарының бірі ретінде жүгініп отыр, - дейді Ілияс Исаев.

Экономист «бағалары қымбат үйреншікті дүкенге қарағанда, тауарды электронды дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы сатып алу көп арзанға түседі. Биліктің қисыны түсінікті: шенеуніктер саудагерлердің тауар айналымы ұлғая бастағанын байқап, оны пайдаланып отыр. Бірақ Исаевтың пікірінше, мелекеттік бюджет жыртығын бұлай жамау мүмкін емес. Қазақстандық экономист мемлекеттік бюджетті отандық өндірушілер есебінен толтыруды ұсынады. Бұл үшін өңделген тауар шығару саласын дамыту керек.

Тәуелсіз экономист Лейла Әнуарқызы бұл бастаманың болашағынан үміттенеді.

Қазақстандағы үкімет отырысы. (Көрнекі сурет)

- Шенеуніктерді де сөгуге болмайды, бұл - қажет әрі дұрыс шешім. Қазір қай жерде болсын, дағдарыс. Кірісін мемлекетпен бөліссе, саудагерлер кедейленіп қалмайды, - дейді Лейла Әнуарқызы Азаттыққа.

«Медиа-Систем» агенттігі дерегінше, Қазақстанда әлеуметтік желіні жиі пайдаланатындар саны 3,3 миллион адам. «ВКонтакте» әлеуметтік желісі - қазақстандықтар арасындағы ең танымал желі. Instagram желісі қызметін 1,336 миллион қазақстандық, әсіресе әйелдер көп пайдаланады, бүкілқазақстандық пайдаланушылардың 71,9 пайызы - әйелдер. Одан кейін жиі пайдаланылатын желілер рейтингінде - «Мой мир», Facebook, «Одноклассники» және Twitter тұр.