Теміртау токсикомандары негізінен «Арселор Миттал Темиртау» металлургиялық комбинатының аумағын паналайды. Комбинат маңында өзгеше иісі бар түссіз сұйықтық - толуол жеткілікті. Бұрынғыдай емес, енді олар қаланың жылу трассаларының маңынан көп көрінбейтін болды. Көбі бұл дүниемен қош айтысып үлгерген.
Ағайынды Михаил мен Тарас - бұрынғы токсикомандар. Екеуі Азаттық радиосына толуолдың тұзағына қалай түскендерін және одан қалай құтылғандарын айтып беруге келісті. Алайда толық аты-жөндерін атамауды, суретте көздерін көрсетпеуді сұрады.
ЖЫЛУ ТРАССАСЫН ПАНАЛАУ
Тарас пен Михаил кедей отбасыдан шыққан. Жұмыссыздықтан ішіп кеткен әкесі бала-шағасының шырқын бұзып, айғай-шу шығарған соң қараусыз қалған балалар үйден қашып кетуді әдетке айналдырыпты. Екеуі аз-маз ақша табу үшін базарда жүк тасыған, аула сыпырған. Еңбектеріне кейде мардымсыз ақша төлейтін, кейде тамақ береді.
Кейіннен ағайынды екеу үйден мүлде безіп, мектепті де біржолата тастаған. Қаланың ортасындағы жылу трассасын паналайтын болыпты. Ол маңда өздері сияқты он шақты қаңғыбас балалар жиналатын. Жас балалар осы арада темекінің дәмін татып, ішімдік пен есірткіге құмарта бастаған. Көп ұзамай «кайф» атаулының ішіндегі ең арзаны - толуолға көшеді. Олар шүберек, кейде киімінің жеңін толуолға шылап алып, иіскеп жүрген.
- Басында әкем мені ұстап алып, қайта тәрбиелемек болды. Бірақ мен бой бермедім. Мүлде далабезер болып, үй бетін көрмей кеттім. Жылу трассасын паналадым. Уытты затты иіскеп, елестерге шомасың. Толуол
Ол бірнеше жыл осылай өте шыққанын айтып: «Ауыстыратын киім жоқ. Кір сіңген киіміміз денеге жабысып, бит-сірке денемізді дуылдатып, жан таптырмайды. Жазда әйтеуір кейде көлге шомылып аласың. Ал қыста үстімізге су да тимейтін» деді.
- Бит денемізді түк қалдырмай талап тастайтын. Бірде аяғымның терісін қан-жоса етіп тырнап тастаппын. Жарам үлкейіп кетіп, қанай берді. Шұлығым жабысып қалып, шешкен кезде терісі бірге сыпырылатын. Жарам асқынып, тіпті жүре алмай қалған кездерім болды. Ауырғаны сондай, таяққа сүйеніп қалдым. Жылға жетпей өлетін шығармын деп ойладым. Халім мүшкіл болды, - дейді Михаил.
ТОЛУОЛДЫҢ БІР ДОЗАСЫ - БЕС ТЕҢГЕ
«Базар жағалап, комбинат құбырларының астын, жылу трассалары мен құдықтарды паналау - мүлде басқа өмір» дейді бұрынғы қаңғыбастар. Бұл әлемнің өз заңы бар.
Ағайынды Тарас пен Михаилдің сөзіне қарағанда, кімнің қолында толуол болса, соның әмірі жүреді. Жергілікті токсикомандар бір доза толуол сұрап, бұларды айналсоқтап қастарынан шықпайтын болыпты. Бағасы - бес теңге. Теміртауда толуол сататын бірнеше жер болғанын айтқан Тарас:
- Бес теңге төлесең, шүберегіңді бір рет шылап береді. Бірақ кейбір серіктеріміз оны тартып алуы мүмкін. Сондықтан көбі толуолды жеңіне құйып алады да, иіскеп
Ағайынды екі жігіттің сөзіне қарағанда, әркімнің базарда өз орны болады екен.
- Кейде түнде ұйықтап жатқанда жақын маңда біреуді зорлап жатады. Ақыры төзімім түгесілді. Тіпті толуолдан да қайыр болмады. Үйлері бар балалар жиылып келіп, тісімізді сындырған күндер де болды. Екі кезбенің үстіне толуол құйып өртеп жіберді. Бізді сақшылар ұстап алып, Қарағандыдағы қаңғыбастарды қабылдайтын орынға жіберді. Бірақ жасымыз асып кеткендіктен бізді босатып жіберді, - дейді Михаил.
КЕЗБЕЛЕРГЕ КӨМЕК
Жергілікті шіркеуде тегін ыстық тамақ таратылатынын естігенде ағайынды Тарас пен Михаил өлі мен тірінің арасында жүрген екен. Шіркеу қызметшілері екеуін тамақтандырып, жуындырып, таза киім беріпті. Бірақ екеуі үнемі жылу трассасына
- Бірте-бірте кезбелік өмірді қоя бастадық. Шіркеу қызметшілері үйге қайтуымызға ықпал етіп, жұмыс тауып берді. Дінге деген сенімімізді оятты. Қазір ағам екеуміз құрылыс фирмасында істейміз, жөндеу жұмыстарымен айналысамыз. Басында зембіл көтерген кезде күшім жоқ, әрі науқаспын - әлім келмей құлап қалатынмын. Сауатымызды ашып, оқу мен жазуды үйрендік. Ағам хат тани бастағанда жарнамаларды оқып, көше жағалап кететін. «Ломка» басталғанда мені Петровкаға жіберді. Ол жерде оңалту орталығы бар. Таза ауа мен еңбек бірте-бірте оңалуыма көп көмектесті, - дейді Михаил.
Қазір ағайынды жігіттер арнаулы орта білім алуды жоспарлап жүр. Үйлі-баранды болғылары келеді. Өздерінің айтуынша, қазір толуолға жоламайды, темекі де тартпайды, арақ та ішпейді. Енді олар өздері сияқты тағдырластарына көмектеспек.
- Егер ниеті болмаса, адамды токсикомания тозағынан шығарып алу өте қиын, тіпті мүмкін емес. Мұны өзіміздің тәжірибемізден білеміз. Сондықтан токсикоман балалармен бірден қатты сөйлесеміз. «Не кезбелікті таңда, не тамақ пен жұмысты таңда!» деп үзілді-кесілді талап қоямыз, - дейді ағайынды екі жігіт.
ТОКСИКОМАНДАР КОМБИНАТТЫ ЖАЙЛАП АЛҒАН
Осыдан бірер жыл бұрын металлургия комбинатының аумағында 20 токсикоман қаза тапты. Олар бір бункерге кіріп жатқан кезде жарылыс болыпты.
Бұрын токсикомандар қаланың жылу трассаларын паналайтын, ал қазір көбі толуол үшін комбинатты жайлап алған. Толуолды бөшкеден ұрлайды. Үйсіз-күйсіз қаңғыбастар мен токсикомандардың айтуынша, металл қалдықтары көп, жылы жертөлесі бар завод - жұмақтың төрі сияқты.
Былтыр комбинатта жүргізілген рейдтердің бірінде цехтың кейбір жұмысшылары қаңғыбастарды полицияға өткізуден қорқатындарын айтыпты. Өйткені қаңғыбастар кекшіл келеді екен. Егер ренжітіп қойсаң, кек қайтаруы да мүмкін. «Дайын металл өнімдері тұрған ыдысқа бірдеңе тастай салса бітті - бүкіл өнім ертең жарамсыз болып шыға келеді» дейді зауыт жұмысшылары.
Тұрақты мекені жоқ 28 жастағы жігітті завод аумағында өсті деуге болады. Ол токсикоман болған. Енді мұндағылар оған қосымша жұмыс та тауып беріпті. Оған еден сыпырғаны үшін ақша мен тамақ береді екен. Цехтың жертөлесінде түнейді. Ешкімге залалы болмағасын, оған да ешкім тиіспейді.
Теміртауда қаңғыбас болып кеткен тұтас отбасылар да бар. Мәселен, шешесі, баласы мен келіні, келінінің құрбысы бірігіп, комбинаттың аумағын паналайды. Олар жазда жергілікті су қоймасы маңында күн көреді екен.
- Комбинатты паналағанымызға бір жыл болып қалды. Мына жер - жылы, ыстық суы да бар. Өзіміз темір-терсек жинап күнелтеміз. Тазалау жұмыстарына жалданамыз.
Оның токсикоман ұлын бірнеше мәрте полиция бөлімшесіне әкетіпті, бірақ үнемі босатып жіберетін көрінеді. Айтуларынша, бұл жерден оларды дүркін-дүркін қуып тұрады. Ұстап алса, ұрып-соғады екен.
- Міне, қараңызшы, ұрғанда жағымды сындырып жіберді. Біз жертөледе тамақтанып отырғанбыз. Бір кезде біреулер келді де, мені ұрып тастады, - дейді тұрақты мекені жоқ Оксана.
Теміртау қаласының ішкі істер басқармасындағылардың айтуынша, жасы ересек токсикомандар мен қаңғыбастарға істер айла жоқ. Өйткені бейімдеу орталығы болғанымен, олар онда тұрақтамайды. Рейд кезінде токсикоман балалар табылып жатса, олар жайында қамқоршы органдарға, егер бар болса, ата-анасына хабар беріледі. Полициядағылар токсикоман балаларды анықтаудың арнайы шаралары Теміртауда өткізілмейтінін айтты.